Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  79


Автор: Төреғали Тәшенов

ВАРШАВА САЗДАРЫ

I
Ерттеп мініп «Боингті» есік пен төрдей,
Ендік пенен бойлықты кесіп мен теңдей,
Бату ханның ізімен Польшаға кірдім,
Татр
1
тауында тұлпарын көсілткен ердей.
Кезінде күркір үнінен жаңғырған далам,
Қақпасын қымтап ертерек қам қылған ғалам.
Краковтың көк тасын тұяқпен турап,
Поляктың паң қаласын даң қылған қаған.
Шындығын шерлі тарихтың шыңғырған жаям:
Мариат Соборын туралап мыңғырған ноян,
Корольдіктің күн шықпай күлін суырып,
Пандарды – құл,
Панилерді күң қылмағы аян.
Жасанған жаудан жарақты жұлқына шабар,
Жандәрменде бермек боп жұртына хабар,
Шіркеудің шырқау басынан жез керней тартқан
Кезекші...
қандай поляк ұлтына адал!
Тартқаны-ай садақ бар күшін жиып бір ноян...
Биік мұнарадан сұр жебе тиіп құлаған
Музыкантты ойлады муаззин
1
ғой деп,
«Азаншыны атқан оңбас», - деп
Ырымшыл қаған.
Бұрқ ете түсті тарихтың шаңды жотасы,
Мергеннің қалды жазылып мәңгі қатасы.
Кернейдің үні кенеттен үзілген кезде
Әуеде қалған дірілдеп... соңғы нотасы.
II
Алмайтын – жауы,
қалмайтын қамалы – шабар,
Батудың Батыс
біржола боданы болар...
Қаһарлы ханнан тұрғанда қалтырап Рим,
Қарақорымнан жеткен-ді қаралы хабар.
Шыңғыстың тағы бос қапты,
Өгедей өліп,
Өкінді Бату
Отырған төбедей болып.
Ат басын бұрып амалсыз,
Алғызды кері
Аламан қолын жүйткіген жебедей төніп.
III
Польшаның содан басынан тайды да бағы,
Ғасырлар бойы қиналды қайғыда жаны.
Толғанып шалдар мынадай тоқтамға келді:
«...Ұлы храмнан кернейші жай құламады.
Бостандыққа ие боп бүтіндей аймақ,
Тәуелсіздік ошағы түтіндей алмақ, -
Шыңғыс ханның елінде егер де біреу
Үзілген сазын кернейдің бітірсе жалғап».
Мұра боп қалған Темірге Шыңғыс хан тағы,
Білетін соны бір поляк сыр тұспалдады.
Керней тартты көгілдір күмбезіне шығып,
Әзірет Сұлтанның
әз шаһар Түркістандағы.
Тарихтың жылжып, сол екен, баспалдақтары,
(Азанның осы емес пе аспандық мәні!)
Мың тоғыз жүз он сегізінші жылы
Польшаға келді кенеттен бостандық таңы.
IV
Самарқан шәрі – Темірдің Отаны болған.
Соғыстың кезі – сұм фашист қаһары жауған.
Солдаттарына Польшаның сыр айтқан былай
Самарқанның шалдары сақалын сауған:
«Болмайды күнә білгенге бұдан зор асқан,
Батыста (кез ол хан Бату ұрандап шапқан)
Бір муаззин-кернейші дұғада тұрып,
Өліпті сарбаз оғынан Тұраннан шыққан.
Аластау үшін Алланың азабын бізден...»,
...Самарқанның ғажайып ажарын түзген
Регистанда бір поляк жез керней тартып,
Бабасының жалғады
азанын үзген...
Ақсақалдардың айтқанын растап тағы,
Гитлер өліп,
Польшаның Туы асқақтады.
«Түркістанның тәубешіл көгіне сіңіп,
Тыйылған, - дейді осылай, – ғарасат қаны».
...Тарихтың үрлеп күлдегі жыр қылған шоғын
Уытты тілді уақыт құл қылған момын.
Ырымдап мен де көрсем бе...
Римге қарай
Батудың, бәлкім, жалғармыз қырқылған жолын..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу