Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  191


Автор: Түрікмен поэзиясы

ТҰЛПАР

Батырлардың жан серігі сен туралы жырлайын мен –
тұлпарым;
Түсті парша, алтын жіпті жабу жапқан ыңғайыңмен –
тұлпарым,
Желмен жүйрік жарысқанда жебедей боп зырлайын мен –
тұлпарым;
Патшадай дəл сəніңе бұл шах та басын шайқайды ғой –
тұлпарым;
Мойның ұзын, төсің аппақ, жалың қалың қайқайды ғой –
тұлпарым.
Бəйгелерге сұлу қыздай сылаң қағып шығасың,
Аспай-саспай сайрандайсың, озарыңды ұғасың.
«Шап!» дегенді естігенде құйындай боп ұшасың,
Сипаласам тұяғыңмен жерді тарпып құшасың,
Аты əйгілі Рүстемнің ұлына қызмет қыласың, тұлпарым!
Сауық-сайран, аңшылықта көзді баурап, арбайсың,
Жұлдыздай боп жарқыраған көзіңді бір алмайсың.
Тікірейген қамыс құлақ, құйрық-жалың толқындап тұр,
Қырғауылдай баяу басып ауада ұшып самғайсың;
Қияметте қыл көпірде бірге болам, қорғайсың, тұлпарым!
Бəйге болса бəрі қалар қанатсыздан басқаның,
Сұлу сұңқар, кербез кептер – бауырың мен достарың.
Жүз түйемен бағалы байлық əкелсе де қаншама,
Сатпаймын мен бектерге еш қандай құнға алса да,
Мың түменнен артық тұрар тұлпарым бұл соншама!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу