Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  133


Автор: Төреғали Тәшенов

ҒАШЫҚ ЖАНҒА ХАТ

I
Көше толы көзге ілмей көп адамды,
Кесіп өтіп жүрмеп пе ек кең алаңды.
Көркем еді сондағы бой-басыңыз
Байлай салған үшкілдеп орамалды.
Таппай жүрген көңіліме тиянақ түк,
Сала берген сол кеште ұялап құт.
Абай, Жамбыл, Мұхтардың ескерткішін
Бір айналып шыққанбыз зиярат қып.
Сақтамассың қалай сол сырды есіңде,
Мінәжат қып монумент іргесінде,
Тәуелсіздік тұғырын қазық етіп,
Бірге тұрдық президиум мінбесінде.
Тиіп төрден қызылды-жасылға орын,
Кезегендей көргенсіз асылға оғын:
«Жарқылдаған жарнама, көзге көмес
Барыс мінген бабамыз қасында оның.
Жалтылы арзан шығатын алдан арбап,
Жарнама-өмір бәрін де жаулар, алдап.
Киелі зат көрінер көзге күңгірт,
Таза тұрар тасада, талғап алмақ...», —
Деп едіңіз торлап көз шарасын мұң,
Сізді бірі санағам сол асылдың.
Биікте ойдың бет қойып тереңіне,
Тұрған едік мұң болып тарасу шын...
II
Шіркін, мына дүниенің ғажабы аз ба-ай,
Мен Тәңірді таныдым жаңа, жазбай!
«Жылытыңыз жаңбырдан!» — деп өзіңіз
Тығылдыңыз бауырыма бала қаздай.
Ұрымтал тұс — уақыт ұтары көп,
Уысымда жүзім жүз, жұқа жүрек.
Оңашада от кеудем отықпаған
Құлын демді құныға жұтады кеп.
Түсте емес, өңде бас шын түйіскен,
Бір қолшатыр астында кіл сүйіспен
Тұрған едік, төбеден нұр себелеп,
Бас айналып балауса шырша иістен.
III
Табыстырған көктемде тағы бізді
Айта алдық па арманның әнін ізгі?
Түскенім бар кенеттен әбігерге,
Жылыта алмай жаураған жаныңызды.
Даусыңызға дірілді бір ағын кеп,
Өксік үнмен айттыңыз былайын деп:
«Өмір қандай қатал, ә, тұрғанымды...
Жылай алмай, келсе де жылағым кеп».
Жалғыз мұңлық сізбісіз жаны жылау,
Жұбататын жақынның әні мынау.
Қайтсем екен қаншыр бас, қағілез өң,
Менің торы, қысық көз аруым-ау!
Дегем жоқ-ты Сізді іштей шын жылатам,
«Неден жаздым?» деп болам қынжыла таң.
Сөз бұйдасын жанымның жалғасам да,
Жетелер ем мен сені, мұңлы ботам.
Жанның қойса талпынтып құсын іштен,
Тағдырдың бұл сізге арнап ісі пішкен.
Қара жердің үстінде қандай қиын,
Көк аспанның өңінде түсініскен.
Түсінген жан табылып, тосын емі,
Сезімдерден сұңғыла шошыр еді.
Үпелегін қамыстың үзбей сабар
Үр қызының үрдісі осы ма еді?!
Осы ма әлде киелі ғашық ғұрып,
(Бәлкім, кімге көрінер жасық қылық)
Беліңізге бір бұрау жете алмадым,
Бетіңізге бетімді басып тұрып.
Шағала мәз болатын көл құшқанда,
Шайқы көңілім озатын сол құстан да.
Діліңіздің дірілін дөп басушы ем,
Жанарымыз ойда жоқ шарпысқанда.
Шамырқантып шабыттың басар демін,
Қайдағыға шарқ ұрып қашар көңіл.
Қара ағаштың қабығын аршығандай,
Қара қыздың қабағын ашар ма едім!..
IV
Алматының аспаны үдеріп сәт,
Алай-түлей бұлт көшкен, түнеріп бақ.
Күре жолдың бойында түн ішінде
Сіз тұрдыңыз таксиге шығарып сап.
Кетті сол сәт Құдайдың күні құйып,
(Кетіп барам қалайша тірі қиып)
Жер-дүние жылап сап шығарғандай,
Ағыл-тегіл жаңбырдың жырына ұйып.
«Қош» дей бергем көлікке жанығам деп,
Дөп тигенін сездім сол дарығанда от.
Жабысыппыз жаңылмай жалқы сәтте,
Есімде әлі ернімді қарыған шоқ.
Жалған дүние, жалт беріп алдайды арман,
Аздан соң-ақ алыстап самғай барғам.
Бір-ақ түнде қыс түсіп, білесіз бе,
Ертеңіне қала аппақ қарға айналған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу