Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  144


Автор: Мыңбай Рәш

Шалқиды теңіз

Қату қабақ қара бұлттар,
Қара құстар қанатындай.
Мұңды, зілді, нала бұлттар
Жуса рақат табатындай.
Жүр жөңкіліп будақ-будақ
Жайлап Балтық жағалауын.
Олжа қуған шеттен шулап,
Үндерін-ай шағаланың.
Салқын суын шайқап дүркін,
Сыр берместен сабасында,
Шалқиды теңіз, шалқыр, шіркін,
Бұйрат құмы жағасында.
Керең, соқыр, мылқау теңіз
Тәуілік бойы жолатпайды.
Тау толқыннан еміс-еміс
Аждаһалар жалақтайды.
Ол бұрқанса, қара бұлтты
Қасапшыдай тастар турап,
Теңізіңді бір-ақ ұрттап,
Жазар жырын ұйқас құрап.
Шаттығымның шаңқай күнін,
Шырқау көкке шығарып ап,
Тұманыңның түтер түгін,
Қонса шабыт – шын аруақ.
Мейлі бұлтың сейілмесін,
Мен шабыттың толқынында.
Жарқыратып жыр сәулесін,
Жүзем жылы қолтығыңда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу