Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  178


Автор: Төреғали Тәшенов

ШЕРЛІ ШОҚАЙ

Қарадан хан боп туған Шоқай датқа,
(Қайран ер қисын жерін қалай жатқа)
Қамдасып Қаратауда Хан Кенемен,
Қол бастап, қондырыпты талайды атқа.
Қарына қару іліп, қаймықпастан
Жауына қарсы шапқан атойлап та.
Қыдыңдап қырда Қоқан «Құдиярлап»,
Ораған ол кезде орыс маңайды отқа...
Қас жауын қасарысқан мысы басып,
Дұшпаны келе алмапты маңайлап та.
Сөзбенен бір-ақ ауыз билік айтып,
Топ жарып шыққан екен талай сапта.
Датқаның дархандығын көре алмаған
Жел ауыз жүгіртіпті талай саққа;
Арманы – көзін құрту есіл ердің,
Алғызып алтын тақты сарай жаққа.
...Қайла жоқ, Қоқан жаққа Шоқай барған,
Алты атан аруаққа атай барған.
Тәу етіп Баба Түкті Шашты Әзізге,
Бабата, Түркістанға жолай қонған.
Ол заман шаңдақ қылып шаһарларды,
Қоқанның құдіреттен басы айналған.
Күйзелтіп қарашаны зекет, салық,
Қамығып құм ішінде жылай барған.
Өтті ғой онан бері талай жалған,
Кетті ғой адастырып талайды арман.
Сүрініп сол сапардан салқам Шоқай,
Аузына алдыменен Құдайды алған.
Датқаның үзеңгісін кетіпті улап,
Қоқанның қу жансызы жанай барған.
Қабағы Қаратаудың қарс жабылып,
Заматта Сырдың суы лайланған...
Қарамас кім ақылды, кім арамға,
Ажал да, біле білсең, сын адамға.
Қағысып қан майданда қас жауымен,
Өлгені жақсы еді ғой ұлы алаңда.
Денесін дерт шалғанын білді датқа,
Ауылдан атшаптырым ұзағанда.
Болар іс болғаннан соң не шығады,
Көз жасты кекпенен құр бұлағанда?
Қу жанын ойлаған ба құл аманда,
Шырқырар шыбын жаны шыдағанда.
Қап-қара тұла бойы кеткен күйіп,
Білмепті қасындағы бір адам да.
Сар желіп, суыт жүріп отырыпты,
Жақ ашпай, сыр білдірмей сұрағанға.
Алаштың ардагері не ойлады екен
Арқаға бір-ақ жетіп құлағанда...
Өмірден осындай шоң Шоқай да өткен,
Өтіпті онан бері сан ай, көктем...
Атаңнан бөз қалғанша сөз қалсын де,
Шен таққан тозбады ма талай шекпен.
Бұл күнде ел билеген сол датқаның
Таласқан тұр күмбезі арай көкпен.
Тереңнен толғап айтар не десе де,
Жанассаң жақсылармен тарайды өкпең
Бұл өзі бұрынғыдан келе жатқан
Естіген әңгіме ғой талай көптен:
Ердені Сандыбайдың Наймандағы,-
Ту төсі Сарыарқаның жайланғаны.
Аузынан ақ май аққан аға сұлтан,
Атағы асып тұрған Айдан да әрі.
Екі ауыз лебізіне ел ынтық боп,
Қат болып тұрған кезде тамбай қаны,
Қапыда қаза тауып жалғыз ұлы,
Бір күнде қуарыпты жайған бағы.
Қырық күн бас көтермей жатыпты ерің,
«Бағымның басы осы, - деп, - байланғаны».
Жақсыға жалғыз ауыз жауап қатпай,
Бос қайтқан барған елдің сан қаймағы.
Алыстан ат сабылтқан Шоқай дағы
Қазаны естіген соң қалмай жаны.
Қасына ертіп қыпшақ Досбол биді,
Тірелген қаралы үйге маңдайлары.
Қамшыдан қол, кетпеген тақымы ерден,
Шұбар төс, шынжыр балақ, халқын емген,
Күйіктен жер бауырлап бас көтермей,
Бүк түсіп жатыр екен батыр Ерден.
Бір демде шөгіп қапты қайран шөгел,
Жер жұтып жалғыз ұлын артына ерген.
«Уа, Ерден!
Көтер басыңды жерден!
Өлмейтұғын пенде жоқ,
Әкең Сандыбай да өлген,
Оны мына Шоқай көрген.
Әулие болсаң Ерден,
Көтер балаңды көрден!» -
Шоқай датқа қасында Досбол бимен,
Дүрсе қоя беріпті салған жерден.
Екпіні екеуінің ес жиғызып,
Сұлтанның көтерілген басы жерден.
Жарты ауыз жүйелі сөз жасын тыйған,
Жаралған нар емес пе заты кеңнен.
Бабаға басын иген басу айтқан
Арнайы ат терлетіп алыс елден.
Өмірден осындай дүр Шоқай да өткен,
Өтіпті онан бері сан ай, көктем...
Атаңнан бөз қалғанша сөз қалсын де,
Шен таққан тозбады ма талай шекпен.
Бұл күнде ел билеген сол датқаның
Таласқан тұр күмбезі арай көкпен.
Жайғасқан тұғырына тірісінде-ақ,
Даланың дәу ұлдары дана-ай неткен!
Ұлы арманын ұзатып үрметіне,
Ұрпағына қарай да қарай кеткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу