Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  150


Автор: Төреғали Тәшенов

ТҮНГІ ҚИЯЛ

Жұлдыз ойға шырмалып көп,
Жатам кейде қалғымай,
Түн ұйқымды ұрланып кеп
Бағады ылғи аңдып Ай.
Алтын сәуле тереземнен
Жүзіме үнсіз құйылып,
Сиқырлы ою шегер еді,
Зерлі жібін иіріп.
Көкейімнен кетпей қойды
Толған Айдың бейнесі.
Ысырсам да жетпей қойды
Жігерімнің пердесі...
Кезіп жалғыз түн ішінде
Келердей бір тосқаны,
Түнеп шығар қуыс іздеп,
Қыдыратын бақшаны.
Шертіп піскен аунақшып Ай,
Қып-қызыл боп домалап,
Төніп ішке жүр бата алмай,
Тереземді жағалап...
Түн жақты да бұлт ішінде
Жарқ еткізіп шырпысын,
Қойнымнан Ай үркіп ұшты,
Қып-қызыл боп үрпісі.
Көзімді ашсам: ала бөтен
Толықсыған ажары.
Жаңа ауып барады екен
Жүзімнен Ай назары.
Қиял-қалам, о, шіркін-ай,
Қайда жету арманға?!
Не жетсін сол сылқым Айды
Бір аунатып алғанға!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу