Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  119


Автор: Түрікмен поэзиясы

ƏКЕМНІҢ АЛАҚАН АЯСЫ

Əкем өлім жастығында жатқанда,
Алақаны аясына қарады.
Жаныма сол қасіреті батқанда
Түймелеусіз жағам қысып барады.
Қарады үнсіз... сонда маған қарады.
Бетім жуып көзім жасы көл болды.
Жас жүрегім содан қалды жаралы –
Жан əкемнің соңғы демі сол болды.
Өшті үйімнің шам-шырағы, құлады-ау,
Асқар таудай сынды тірек-панасы.
Көз жұмғанша көз алдымда тұрар-ау,
Алақанның ат тағадай аясы...
Отты кезі бұлдырады құсадан,
Оны қалай жазам енді сорыма?!
Алақанда іздер жатты ұсаған
Күрестерде кешкен өмір жолына.
Аз жасады, бейнетті де сапырды,
Еңбекте өсіп, əкем шындай білді өзін.
Үш бала үшін қарлығаштай шарқұрды,
Жазда – сая, қыста көрмей күн көзін.
Жап-жас жігіт, жалын атқан шағында
Ол Тулада оқыды аштық жылдары.
Ұзақты күн болса рабфагында,
Вагонетка сүйреп түнде тынбады.
Жырып бөліп шылымының пұлынан,
Жіберетін сəлемдеме үзбестен...
Бізді өсіріп, қанат берді қолынан,
Қалай оны шығарармыз біз естен.
Іскер шəкірт каникулға келгенде,
Көзі түссе қырық жамау киімге,
Ақын досы Атакөпе Мергенге
Жыр айтқызып, жұбататын үйін де.
Жинап жарлы-жақыбайды қасына,
Аулымызда жұртқа əліппе үйретті.
Жуандарға атой салып ашына,
Қай түні оның жылы төсек – үйде өтті?!
Ол аттанды, қолға қысып қаруын,
Фашизмге қарсы қатал күреске.
Арқаладық ауыр жылдар зар-мұңын,
Ұмыт болып шаттық дəурен күні есте.
От ішінен оралды да жарадар
Басымыздан сипады əке тағы да.
Неше жылдай болып едік соған зар,
Келіп еді ұрпағының бағына...
Сабыр, көңлім! Өксігенмен өнер не?!
Төбемізден ауып кетті саясы.
Көз жұмғанша көз алдымнан сөнер ме
Күсті қолдың алақаны аясы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу