Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  84


Автор: Төреғали Тәшенов

АПТАП

Бір жұтатын зар болып қара суға,
Тілім құрғап, ой-санам адасуда.
Тартысады көл мен шөл алма-кезек
Бар мен жоқтың беймәлім арасында.
Тұншығамын қарадай шыдамыма,
Қаншаға әлі білмеймін шыдарыма.
Жанарыма жан терім жас боп шығып,
Тұрып қалды, сәл ғана құлады да...
Жаңбыр жуған дейді екем тереземді,
Қол созымда көремін кәрі әжемді,
Сүт әкеле жатады күйбең қағып,
Кеберсіген жіпсітіп кенеземді.
Біткені ме, бәрінің бекері ме,
Тұрам деймін, алмаймын көтеріле.
Талай болды шыққалы марқұм әжем,
Жете алмайды сүрініп етегіне.
Бір шөкім бұлт тамбады, таямады,
Жаныма ешкім келген жоқ аяп әлі,
Мен бұл жолға шыққалы талай болды,
Көрінбейді не басы, не аяғы...
Қилы түске түнімен ұйып қатты,
Жаным менің жай тауып ұйықтапты.
Кешкен өмір – көрген түс, бір аунап ап,
Жатам шертіп жалғанның күйін тәтті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу