Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  90


Автор: Төреғали Тәшенов

ЖЕКЕ ШУМАҚТАР

***
Сиқырланып сынай қарап қалғаны,
Сияқтанар қылымсыған құрғыр қыз.
Сезіп-болжап тағдырыңды алдағы,
Есебіне ап қойған бәрін сұм жұлдыз.
***
Келіп едім бір таудың жақпарына,
Көрейін деп үңіліп тас жанына,
Көзіме оны көшіріп үлгергенше, ол
Жазып алды мені ішкі қатпарына.
***
Шыбын жан-ай шырағданға шырмалған,
Шын сүюден қорыққандар құр қалған.
Махаббатқа мысал бол деп жаратқан
Шырақ пенен көбелекті бірге Аллам.
***
Мен оңаша тойлаймын жеңісімді,
Тыныштықтан табам тек келісімді.
Жан жуытқым келмейді маңыма ешбір,
Жалғыздықты жаратам пері сынды.
***
Жолдас болып көріп едім ірімен,
Сол ірінің болып шықтым бірі мен.
Арыстан боп көріп едім бір рет,
Тышқан-тірлік тыншытпады түнімен.
***
Махаббат па? Дәл басып айта алмаймын,
Кереметін ішкі ойым айтар дәйім.
Бар болса да ол – жаныңа артар уайым,
Жоқ болса да – үнсіз ол тартар қайғың.
***
Түнерсем – онда жүрекке алғаным жүк артып,
Толғағы жетпей тумайды жыр да құмартып.
Өткінші бұлттан өтірік сеуіп өтетін
Жауа алмай жүрген қара бұлттарым мың артық.
***
Бағыштаған Алланың атына ізгі,
Тастағам жоқ дұғамнан атыңызды,
Зары ащы, зәрі өткір ұрғашының
Тең көрмедім біріне затыңызды.
***
Аспан – шетсіз, шексіз ойдан жаралған,
Мың сан үміт, сансыз қиял, сан арман.
Көкіректен қайнап шыққан қаншама ой
Көкжиекке сіңіп үнсіз жоғалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу