Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  90


Автор: Түрікмен поэзиясы

МҰҒАЛИМА ҚЫЗ

Татардың сұлу қызысың,
Тал бойда тіпті жоқ мінің.
Қазанда оқып біз үшін
Алыпсың терең, көп білім.
Япыр-ау, қандай жас едің,
Нəп-нəзік гүл боп жаралған.
Көздердің көрдім əсемін,
Күлімдеп тұрып қадалған.
Қап-қара қолаң шашың бар,
Он жеті ғана жасың бар.
Ұстаз боп келген екенсің,
Алам деп не бір асулар.
Қоштасып тұрып анашың,
Көп төкті-ау көздің жаңбырын.
Оңай ма қию баласын,
Оңай ма қию жан нұрын?!
Жəмилəжаным, жасыма,
Айрылма асқақ бір күйден.
Шошына көрме, қасыңа
Бөріктер келсе дүрдиген.
Түрпілеу болар тілі де,
Түсініп бірақ кетерсің.
Түрің де ұқсап түріне,
Туыс боп туған екенсің.
Қадірлер сені қара үйлер,
Қашан да ашық ол саған.
Сыйлайды сүйіп сəбилер
Білімді ғана аңсаған.
Сабырсыз күткен халық көп,
Оқу бір кетпей есінен.
Жүрсін деп елге жарық боп,
Өз елің сені өсірген.
Ашылсын бағың алдыңнан,
Адамда асыл арманға,
Жарқырап сəуле жаныңнан,
Шырақ бол түнек бар маңға!
Ауылдың іші шу-дабыр,
Еркек те əйел аралас.
«Бармаңдар Аршын қуға құр,
Халқым деп сірə қарамас...»
Со топқа таяу қыз барды,
Орысша көйлек үстінде.
Ұялып жүзі қызарды,
Сəлем де беру күш мүлде.
Бас иді-ау ақыр əрең деп,
Анталай қалған қауымға.
Қарайды қызға бəрі кеп,
«Бұ келген кім,– деп ауылға?»
Осы шақ Аршын кеңседе
Отырған шертіп əңгіме.
Қу күлкі – Боржақ теңселе
Бастаған сөзін əлгіде.
«... Жанына Аққуммеданың
Жайғастық біздер кеп еппен.
Қара тек жатты недəуір
Ауырып іші кенеттен.
Қырықтай жігіт жиналдық,
Жетпейді мылтық, оқ бірақ.
Түсіп тұр басқа қиындық,
Батады азық жоқтығы-ақ.
Аттансын бірге молда да,
Келеміз қайтып үш күнде.
Апиын – біздің қолда да,
Пəлесі – соның үстінде».
Айтты Аршын: «Сенің орныңа
Чарьяр мұрап болса тек,
Моджектер жақтың сорына
Сараны мұрап қойса көп.
Көрерсің қызық көкесін,
Көресің қолға түскенін.
Екі жақ болып кекесін,
Бүлдірер еді істерін.
Осыны жақсы түсіндір,
Көбейтсін өсек, керісуді.
Дихандар қайта құссын бір
Бөлісіп тапқан жер-суды...»
Кенеттен есік қағылып,
Біреу кеп, сөзін бастады.
Боржақ қу қалды аңырып,
Ал Аршын соқыр саспады.
Тесіліп Аршын көз тікті,
Мылтықтың аузын ұстатып.
Қобалжып содан қыз тіпті,
Айтпады сөзін ұқсатып.
Айтты тек осы ауылға
Мұғалім болып келгенін,
Кəрілі-жасты қауымға
Ғылымның дəнін бермегін.
Үндемей отыр төрде өзі,
Ашпайды сырын сұм Аршын.
Тінтиді нені көр көзі,
Не ойы бар? Қайтіп ұғарсың..
* * *
Асырып табу айласын,
Алдырмай кетті қу Берді.
«Көрсін,– деп, жастар пайдасын»
Мектепке молда үй берді.
Сол үйде титтей бөлмеде
Жəмилə жалғыз тұрады.
Апа да, дос та, жеңге де
Кеште кеп басты құрады.
Жəмилə көз сап айнала,
Үйретті əрбір əріпті.
Сараның қызы Айна да
Біртіндеп қара таныпты.
Кей-кейде таза қиініп
Келеді Берді молда да.
Кұныққан көзбен қиылып,
Қарайды қызға, сонда да...
Отырды бүгін Жəмилə
Анасы жазған хатты алып.
Суретін қойып жанына
Қарайды шалқып, шаттанып.
... Жырақта жүрген, жан қызым,
Еңбек ет елге, адам бол.
Көремін қашан жалғызым!
Сағындым, жаным, аман бол!....
Оқиды жас қыз елжіреп
Ананың алыс сөздерін.
Шыдатпай байғұс бұл жүрек,
Сүрттірді сулы көздерін.
Есікті қағып ақырын,
Кіреді Берді кенет кеп.
«Жəмилə жаным, жақыным,
Тынықсаң нетті сен ептеп?
Қайтесің босқа қиналып,
Көбейсін деумен оқушың.
Өзі үшін келсін бұ халық,
Келмесе, мейлі шоқынсын.
Əкелдім, міне, мен саған
Көйлектік жібек матаны.
Жалғыздық күйің шаршаған
Жаныма менің батады.
Əкелдім тағам тағы да,
Қалқамның қарны ашты-ау деп.
Мен барда əсте налыма,
Көңілдің күйі қашты-ау деп...»
Жақындай берді ебімен,
Жарқылдап молда жанары.
Құшақтап қыздың белінен,
Құшқысы келіп барады.
Селк етті жас қыз сонда бір,
Ызалы күдік шақырып.
Мөлие бермей молда құр,
Жабыса кетті атылып.
Жан берді молда, жан алып,
Бір суып бойы, бір ысып,
Ерніне қыздың қадалып,
Белінен қыса құнысып.
Тістеп кеп алды сонда қыз
Бердінің қолын қатырып.
Ойбайлап қалды молдамыз,
Тəубесін көктен шақырып.
«Ғафу ет, қалқам, ашынба,
Ойнаған едім əзілдеп...»
Қыз айтты: «Менің қасымнан
Қараңды өшір қазір!» – деп.
Жолыққан молда сорына
Жамалма-жан зытып барады.
Нағлет қудың соңына
Жас өмір кекпен қарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу