Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  123


Автор: Төреғали Тәшенов

Рух

Аспан ертең
айнитындай шамасы,
Жай бұл емес
жайбарақат қарасы,
Айыр өркеш
шолақ қасы шаншылып,
Ерсі киген
оғаш бөрік алшы ғып,
Тымырсықта
түріп апты жағасын,
Қиырда бір
қисық сапты қамшы бұлт!
Жалаң қаққан
жаушы хабар үркітіп,
Алыс аспан
тосын ойын тұр күтіп.
Бұлт күдікті
бір бүлікті қылғысы
Келгендей ме –
көкті басып тұр мысы,
Күле алмайды,
келсе де Жер күлгісі.
Аспан-ашу!
Әлі-әзірге тұр алыс,
Тұр әзірге
пысса дағы шыдап іш.
Ал биікте
жүріп жатыр ұлы ағыс!
Тау менен тас
тұрған әлем сұлық бар,
Жел де, су да,
жапырақсыз шыбық-тал
Бәрі демде
айырылып ырықтан,
Қалғандай бір
күйге түсіп кіріптар,
Күмілжитін секілді,
ал:
Шетсіз-шексіз кеңістікте
рақатқа шомылып,
Тартысуда,
шарпысуда РУХТАР!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу