Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  104


Автор: Мыңбай Рәш

Қос данышпан

Сәске түс. Пай-пай. Күн де төгіп нұрын,
Жайнатқан ертектей ғып ой мен қырын.
Қиялдың қанатына мінгендейсің,
У-шусыз төңірек біткен тапса тыным.
Шығып-ақ «Қарауылдың» төбесіне,
Қайдағы ойдағылар кеп есіне.
Қос ішек домбырасын қолына алып,
Саусағы жосылғанда пернесінде.
Тамылжып Татьянаның ғашық әні,
Шырқата ақын Абай қосылады.
Тебірентіп «Тәңір қосқан жар едің сен»,
Жаныңды шымырлатар жосып әрі.
Төңірек тыңдағандай құлақ түріп,
Жатқандай жақын тұрғай, жырақ біліп,
Айтты Абай көз моншағын сорғалата,
Жабырқап жан жүрегі жылап тұрып.
Ілезде қағып алып ғажап әнді,
Кәрі, жас айтты кеште, азанда әнді.
Бұл әнге ақын Абай неге елтіп,
Апыр-ау, неге сонша мазаланды?
...Жосылта жолдың шаңын аспанға атып,
Келеді жолаушылар тас боратып.
Беймәлім неге, қайда асығады,
Қос тұлпар қоңырауларын сылдырлатып!
Үндесіп жатқаннан ба «Қаламқасқа!»
Қазақтың қара жолы тарам тас та.
Басында цилиндрлі қатқан қалпақ
Жолаушы түсіп жатты тарантастан.
Ассалаумағалейкөм, Ақын Абай!...
Ағалайкөм әссалам асыл ағай...
Тұрды алда жақ сақалды жұмбақ адам
Аумаған ұлы ақыннан, бірақ, қалай?!
Сездіңіз менің Абай екенімді,
Сіздағы айтып қойшы мекеніңді?...
Әу, Абай, Пушкинмін ғой, танимысың
Әніңмен көңілім көкке көтерілді.
Ой, Тәңірім, Александр Пушкинбісің?
Иә, Санкт-Петербургтен, сол бір кісің.
Араға ғасыр салып зорға жеттім
Жетелеп алып келді дарын күшің!...
Балаша қуанды кеп ақын Абай:
Саша ағай мейманым сол бір тумадай.
Япыр-ай, сенейін бе, сенбейін бе,
Нұр жүзің жарасқандай жаныма жай.
Воронцов...Дантес-мантес...өсектерден
Жалығып...арнай сені іздеп келгем...
Дейді ғой мыңның атын естігенше
Бір рет болар артық жүзін көрген.
– Қазақтың неткен ғажап даласы кең!
Саумал жел белесті сай арасымен.
Жол шексең жалықпайды екенсің еш
Даланың жұтқан жұпар ауасымен.
Данышпан, жоғары шық, төрім дайын,
Көрсем деп басушы еді мені уайым.
Мен бүгін тағдырыма ризамын.
Сақтай гөр сұқпа көзден, О, Құдайым.
Тігіңдер алтыбақан Ай астына,
Тұлпарды ерттеп дайын қой астына.
Қазақтың кең пейілін көрсін ақын.
Құрметтеп атшысын да жайғастыра.
Өлең сөз патшалары үш түн, үш күн,
Ән шырқап Абай, жырын оқып Пушкин.
Тебіренте «Қаламқас» пен Татьяна әні
Шаттықтан шашырады ғажап ұшқын.
Түс болмай...шын болса ше әттеген-ай, –
Деп қойды күрсініп бір ақын Абай.
Күңіренте домбырасын шерте берді.
Бей, ғұмыр, бейне сиқыр сахнадай.
Пар атпен қиян шеттен сайран көрген,
Десті жұрт: «Қамыт сақал қайдан келген?...»
Қарайды таңырқаса қайран қазақ,
Сырты-жау, өз ішінен ойран көрген.
Кір шалмас Гималайдың шоқтығындай,
Екеуін қосқан тағдыр, қосты Құдай.
Екеуін тапқан екі ғасыр ана,
Қазақ пен орыс халқы достығындай.
Қайталап «Татьянаны», «Қаламқасты»,
Жаңғыртып жапан дала, тау мен тасты.
Қуана қолтықтасып қос данышпан,
Мәңгілік деңгейіне қадам басты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу