Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  141


Автор: Мыңбай Рәш

Қадырғали Жалайырдың жауабы

Әлікен Марғұлан:
Фәнидің білуші ем сан жолы айырын,
Армысың Қадырғали Жалайырым!
Айтулы орның бөлек Көктүрікте
Туса да не хан қара...талай ұлың.
Өзіңді іздеп зұлмат заманадан.
Әлікей Марғұлан ғой мазаңды алған.
Мен дағы сен секілді төрелерден
Қаршадайдан таяқ жеп «жазамды» алғам.
Абызға құлақ тосып сөзі қалған,
Тосуға тарихымды төзіп алғам.
Тегімнен тебен ине судырғандай
Ғадетім ғасырларға кезіп алған...
Қопардым қадім заман қатпарларын
От алдым шежіре, хисса жатталғаннан.
Бабалар таңбаларын тасқа қашап,
Сақталып бізге жеткен ақпарлардан.
Миымда мың сауалдар салып ойран,
Күлтегін, Тоныкөкке қалдым қайран,
Көне том көктүрікпен тілдестіре,
Тарихым түлегендей кетпес ойдан
Шыңысхан, Ақсақ Темір, Абылайлар...
Жосылған жорықтары сүспен сайрар.
Қазғанда жеті қабат жер қыртысын
Жұмбағы көне жілік көзді байлар.
Белімді бүкірейттім қазбаларда,
Тауыстым көз майымды жазбаларға.
Қадалдым, Қадырғали саған да сан –
Шоқанның «Манасымен» маздағанда.
Ерсің сен есейгеннен «Елім» деген,
Дәуірімнің дәртесіне жегілмеген.
Ұлықтап ұлт дәстүрін таудай ұстап
Желекті найза ұстап, жеңілмеген.
Тап болып қысталаң ой сапарында
Қасардың қатыгез патша қаһарына
Өзіңмен Ораз Мұхамбет ой бөлісті
Қазақтың кір жуытпай атағына.
Суырылдың әз ұлтыңның қынабынан,
Сөйлесең дариядай сыр ағылған.
Суырдың саф санамды ата тарих
Бұрқанған жыраулардың бұлағынан.
Саясаткер, қайраткер қалпыңменен
Тарихшы, ойшыл, ғұлама парқыңменен
Қадырғали Жалайыр деген есім
Мәңгілікке апталды алтынменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу