Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  113


Автор: Түрікмен поэзиясы

ЖҮЗІМ БҰТАҒЫ

Ашғабатта ырыстың орманындай
Жайқалды да жасыл бақ өсе берді.
Аса қызық дастанның жолдарындай
Шат күндер де ауылдап өте берді.
Көктем сайын баптасам жүзімімді,
Күміс моншақ сорғалап маңдайыма.
Əр бұтадан сол еңбек күзді күні
Бал шырын боп таматын таңдайыма.
...Əлі есімде сонау бір қарақшы түн!
Жер астының жиылып кесапаты.
Кездейсоқта қуырып жер апшысын,
Үйді бұзып, гүлдерге кесек атты.
Бейуақытта бір дүлей тентек келіп
Таптап жайпап, бақтарды пытырлатты.
Моншақ-моншақ жүзімдер жентектеліп,
Бал шəрбатты қара жер жұтып жатты.
Ұйқы-тұйқы қылды да жердің үстін
Қара бұлты тарады қасіреттің.
Нұрыңды төк төбеме, кел, күміс күн,
Көк тұманын қаламнан қашыр өрттің!
Бал арадай көктемгі гуілдесіп,
Самолеттер қаптады аспаныма.
Ташкент, Баку, Москва қуды үрейді,
Дос жүректер дүлейді жасқады да.
Көкше мұзы шатынап кесапаттың,
Ақты арнада айбынды күндер селі.
Қызғалдақтар қайтадан шешек атып,
Күл орнында жас қала тұрды еңселі.
Күндер өтті. Оралдым үйіме мен.
Зəулім сарай – үстіме аялы жай.
Қандай абат айналам, дүние кең,
Мөлдірейді жүзімдер баяғыдай.
Мөлтеңдейді көп моншақ жыпырласып,
Алтын сəуле бұтақты көміп апты.
Бар Ашғабат шұғыла жұтып жатыр,
Төбемде күн күледі. Көгім ашық.
Құлпырды бақ. Дүние шат. Шатпын мен де,
Шырқаймын мен, сайрайды жыр құсы əлі.
Тұла бойын бал шырын тасқын кернеп,
Күреңіткен жүзімнің тұр бұтағы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу