Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  89


Автор: Түрікмен поэзиясы

ҚАРАҚҰМДАҒЫ ОТТАР

I
Қараңғы түн тұр əлі айналақтап,
Таң сəулесі секілді айнала аппақ.
Қарақұмның төсінде от жүзеді
Құмды кешіп, белді асып, сайдан аттап.
Тұр даланың лапылдап оты жанып,
Құрылысшылар жанына отыр барып,
Үйді-жайды, саялы бақты тастап,
Осында жүр жеңімпаз батыр халық.
Түтінге тұр мұнартып белес жүзіп,
Қайнайды құман. Кетті бір кеңес қызып.
– Бригадир штабқа жүр, – дейді біреу
Атының арынынан жел ескізіп.
Жырлайды жырау. Ақты жыр жосылып,
Сол жырды көтерді түн қосылып,
Ерлердің көздерінде от ойнайды,
Еңбекте көрмеді олар бір тосылып.
Айнала алаулаған толды отқа,
Ұласты жалын шалқып таңғы шаққа,
Сол отты көріп, əнді естідім мен
Қасқайған қара жолда Қоңыратқа.
ІІ
Ағарды аспан.
Шолпан жұлдыз туды көкте,
Жатыр құм салқын дем ап төңіректе.
Ауылдың кең жазира даласында
Тиеді таң желінің лебі шөпке.
Көрінген көк жиектен күнді қарсы ап,
Күректі Мамед аға тұрды бір сəт,
Шақырды жолдасын ол жарысуға
Бар күшін енді шұғыл жатыр жұмсап.
Еңбекте көрсетіп зор өнегені,
Бір езі екі адамға теңеледі.
Кіреді сыңғыр қағып құмға күрек,
Шөл дала гүл бағы боп көгереді!
III
Асықпай түріп кейін жеңін жайғап,
Нықытып тартып тұрып белін байлап,
Маңдайын таңып алып орамалмен,
Сыпырды иегінен терін жайлап.
Күрегін жерге енгізіп ырғап күшпен,
Соқадай қопарды ол тыңға түскен.
Күші оның мəңгі-бақи сарқылмастай,
Еңбектің қазанындай шындап піскен.
Бұл қолдар күн нұрынан от алады,
Бұл қолдың кетеді алыс атағы əлі,
Бұл қолдар дүниенің діңгегіндей
Айбынды астанаға апарады.
Ай батты. Қарауытты шөл алабы,
Қараңғы кетті бүркеп кең даланы,
Тек қана самал тынбай саяхаттап,
Адамдар ұйықтап еркін дем алады.
Шаршаған жұмыс істеп күн қақты боп,
Баладай қалжыраған құлапты көп,
Жұлдыздар өзендей бір нұрын құйып,
Жағалай жарқыратып түн жақты от.
Кеудеде жатыр жаңа күштер толып,
Қалың жұрт қуанады түстер көріп,
Тартуға құмнан тура жаңа жолдар
Айқасқа табиғатпен түсті ер келіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу