Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  104


Автор: Төреғали Тәшенов

Арылу

Бал дәурен шақтың бал демін
Жұтып бір жүрген әу бастан
Сыралғы досым бар менің...
Сыр аңдып өскен тау-тастан.
Жасынан жүрген қой бағып
Көрсең сол көбең қойшыны,
Қаларың кәміл ойға анық,
Осы деп түздің ойшылы.
Сөйлемейді бір бет алды,
Күлмейді текке, ой, сұмдық,
Жіберген таулар қатал ғып,
Жіберген дала ойшыл ғып.
Қалма сен бұған алаң боп,
Бұл емес оның бар үні,
Білгенге сақи даламның
Сараңдығы емес, бұл – сабыры...
... Қашанғы мынау өр кеуде
Тау үнсіз сені бағады!
Қашанғы бұла кеудеңнен
Бұлақтар бұғып ағады!
Келердей ұшып бір құсың,
Қарайсың тауға бас алмай.
Тығылып іштей жүрмісің,
Сырыңды, шіркін, аша алмай?
Күш сыймай әлде қарыңа,
Жазылмай жүр ме тақымың,
Не дауа сенің жаныңа,
Даланың мылқау ақыны?!
Күн сайын кеудең сімірген
Жалғыздық күйін жүз рет.
Жұлдыздар түнгі сыр ілген –
Ішіңе түскен қызыл от.
Даланың нәумез нәрімен
Ойларың кетсе ірілеп,
Арылу үшін бәрінен,
Жарылу керек бір рет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу