Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  94


Автор: Түрікмен поэзиясы

Іздер

Сынаптай сырғыған
Құмдағы іздерің
Жартылай жуылған.
Екінің бірі онда
Бармас та,
Келмес те бұл маңға.
Алаулы жорықта
Батылдар тек қана
Бетінен қайтпайды.
Ал олар
Қайсар бұл
Еңбегін ешқашан
Ерлік деп айтпайды.
Соқпақсыз бұл жерге
Кім алғаш із салып,
Жол шекті тайғақты,
Құм дала төсінде
Кім күрке, қос тігіп,
Сорпа-су қайнатты.
Қу мекиен құла дүз
Даланы мекен ғып
Ең алғаш кім тұрды.
Паналар бұтақ жоқ,
Төбеден шақшиып,
Күн майша шыжғырды.
Ішіне сыр бүгіп,
Тамсанған құм дала
Төсінде адамның
Іздері жосылды.
Уақыттың ызғарық
Ұйтқыған желі оны
Қолма-қол өшірді.
Осы жерде салт атпен
Шөл кезіп, құм кешкен
Қайсар сол жандардың
Ізі де қалмаған.
Қалғаны –
«Жол Жоқ» пен
«Қырсық Жота» жөнінде
Естеліктер аздаған.
Шөл даланы осылай
Атамаған жайдан-жай!
Бұл жерге қазына
Байлығын жасырған
Шайтанның дəл өзі
Атын тауып қойғандай.
Солай бола тұрса да,
Қорқынышты, үрейлі
Ескі аңызға қарамай,
Ең алғашқы қазықты
Қақты мұнда геолог
Екі күн құм аралай.
Мінеки, ол осылай,
Қиындықтан жасымай,
Нағыз адам боп қалды.
Күн күйдіріп,
Жел қағып
Жүрсе де,
Алға ол барып,
Құм құпиясын ақтарды.
Тереңге бұрғы бойлатып,
Еңбек күйін ойнатып,
Өмірден ерте озады.
Бүгін енді сол жерде
Мұнаралар орманы
Көкке бойын созады.
Мұнаралар сансыз көп
Құрып тізбек,
Сап түзеп,
Қосылады теңізбен.
Бірақ бəрі шығады –
Тартқан бүгін көмескі
Ең алғашқы сол ізден.
Ең алғашқы –
Даңқты іс!
Ұмытылмас қалайда,
Қаққан қазығың бар құмда.
Дабырасыз,
Елеусіз
Еңбегіңе белгі боп
Ізің қалды артыңда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу