Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  241


Автор: Мыңбай Рәш

Әкенің көңілі – балада...

Менсінбеді ауылды,
Есілдерті қалада.
Езіліп жүрек бауыры
Егілер әке балаға.
Әкенің көңілі – балада,
Баланың көңілі далада.
Әкесі түсті әуреге
Үйі мен сатты малын да.
Қалаға тартты амалсыз
Қоштасты жекжат ауылда.
Тірнектеп жиған байлығы.
Болды да қойды шайлығы,
Арманның отын жаға алмай,
Баспана сатып ала алмай,
Сорлы әке батты уайымға.
Әкенің көңілі балада,
Баланың көңілі далада.
Жұмысқа мойны жар бермей,
Қалаған қызы «пар келмей»
Жағалап түнгі клубты,
Сор ұнтақ сорып, шіреніп,
Келеңсіз «іске» күреліп,
Шығарып қырыс қылықты,
Құтаңдап жігіт былықты,
Милиция қолын кісендеп
Қамауға ап, салды құлыпты.
Атаның көңілі – балада
Баланың көңілі – далада».
* * *
Жақсылық кірмес санаға
Осындай қылық оңа ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу