Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  74


Автор: Түрікмен поэзиясы

КЕШҚҰРЫМДА

Бір күні біз кешқұрымда жиналғанда алқалы,
Көңіл көктеп талай-талай əңгімелер тарқады.
Кешкі салқын самал желмен сипалап,
Шалқалап ай бұлтқа жылжып мойындарын артады.
Достарымның таныс түр мен келбеттерін білетін,
Одан бетер айқындайды ай сəулесі жүретін.
Албырт жүздер еркекке тəн ақылменен астасып,
Барлығы кеп құйылғандай бір арнаға сіңетін.
Бірі айтты: «Бұл өмірде ең қымбат не, тəйірі?
Адам нені таңдау керек? Бақыттың не қайыры?
Қандай жолды, қайсы жолды таңдау керек? Жөн қайсы?
Əркім өзі өз бақытын айтып өтсін. Қай ірі?»
Жауап берді оған бірі: «Қылыш – менің қорғаным,
Мен тұлпардың сұңғақ жүріс, нық басқанын қолдадым.
Шабандозға əрқашанда жол ашылып жайнайды,
Қайда барсақ мақтау-мадақ, əркез ашық жолдарым.
Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда,
Одан артық қандай арман керек барлық адамға!».
Сонда бірі сөз бастады: «Сол болады жанашырың нақ шебер,
Ауырғанды желеп-жебеп, емін тауып жатса егер.
Білімімен шипа болар адамзатқа жалпыға,
Құрметіне елдің бүкіл бөленеді жақсы өнер.
Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда,
Одан артық қандай арман керек барлық адамға!».
«Шопандарға құрмет етем!» – деп үшінші тіл қатты,
«Елді тоқ қып, байлығымен тоқтық əнін шырқатты.
Қой отарын күзетеді дала итінен қырағы,
Сұлтаны сол кең даланың ұлан-асыр қымбатты.
Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда,
Одан артық қандай арман керек барлық адамға!».
Сонда бала сөз қозғады: «Армандарым менің көп,
Бүкіл əлем сымбатына сұқтандырса керім боп.
Жан-жағымды нəзік сезім, сыр менен сый қаумалап,
Ең сұлу қыз мені таңдап, қасына алса ерім деп.
Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда,
Одан артық қандай арман керек барлық адамға!».
Ал, диқаншы былай деді: «Жеребем бар басқаша –
Егін өсіп, өз қолымда масақтана бастаса.
Ұлдарымды ұлықты қып ұлтыма арнап өсірсем,
Ал, ұлдарым отан үшін ала жіпті баспаса.
Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда,
Одан артық қандай арман керек барлық адамға!».
Сол сəтте кеп қалт-құлт етіп таяғына сүйенген,
Ақсақал кеп сөз бастады кейпіменен кие енген:
«Балаларым, сақалымды сыйлап егер тыңдасаң,
Түн қысқарсын сөз бастайын, барлығыңа сырды ашам.
Айтқандарың жүректерден ақтарылған шынайы,
Жасырынған бір сыр қалды көмулі бұл құмды ашам.
Қайнар көзі бар екен ол ақиқаттың астарлы,
Онсыз біздің өміріміз қара түнек жастанды...
Бақыттымын, айтам атын ғажап қып,
Қайнар көзі барлығының – Азаттық.
Данышпандар айтқан бізге əңгіме,
Бізге жетті, жетер əлі мəңгіге.
Ақсақалдар жадысында жатталған,
Ақиқаттар ақтарылсын сақталған.
Бұғауына бағынбаған дұшпанның,
Азат елміз алдымызда нақты арман.
Героғлы ер, батыры ел – саңлағы,
Қырандардай еркіндікте самғады.
Бостандықта қалықтады тыныстап,
Жеңіс туын азаттыққа жалғады.
Кеймир-Кер де?! Дəулет-Яр да тұлғалы,
Дəл тигізіп атқан оғы зырлады.
Дұшпандарға таптамақшы арымды,
Кек қайтардық азулы да арынды.
Мақтымқұлы данышпаны ел, абызы,
Туған елдің үні менен аңызы.
Барлығына назар салды, өлшеді,
Таудың өзі басын иді еңселі.
Қонақ болды талай елде басқаның,
Бостандықта жазды жырын дастанын.
Таңғажайып жыры ғажап, жанға лепес,
Махаббатты жырлап өтті Молла Непес.
Азаттықты жырлады ол бəріне,
Ынтық болды жастар жəне кəрі де.
Жырлады ол: «Махаббатқа жану керек,
Ғашығыңды еркін сүйіп алу керек!»
Шамданып шах ызаланып қаһарлы,
Тахир ерді батыруға апарды,
Бостандыққа деген сиқыр сезіммен,
Ажалдан да аман-есен ол қалды.
Ғашығына ынтық болып арайлы,
Зохре де зарын айтты талайлы.
Шабенде де азаттықты аңсады,
Танымал боп оған халық самсады.
Жырлады ол оттай жанған ерлікті,
Біздің халық қадірлейді теңдікті.
Еркіндіктер болды оның мақтаны
Гюлді де кеп бостандықпен жақтады.
Бізді жинап ақылымен салмақты,
Ерлік жайлы əңгімелер жалғатты,
Ерте кезде бабалардың тұсында,
Айқасқанын найзалардың ұшында.
Білген екен талайысын жігіттер,
Өлім емес жеңіске көп үміткер.
Енді басқа соғыс өрті тұтанып,
Отанымыз шақырады жұт алып.
Түр жігіті алысқандай қабанмен,
Тайсақтамай жауды таптар табанмен.
Ержүректер алға бастап аттанды,
Биікке ұшып қырандардай баптанды.
Қанат қақты екпіндері аршыла,
Қара түтек қаптап келер қарсыда.
Қалған үйлер адамы жоқ қаңырап,
Бау-бақшалар қусап тұрған аңырап,
Қара қайғы қаптап алған түнектеп,
Еркіндікті аңсап тұрған жамырап –
Өлкелерге өр ұландар самғайды,
Сонда барып өмір нəрін жалғайды!
Көктем кезін қамыт киіп қарсы алуға болмайды!
Құлдық пенен тұтқындыққа жан салуға болмайды!
Еркіндіктің, азаттықтың қамы үшін,
Қылыштайын қайрады ерлер намысын.
Егемендік – қайнар көзі бəрінің,
Одан асқан ештеңе жоқ, жарығым!
Басқа елдің аспан асты жүргізбе,
Еркіндік пен азаттықты қыл бізге!»
Ақсақалдың ақылды сөз жігеріне ұйыппыз,
Күшімізге жігер қосты, енді рухы биікпіз.
Ержүрекке азаттығы отанының – заңдылық,
Біздің мынау азат елде бəрі де азат паң күліп.
Мен де міне азат ермін өскен елде желкілдеп,
Мақтан тұтып айтып жүрмін есімімді Еркін деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу