Өлеңдер ✍️

  05.10.2022
  148


Автор: Түрікмен поэзиясы

ЗОР БОЛДЫ

Жақсылыққа жаны құмар ұлықтан
Алғыс алған,
Дəрежесі зор болар,
Жаман болып, жақсылықты ұмытқан
Амалы жоқ,
Айналасы тор болар.
Мұңлы болар мұратына жетпеген,
Қақас қалар хаққа құлдық етпеген.
Ырзығына еш қанағат етпеген
Көзін сатып,
Кісі асына зар болар.
Жамандаған дос-жаранын өзінің
Дəйексіз боп, дəмі кетер сөзінің,
Тауқыметпен тауысар бір күн төзімін,
Абырой жоқ,
Аяқ асты қор болар.
Байыз таппас өз жолынан жаңылған,
Бейықтияр болар қолы таңылған.
Күрессе егер болар тауы шағылған,
Алды-арты ылғи терең ор болар.
Айбаты аздың қайраты да аз болар,
Жоқтау соңы ылғи мұңлы саз болар.
Қашан ғана айдын көлге қаз қонар,
Мəрмəр тасың үгітілген бор болар.
Кім пəлені сатып алса басына
Табалаумен дұшпан келер қасына.
Əлін білмей іс алса егер асыға,
Амалсыздан екі алақан шор болар.
Оңа қоймас əділ сөзде тұрмаған,
Қаншама от жақ – қайнамайды құр қазан,
Қайда барсаң – сені күтіп тұр жазаң,
Еткен күнə
Маңдайыңа сор болар.
Қазан айы гүлдерімді солдырды,
Бір өкпек жел қалтыратты, тоңдырды.
Қатал тағдыр қашан істі оңдырды,
Қу босаға қашан ғана төр болар.
Мақтымқұлы, тастамай айт барлығын,
Замананың кеңдігі мен тарлығын.
Үстемдердің үкімі мен жарлығын –
Кейінгіге жəдігер де сол болар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу