Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  134


Автор: Төреғали Тәшенов

ЖЕЛТОҚСАН, 1986. НАЗАЛАНУ

I
...Білгін, балақай!
Желтоқсанда аяз салған алақай
Алатауды бүлдірген бір ала тай...
Темір телпек, жебір жендет
Ер тағдырын еткен шақта талапай,
Ел намысын қорғап қалған –
Түбіт бөкебай,
Қоян малақай.
Білгін, балақай!
Ал сол кезде Алматыға ауылдан
Ұшар едім, бітпей қалған қанат-ай!..
Түк бітірмей жүрсем дағы
Сол бір көптің ішінде,
Болар едім шын бақытты
Бір жүргенім үшін де.
II
Арман, Үміт, Қиял, Сенім –
Барлығы да бір күнде өлді.
Пасық қой деп кім ойлаған
Погон таққан шіркіндерді.
Бебеу қаққан бетке қарап
Білмеді ғой іркілгенді,
Сөзбен айту мүмкін емес
Сұмдығы асқан құлқын керді.
Жел боп шықты судан ауыр,
Сұм жымиыс жарға жықты.
Жүзе алмадың, жазылмастай
Жара салды арға мықты.
Қалай ғана қамдап келген,
Білдірмей сұм жолға азықты,
Жеңіл еді мұнан салған
Жүрегіңе қол-қазықты!
Қалай ғана тап басты екен
Сендегі әлсіз түйме-дақты,
Мысқыл күлкі мысық болып
Салды тырнақ миға қатты,
Құлап түсті қулығынан
Қайтып ұшпас күй-қанатты,
Сенім! – салған сергелдеңге
Осы болса ол – қиға батты!
Ұлып тұрды ұлпа жаның,
Бұзып кірді-ау күліп тұрып,
Шын бейнесін осы жолы
Кетті білем шын ұқтырып.
Енді қайтып кілт іздемен
Қылығына қырық құлып,
Жанарынан жасырынған
Көріп қалдым бүлік – күдік!
Аяр қандай сол күнгі еді
Көзіндегі жайлаған от,
Даяр маңдай болып шықты
Тура тиді байлаған оқ.
Шаяр таңдай – ащы су да
Ап шыға алмас азаптан бұл,
Аянғандай нең қалды, ол
Жайпап кетті сайлаған оқ!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу