Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  144


Автор: Түрікмен поэзиясы

ҚҰДЫҚ БАСЫНДА

Бір бикеш құдықтан су тұрды алып,
Алқасы мойнындағы сылдыр қағып.
Тоқтады қыз қасына, екпіндей кеп.
Бір жігіт салтат мінген, желдей ағып.
Жайнайды жігіт жүзі, күлім қаққан,
Қызарып кетті қыз да бейне гүлдей.
Сымбаты ақ күмістей сымға тартқан.
Əрі жас, əрі ойнақы, көкте күндей.
Аршын төс, алма мойын, тіп-тік иық,
Сұңғақ бой, құралай көз, жазық маңдай.
Күледі ептеп қана тартып миық,
Ұялып жас жігітке қарай алмай.
Шолпысы, қыбыр етсе, сылдыр қағып,
Өн бойы асау тайдай дірілдейді.
Қыз жүрегі тəтті бір сырға қанып,
Жанары нұрға толы, күлімдейді.
Ойнақтап асау тұлпар, көкке шапшып,
Сескеніп əлденеден, елеңдейді.
Ақылын жас жігіттің жеңіп жастық,
Ізетпен қызға ақырын: «Сəлем!» дейді.
Басына биік бөркін баса киген,
Ойнайды қамшысымен қолындағы.
Көрген кезде өзінің қызын сүйген,
Қиын ғой қысылмауы оның дағы.
Біртіндеп тұңған тұман кетті тарап,
Ұмтылып, ат та басын қойды суға.
Қыз көзінде от жанып небір ғажап,
Толды жігіт жүрегі алтын буға.
Туғандай көктем күні, кетіп дүлей,
Көк кілем жамылғандай болды алап.
Бір кезде қыз өңіне кірді үрей,
Тұрғандай ата-анасы сырттай қарап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу