Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  122


Автор: Түрікмен поэзиясы

ТҰМАРЛЫ

Бір мықтының қандай қолы қалтырамай өртеген,
Шешек жарған жауқазыңды кездестірдім ертемен.
Əттең-əттең сорлы басым, ерте неге көрмедім,
Келеңке боп жүрсем бірге армансызбын дер ме едім,
Есімі оның Тұмарлы.
Сен ақ Шолпан жымыңдаған ашық аспан төрінде,
Шоқ тастайды күміс күлкің, сақта оны ерінде.
Сол күлкіңді үзіп алсам, тарқар еді құмарым,
Көз тояр ма сымбатыңа, о сүйікті Тұмарлым!
Жаным, Тұмарлым!
Көктемдегі жер-анадай жасыл желек жамылған,
Құлпырасың мың құбылып көк сағымдай алдымнан.
Сүйрік саусақ аясында көрген жаннын жүрегі,
Бұлтты аспан шымылдығын қашан бізден түреді?
Айтшы, Тұмарлым!
Уа, сұм тағдыр, оны таңдың алты жасар балаға,
Амалым не аң боп мен де кетейін бе далаға.
Не болмаса ұстат маған ақ саусақтың ұшынан,
Жапан дүзге жөнелейін ақ бөкендей шошынған.
Кеттік, Тұмарлым!
Жарқылдаған жайдың оты – бостандықтың елесі,
Қайда барып бақыт табам, бақытсызбын демеші.
Өтер өмір өксігенмен, шық күреске бел буып,
Бостандық та, қуаныш та, бақытың да тұр жуық,
Қуан, Тұмарлым!
Өсек-аяң бұрқыраған желмен тозып, көшеді,
Қапаланба, оның бəрі су сепкендей өшеді.
Бір сен емес зар жылаған, қорлық көрген байдан да,
Көне заман кек тұтатып, шақырады майданға,
Сілкін, Тұмарлым!
Көздің жасы көл болмайды, ол жұтпайды қайғыны,
Тілеме сен бостандықты келеді деп қай күні;
Ізде, ізде жоғын алда – қол созады теңдесің,
Қиындықсыз, арпалыссыз саған оны кім берсін,
Талпын, Тұмарлым!
Əкең сатты ақшалыға обалыңа қарамай,
Жаутаңдайсың жан-жағыңа жетім өскен баладай.
Жастай солған жауқазын деп мен жырыма қосайын,
Айтшы жаным, құтқар десең, қай арадан тосайын?
Айтшы, Тұмарлым!
Сылдыраған шолпыларың əлде көздің жасы ма,
Əкелдің бе қара түнек əлде менің басы ма.
Сені көріп сергелдеңмен азап тартқан сорлымын,
«Сендікпін!» де, көтерейін тағдырыңның қорлығын,
Келші, Тұмарлым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу