Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  160


Автор: Ертай Ашықбаев

МЕН ҚАЛАДА ТҰРАМЫН

Жүгірмеймін өзенге,
Жоқ меншікті бұлағым.
Қайтем енді,
төзем де,
МЕН ҚАЛАДА ТҰРАМЫН.
МЕН ҚАЛАДА ТҰРАМЫН,
Тұрмыс салтым аян-ақ:
Құдық —
шүмек-краным,
Ал, жайлауым —
саябақ.
МЕН ҚАЛАДА ТҰРАМЫН,
Өте басқа өрнегім:
Гүлзар —
жасыл құрағым,
Субұрқақтар —
көлдерім.
Бүркіт ұстап,
ат мініп,
Келер жұртқа ұнағым —
Жеткізбей жүр тәтті үміт.
МЕН ҚАЛАДА ТҰРАМЫН.
Көкелерге шағынам,
Ертіп кетсін —
сұрарым.
Іздей қалса —
табылам:
МЕН ҚАЛАДА ТҰРАМЫН.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу