Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  377


Автор: Төреғали Тәшенов

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Сартап болған шегедейін сүйегі,
Өз қолымен әкем салған үй еді.
Дүниеге он баланы әкелген
Босаға еді, құтхана еді киелі.
Өзгереді бәрі де өмір көшінде,
Әке-шешем келіп ортақ шешімге,
Үй жанынан салды жаңа баспана,
Қоңыр күзде көшіп бардық, есімде.
Ақ шатырлы үй, бар жаңа там атағы,
Бәрі жақсы, тек бір нәрсе батады.
Бір мен емес, үйдегілер түс көрсе,
Бар оқиға ескі үйде өтіп жатады.
Көрдім бірде көне жұртты түсімде,
Төрт қабырға құлазыған пішінде.
Опырайып құлапты ішке төбесі,
Азынаған жел ұлиды ішінде.
Енді бірде тұр төбесін сүйіп көк,
Қабырғасы сала берген биіктеп.
Айнадай ғып жалтыратып қойыпты,
Жаңбыр жаңа өткен деймін құйып кеп.
Қысқаша айтсам, жоқ көңіліміз жайланған,
Барлық қызық қап қойғандай, қайран мән,
Түсімізден шықпай қойды туған үй,
Әлдеқашан мал қораға айналған.
Жиырма жыл ма, өткен кезде бір заман,
Аруақтар болсыншы деп ырзадан,
Қораға кеп шешем иіс шығарсын,
Түтін шықсын мұздай суық мұржадан...
Уақытқа қоятұғын бар ма айып,
Озар жалған, тозар бәрі қартайып.
Қазақы там, құлады да бір күні,
Қақ жартысы қалып қойды қалқайып.
...Неге керек көздің жасы құр тыйған?!
Қоржын тамның бала құсап бұртиған
Сұр кесегін сүйіп тұрмын сыртынан
Сабан ұшы әр жерінен қылтиған....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу