Өлеңдер ✍️

  05.10.2022
  156


Автор: Түрікмен поэзиясы

Наурыз

Жеткен кезде наурызымыз – жапан біткен жаңғырар,
Тұман орап тау басын, аспан үрпі салбырар.
Жансыздарға жан бітіп, əуен билеп маңды бар,
Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар.
Күнге тосып арқасын жан-жануар албырар,
Аунап-қунап барлығы жерге түгін қалдырар.
Келе сала наурызым – жоқ нəрсені бар қылар!
Жапан шөлін қандырып, нұр тарайды қуысқа,
Тақырларда қақ тұрып, су толады ыдысқа.
Қозғалғанның бəрі де бірі шебер, бірі ұста,
Бұлбұл салса əніне, илеу салды құмырсқа.
Өз дауысын біреуі естіртуге тырысса,
Тумай жатып біреуі шығар сынды ұрысқа,
Келе сала наурызым – өмір заңын жар қылар.
Бар тіршілік осылай жатқан кезде жаңғырып,
Мен отырмын оңаша, көңіл жүдеп, əл құрып.
Ақикатқа табынған өмір сүрер мəңгілік,
Махаббаттан ада жан – қалар түбі қаңғырып.
Көктем баста тұрғанда бəріде бір əңгүдік,
Ертең көктем кеткен соң қаламыз ба санды ұрып,
Келе сала наурызым – тəттіні де зəр қылар.
Мақтымқұлы, мұқалма, бұл фəнидің мақамы,
Бəрі-бəрі баянсыз, сол жаныма батады,
Көншімейді көңілім, көкірегім қапалы,
Таусылғанмен төзімім, сөзім болғай опалы.
Қолды жайып, телміріп кімге берем батаны,
Аман болсын кейінгі, аман болсын Отаны,
Келген сайын наурызым – адам басын даң қылар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу