Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  118


Автор: Мыңбай Рәш

Шұбартау шапағаты

Перзентің келді тағы, Шұбартауым,
Бұрымды Бақанасым, шығар тауым!
Сыбдырлы «Сарытерек» саясынан
Ескен ем жан тербеткен жыр арқауын.
Қызықтап ақ саумалын айлы аспанның,
Лақтырып ақ сүйекті жарысқанмын.
Жалақтап жалаңаяқ, жас дәурен-ай,
Жылт еттің жілік майдай бел асқан күн.
«Жидебай» жағасынан желікілдетіп,
Шіліктен жүйрік мінгем еркіндетіп.
«Айдынкөл» ақ қайраңын алға тосты,
Қаррмақпен іліп шықтым шөлпілдетіп!
Түбінен түлкі қуып «Қызылтастың»
Қарудай құрығыма мен де маспын.
Қызықтың өзі қызыл түлкі емес пе,
Бұлаңдай жөнелгенде қызықпас кім?!
Таңырқап тау текесін «Ақсоранның»,
Тентіреп «Тектұрмаста» тасқа орандым.
«Бірбеттің» ен жазығын төсеніш қып,
«Бесбақан», «Долағайды» жастап алдым.
Суынан Самсы қыздың сүзіп өтіп,
«Тай» менен «Байғошқаррды» тізгені етіп,
Шалқыдым «Шақпақтастан» шабыт алып,
Жидебай жайлауларын жүзіп өтіп.
Елесі мұның бәрі балалықтың,
Оған да шүкір, куә бола алыппын.
Бәрі де көрген түстей зым-зия ғой,
Мен жүйрік қиялыммен оралыппын.
Біржола балалықтың рахатын
Көргем жоқ ағыл-тегіл сыр ашатын.
Сұп-суық сұр жыландай сөз естідім,
«Ақтамның» түгескенде қарақатын.
Түсірген қалың елге қорғасын мұң
Сұм соғыс!
Қайрап кекпен ел ашуын.
Күлкіміз – көз жасымен алмасты да,
Көбірек ести бердік қарға шуын.
Дейді ғой жеті ағайын кесір деген,
Көбейіп кетті жетім, жесір деген.
Сұрапыл өтті майдан жер сілкінтіп,
Алапат – тарих мәңгі кешірмеген.
Бір көріп ел көтерген ауыр сынын
Жеңдік біз! Жауларға айтты дәуір шынын!
Отаным от шарпыған жас қырандай,
Қатайтып ұшты қайта қауырсынын.
Жайнады қызғалдақпен шығар тауым,
Елімен бірге осынау Шұбартауым.
Жңаша бастап кетті ақындар да,
Үзілген дүрбелеңнен жыр арқауын.
...Қуат ап Алатаудан, күн көзінен,
Нұр құштым поэзия күмбезінен.
Мұхтар, Сәбит, Қасымдай ағалар мен
Сырбайдың дәріс алдым күнде өзінен.
Болмасам да Қасым да, Қалижан да,
Сырбай мені титтейден тани қалған.
Теңізіне тасқын жыр құмп беріппін,
Оған куә осынау фәни жалған.
Мен Сәбиттің, Ғабиттің, басқалардың
Бағбан қолын ойымнан тастамаймын.
Шабытымның шаңырағын тіккен солар,
Жыр жолында жомартпын, досқа баймын.
...О, туғандар, лебізің тыңдайын деп,
Бүгінгі күн сыр ашар ыңғайым кеп,
Асқарына алпыстың шығып тұрмын,
Қаратабан баяғы Мыңбайың боп.
Шұбартау!
Болсаң да жер қиянындай,
Қиядан шыққан тұлпар тұяғындай,
Тұрасың бүйрегімді бүлкілдетіп,
Қараймын қайда жүрсем қиялымдай.
Жалданып жылдан-жылға жеңістерің,
Өрелі өрге өрлесін ер істерің.
Шұбартау шапағатын шарлап кеткен,
Алда да шалқи берсін өрістерің!
Перзенттік парызымды мен ақтауға,
Ант етем
Болса қайрат, оған, тәуба!
Сексеннің сеңгірінде
Жыр-дастанның
Тігем деп ақ ордасын – Шұбартауға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу