Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  121


Автор: Түрікмен поэзиясы

ТЫРНА

Жəутең-жəутең тырна маған қарады,
Мұңға тұнып, шерге толып жанары.
Бұл тырнаны қамамашы үйіңде,
Жібер оны, жүрсін шарлап даланы.
Қарғыс айтып түскені үшін тұзаққа,
Қанат бұлғап, алады құс жылап та.
Тар қапастан атып шығып аспанға,
Кетсем дейді көз көрмейтін жарыққа.
Көк аспанын, аңсайды ол көк белін,
Өкініш қып осы халге жеткенін.
Отыр əзер жіпсіз ғана байланып,
Түз құсына қапас оңай деп пе едің?
Қанаттастар шарлағанда қияны,
Қамауда бұл, үйге əзер сыяды.
Жалғызсырап, өксиді ол жабығып,
Еркіндікті еріксізден ұғады.
Терезеден көзін тігіп, телмірді,
Аңсайды ол шарықтаған сол күнді.
Қанат қағып өтсе құстар тұсынан,
Көкірегін өкінішке жеңдірді.
Жабықтырып жалғыздықтың тұманы,
Жанарында өкініштер тұнады.
Біле алмай қыс пен жаздың не екенін,
Ес жия алмай, есеңгіреп тұрады.
Жібер құсты, кеңістігін шарласын,
Тырналардың тізбелерін жалғасын.
Жібер құсты, аспанында самғасын,
Көкірегін көз жасына малмасын.
Күн күлімдеп, аспан нұрға тұр тұнып,
Сағынтты оны сабыры жоқ тіршілік.
Тырналардың тізбегінен қалыс қап,
Оянды ол түсінен де түршігіп.
Жəутең-жəутең тырна маған қарады,
Мұңға тұнып, шерге толып жанары.
Бұл тырнаны қамамашы үйіңде,
Жібер оны, жүрсін шарлап даланы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу