Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  146


Автор: Ертай Ашықбаев

Достық

Күн тамаша, әй, тегі,
Қолымыз да бос бүгін.
Дәлелдесек қайтеді
Қыз бен ұлдың достығын?
Үйге бүгін сыймадық,
Елемедік ызғарды.
Ертіп келдік жиналып
Сырғанаққа қыздарды.
Ал қайтеміз?
Қиналдық.
Дедік:
«Қыздар байқасын».
Көрсетуді ұйғардық
«Солдаттардың шайқасын».
Оңымызда із қалды,
Солымызда із қалды.
Жұмсақ қарды жентектеп,
Атқыладық қыздарды.
Оңымызда жол қалды,
Солымызда жол қалды.
Біз шабуыл жасадық,
Қыздар ылғи қорғанды.
Дайынбыз ғой ер іске,
Елемедік мұз,
қарды.
Жеттік, міне, жеңіске,
Тұтқындадық қыздарды.
Тұтқындадық желкелеп,
Жауап алдық —
болғаны.
Кетіп қалды ертерек
Бір-екеуі...
тоңғаны...
Ойын бітті. Жараймыз.
Көкжиекке көшті Күн.
...Дәлелдейміз талай біз
Қыз бен ұлдың достығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу