Өлеңдер ✍️

  05.10.2022
  261


Автор: Нұржан Наушабаев

ӨГІЗ БЕН ЕСЕКТІҢ ХИКАЯСЫ

Әр түрлі табушы едім сөздің затын,
Көтеріп еріккенде көңіл шатын.
Нұржан жазып береді тағы сізге
Өгіз бенен есектің хикаятын.
Зор ғалым неше түрлі білген білім,
Жиһанкез-ді әр ұлттың көрген елін.
Бұрынғы заманада болған біреу,
Мақұлықтың қанша болса білген тілін.
Бар екен бір өгіз бен бір есегі,
Майысқан жұмыспенен тілерсегі.
Рақатпен қорасында тұрады есек,
Өгіздің әрбір түрлі бар есебі.
Қызмет етіп арыған өгіз байға,
Таяқтан қорқып, табаны таймай сайда,
Жұмыстың бәрін өгіз жалғыз қылып,
Тыныс қып тұрады екен есек жайда.
Жұмысқа сонша мастер, өзі жегін,
Дамылсыз жер жыртады, егіп егін.
Өгізден есек кешке жай сұрайды:
«Болады халің қалай сенің бүгін?»
Өгіз айтты: «Тынышым жоқ жұмыспенен,
Жүрерге де халім жоқ тыныспенен.
Ей, досым, өзің-дағы біле алмайсың,
Қай күні өлерімді бұл іспенен!»
Есек айтты: «Мен тұрмын тамашада,
Ақылымды білдірейін оңашада.
Дым сызбай, қожаң келсе, сұла да жат,
Көтеріп орыныңнан, сабаса да.
Тұрма сен қанша ұрса да орыныңнан,
Бұрынғы өзгеріп кет форымыңнан.
Шұбыртып сілекейін, су ағызып,
Ыңқылдап дем ала бер мұрыныңнан».
Ауырсынып сен жүрсің мұның несін?
Осымен тоқтатайық байдың ісін.
Естіп, тыңдап, түрекеп кетті қожа,
Өгіз бенен есектің әңгімесін.
Таңертең келді қожа, кірді есіктен,
Қылығын «батырлардың» түнде есіткен.
Ыңқылдап өгіз жатыр домаланып,
Ақылды біз сұралық енді есектен.
Шақырып алды қожа қызметкерін:
«Бірі ауырса, тез мұнда ап кел бірін.
Көптен есек қорада тұр тынығып,
Жұмысқа салып бүгін, шығар терін».
Есекпен кешке дейін жыртты жерді,
Ақылды бас шұбыртты көзден терді.
Өгізге хайла тауып беремін деп,
Өзіне Құдай қалай бейнет берді.
Көзіне көк шыбынды үймелетті,
Иыққа шұқып, басқа ұрған таяқ өтті.
«Арашаға алты таяқ» деген мысал
«Батырдың» өз басына келіп жетті.
Өгіз тұр отын оттап, суын ішіп,
Есек те кешке келді ақыл түсіп.
Айдауға жүрмеген соң сабауменен
Арқасы жауыр болған таяқ тесіп.
Өгіздей есек-байғұс емес күшті,
Көзінен күндегісі бір-бір ұшты.
Естісініп, пәлеге қалдым ғой деп,
Есек енді қылады өкінішті.
Қораға кешке әкеліп кетті қамап,
Күндікке жүрмеген соң сабап-сабап.
«Достым! Халің қалай, баян ет!» – деп,
Есектің өгіз жайын жатыр сұрап.
Есек айтты: «Мен шаршап баламын ба,
Қызмет етсем, қашырдан қаламын ба.
Сейілде әрбір түрлі көрдім қызық,
Бір күн түгіл бір жылға боламын ба?»
Өгіз де бек жаратты есек сөзін,
Ауыздан шығарған соң кесек сөзін.
Қожа жақтан бір хабар сұраса деп,
Айтуға даярлап тұр есек сөзін.
«Мақтау алып келсең сен бүгін байдан,
Ей, досым, ақыл айтып, тиді пайдаң.
Қожамен бір жүрдің ғой кешке дейін,
Еш нәрсе сөйледі ме біздің жайдан?»
Есек айтты: «Қожайын сізге келмек,
Ауру, сау, не қалыпта, халін білмек.
Жазылып, отыңды оттап, су ішпесең,
Уағдасы – ертең халыққа сойып бермек».
Бұл сөзді естіген соң өгіз қорықты,
Саулығын білгізуге көңілі соқты.
Ауру деп сойып мені тастай ма деп,
Қашан жұмысқа алғанша қайғы мықты.
Өтірік ауырғанға өкінеді,
Көрсін деп қожа мені секіреді.
Союдан жаным аман қала ма деп,
Дауысымды естісін деп өкіреді.
Келсе өгіз отын оттап, суын ішкен,
Жазылып, ойын салып, көңілі өскен.
Құйрығын шаншып алып, топырақ шашып,
Білдіріп дерті жоғын, көзге түскен.
Өгізді алып, есек қалды қорасында,
Үйренген жұмысында о басында.
Көңілге қызық кәне болар бір іс
Осындай екі ақымақтың арасында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу