Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  149


Автор: Түрікмен поэзиясы

ШӨЛДЕГІ ЖАҢБЫР

Асып белес, белдерден,
Шалғай жатқан елдерден,
Бұлт келіп шөлейтке,
Жауды жаңбыр шелектеп.
Тамшыламай сіркіреп,
Құйды дейсің күркіреп.
Тілеп едік көптен бір,
Төгіліп тұр көктен нұр.
Сорғалап тұр тынбастан,
Таңнан бері ол өктем.
Ақ жауынын күллі аспан
Ақтарғандай шелектен.
Салқын тартып атырап,
Жайқалды гүл, жапырақ.
Бой көтеріп шөптер де,
Рең кірді бөктерге.
Құмға жаңбыр нəр беріп,
Əдемі бір əр беріп,
Бұталарға бүр шығып,
Белгі берді тіршілік.
Сағат бұрын
Тандырда
Шөліркеген көк өрім,
Аузын тосып жаңбырға,
Жайды қайта желегін.
Əрі бақыт,
Əрі құт,
Ағып жатыр береке...
Көптен күткен зарығып,
Құмға келді мереке.
Қу түлкі де құп алып,
Жайлап шығып інінен,
Мол жаңбырға қуанып,
Асыр салды күнімен.
Тасбақа да артынша
Көтерілді төбеге.
Жуылды тез қалпынша
Жабысқан құм денеге.
Қозылар да томпаңдап,
Жүгіреді бұлаққа.
Тұр бұйығып,
Жаутаңдап
Енелері бірақ та.
Жылғаларға тасыған
Қарасады ойланып:
Жаңбыр суы
Асыға
Бара жатыр қайда ағып?
Тасырлаған тамшыға
Мəз болады малшы да:
– Жау-жау, жаңбыр,
Төге бер,
Жаусаң,
Жер-көк көгерер!
Жау-жау, жаңбыр,
Құя бер,
Жердің жүзін жуа бер.
Жауа бергін күн демей,
Жауа бергін түн демей.
Жау-жау, жаңбыр апталап,
Малға, жерге қат-қабат.
Жауғаныңа шаттанып,
Ұзақ есте сақталық!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу