Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  80


Автор: Төреғали Тәшенов

ЖАҚҰТТАЙ ІЗІ ЖИДДАДА

Кіл дұшпандары – ұмтылған мың тұстан бәрі
Басында болдың биліктің Түркістандағы.
Қазақтың қайран Нәзірі, кем емес атың
Иранның Нәдір шахынан бір мысқал дағы.
Тұлғалы терең өзіңдей ер өскен-ді ұлттан,
Қазақтың тұңғыш елшісі ең Кеңестен шыққан.
Елу жыл бойы естіртпей есіміңді де,
Әсіре қызыл ерлерім елестен қорыққан.
Кім ілікпеді заманның шүріппесіне,
Оқ ізін салды сенің де ұлық төсіңе.
Аманат еттің арманды алғы ғасырға,
Атылып кетіп, амал жоқ, қырық бесіңде.
Гүл жарып шөлде, көктеген құм – далада арман,
Жыр болып сөзің жақұттай Жиддада қалған.
Сусаған елге нәр берген сендей есімді
Сталин болып сұлатқан сұм ғана жалған.
Септігің тиді сегіз жыл саудтықтарға,
Алыптық деген жатады-ау жарықтық қанда.
Мәскеуден бензин жеткізіп, бәдәуилердің
Май құйып бердің шамына, малынтып нұрға.
Байлыққа бөккен бүгінгі Саудтың елі –
Жаһанды жатыр жарылқап жарықтың кені.
Сен жасап кеткен еңбектің өтеуі шығар,
Шейхтар жатса көрсетіп алыптық енді.
Не жетсін өмір сүргенге нық басып елмен,
Бекімей жатыр әлі де ықтасын – іргем.
Генерал Сабыр, суретші Орал інілерің де
Сырт қалып қойды сен құсап сыртта өсіп-өнген.
Кіл дұшпандары – ұмтылған мың тұстан бәрі –
Басында болдың биліктің Түркістандағы.
Қазақтың қайран Нәзірі, кемдігің жоқ-ты
Иранның Нәдір шахынан бір мысқал дағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу