Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  67


Автор: Түрікмен поэзиясы

АЙТУҒА АСЫҚПА

Айтуға сен асықпа Қарақұмды көрдім деп,
Түн ортасы ауғанда егер оған бармасаң.
Мақтанбауға болады бұл жерлерде болдым деп,
Құдығынан су ішіп, шəрбатына қанбасаң.
Машинаның ішінен көре алмайсың тіпті оны,
Терезесін, мейлі оның, айқара ашып тастасаң.
Құм даланы білем деп айта алмассың түк тегі,
Жаңбырының астында кеудеңді оған ашпасаң.
Күн сəулесі көзіңді қарығанда күйдіріп,
Қалпағыңмен сен оны көлегейлей бермесең,
Білем деме тəттіні – таңдайыңды идіріп,
Сабағынан шомыштың сөлін сорып көрмесең.
Жаздың ыстық күнінде, бусанып өз деміңе,
Бұйрат-бұйрат қырларда құм жастанып жатпасаң.
Айлы, жарық түнінде туған жердің көгіне
Көзің салып, жұлдыздың əр қимылын бақпасаң.
Айтуға сен асықпа Қарақұмды көрдім деп,
Түн ортаса ауғанда егер оған бармасаң.
Мақтанбауға болады бұл жерлерде болдым деп,
Құдығынан су ішіп, шəрбатына қанбасаң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу