Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  289


Автор: Мыңбай Рәш

Әженің хаты

Үшбу сәлем жолдайды әжең,
Үрімшіден...ұғынсаң...
Туған жерге жетіп, дәурен,
Топырағына жығылсам.
Қазақстан, армысыңдар,
Уа, шаһары «Шаңырақ»!!
Сағынышпен боламын дал,
Аһ ұрамын аңырап.
Туған жерден тауып тұрақ,
Көк байрағы желбіреп,
Естідім мен жүр деп шырақ
Қара көзі мөлдіреп.
Шөберелер томпаң қаққан
Шуылдаса шұбыртып,
Сая тауып балабақтан
Ойнап жүр деп жүгіріп.
Бәрекелді, тілеулерің
Қабыл болсын Алладан!
Туған елің – тіреулерің,
Арманыңды жалғаған.
Шойырылып бел, сырқырап сан,
Жас тоқсанды тұспалдап,
Күңіренемін: «Қайран деп ел!»
Құрдым болып күш, салмақ.
Кәрілікті сезгендеймін
Таяқ тастам ажалым.
Өздеріңді күнде іздеймін.
Қайдасыңдар базарым?
...Ыстық сәлем жолдады әжең
Ұрпақ болғай ғұмыршаң!
Туған жерге жетіп, дәурен,
Топырағына жығылсам!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу