Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  145


Автор: Мыңбай Рәш

КИЕЛІ ДОМБЫРА

Ғасыр адамы
Мұхиттай мөңкіп шабыт, жыр қысаған,
Арнадым дастанымды, пірім, саған.
Сазымен сағыныштың сиқырлайын,
Басыңды көтерсеңші, Нұрғиса ағам!
Дастаным – бағышталған сыйым саған,
«Тірі! – деп сұрайыншы сүйінші ағам!
Алты алаш ақылына сыймай қойды –
Суық сөз: «Айырылдық!» деу – Нұрғисадан.
Көкірек қарс айырылып, мың босаған,
Өзіңе ой көзіммен күнде соғам.
Кірпікке үйірілген жас кеппей қойды,
Ұйқыдан оянсаңшы, Нұрғиса ағам!
Қызыл түлкі ілетін қыран сынды,
Күй сандықта саусағы думан сынды.
Алпыс екі тамырда қан орнына
Киелі күй күмбірлеп тұрған сынды.
О, Нұр-ағам, дарынды домбырашым!
Кеудеме бақыт құсын қондырасың!
Қытықтап, қалықтатып, шарықтатып,
Кейде өртеп, кейде үрейлі тоңдырасың!
Оң қолың саусақтары перне басып,
Сол қолың кемерінен кернеп тасып,
Шанағы шағаладай шаңқылдайды,
Тұлпардай көкпар тартқан ала қашып.
Қандырып шөлімді күй бұлағына,
Ойнайсың қозықұйрық құлағында.
Әйгілі «Әлқисаңа» жөнелгенде,
Сиқырың бардай саусақ, тырнағыңда!
Нөсер саз – жұмбақ әлем ашылмаған,
Құлама – тау суындай тасырлаған.
Зымырап ғарышкердей самғайсың-ау,
Ғажайып күй шалқытқан Ғасыр-Адам.
Десек біз күй атасы Құрманғазы –
Қазақтың құдіретті бір маңғазы.
Күйінен жалын шашқан жанартаудай
Атылып, ағытылып тұрған сазы.
Жүректен жайлау тапқан қимыл-көркі,
Жарасқан тал бойына ел құрметі,
Нұрғиса – Тілендінің бел баласы
Секілді хас өнердің құдіреті.
Мәскеуден келе қалған Тихон мырза,
Ой тербер «Отырарға» болып ырза.
Тебірене Димекеңе сырын шерткен:
«Өн бойы өнер тұнған ерек тұлға!».
Қазақтың өнерінің өркештігі,
Аңызы, шежіре, ертек, «Ертөстігі».
Күй-дастан күмбірлеген, сыңғырлаған
«Отырар» – Тілендиев оркестрі!
Ол тартса домбыраға тіл біткендей,
Ғажайып күй кешесің ертектердей.
Тамсантып, таңдандырып тыңдаушысын
Дарынның сиқырымен тербеткендей.
Сағына өз атасын «Отырары»,
Сахнадан сазын самғап отырады.
«Отырар» – мәңгі соғар жан-жүрегі
Өрістеп өнер өріп отыр, әне!
Ғарышта әр пенденің иесі бар,
Дегендей Нұрғисаның киесі бар.
Жамбылдың болса қызыл жолбарысы
Ал оның Алатаудай түйесі бар.
Бәлкім, ол құты болып қалған нар ма,
Шомылып шабытына салған арна.
Көрінбей көп көзіне керуен ертіп
Ұқсайды көш бастаған бабаларға.
Жұмбақтай шешілмеген бұл арасы,
Десек те кесек сазгер сыбағасы.
Оқырман, дастанымның томағасын
Суырып сахнаға бір қарашы!
Ата толғауы
Қоңырлап қоңыр басталып,
Қобызын Қорқыт ойнатып,
Құлпытас ғасыр жастанып
Қойнынан тарих сайратып.
Запыран құсып зарлаған,
Қасиетті туған елі ме?
Атой сап жаудан қорғаған
Шертілер айбат шежіре!
Қарасай сынды батырдың,
Қаһары қайтпас жатқандай.
Сазында сарнап жатыр мұң,
Шежіре шертіп айтқандай.
Қас жауды жайпап төтеден,
Жүргендей сұсты Өтеген.
Райымбек жортып өткенде
Тітіреп кеткен әр төбең!
Күй-дастан жатыр төгіліп,
«Отырар» оркестрінен.
Жанымен тұтас жегіліп
Сездіріп сергек түрімен.
Дирижер қолын сермейді,
Армия генералындай.
Өрлейді, жанын тербейді,
Тұтанып, жанып жалындай.
Өзімен бірге күй кештім,
Тарихқа сапар шеккендей.
Сезіммен бірге үйлестім,
Құс болып ұшып кеткендей!
Құбылыс – қалай десек те,
Нұр-аға – ғасыр адамы!
Әр ізі оның есепте
Көтерген көкке заманы!
Күңіреңді «Ата толғауы» –
Бір тұсы – бергі соғыстай,
Бір тұсы – айтқан ел жауын –
Мүддесі жатқан қабыспай.
Желтоқсандағы жастардың,
Қаһарлы қату үніндей.
Суырыла шықты астар – мұң,
Тілімен сұсты тілімдей.
Бір тұсы – елін ерлікке,
Шақырған Жамбыл жырындай.
Үндеді ерен ерлікке,
Қарасай баба сырындай.
Ата мен баба аңсаған,
Ғасырлар бойғы армандай.
Көгілдір тумен қарсы алған,
Жайқалған жасыл ормандай!
Егемен елміз дегендей,
Арындап шалқып, құйғытты.
Шаттықпен теңіз телегей,
Шарықтап келіп, күй бітті!
Алатау тұлға ағасы
Қаншама қырғын-сүргіннің,
Куәсі болған Алатау.
Алпамыс, Манас мың жырдың,
Тұнбасы болған Алатау.
Сүйінбай менен Жамбылдың,
Сүйеуі болған Алатау.
Көмейі күміс дүлдүлдің
Тиегі болған Алатау.
Әлемнің жарыс, әніне,
Айдынын тосқан Алатау.
Айналып жердің сәніне
Байлығын тосқан Алатау.
Киелі сазгер кіндігі,
Кесілген тұсы – Алатау.
Ашылып үйдің түндігі
Көсілген тұсы Алатау.
Тіленді үйі тойының,
Есігі болған Алатау.
Нұрғисадай ұлының,
Бесігі болған Алатау.
Сібірлеп атқан ақ таңда,
Шабыты болған Алатау.
Шалғайға бара жатқанда,
Бағыты болған Алатау.
Сондықтан ба екен бұл тауға,
Ауғаны ерек аңсары,
Десек те, биік бір тұлға
Болғандай бейне ән сәні!
Шалқу
(«Аққу күйі» хақында)
Қаңқылдап қатарларын тізіп келіп,
Баяулап көлге қонған сызып келіп.
Ақ қардай қанатымен су сабалап
Аққулар асыр салар қызық көріп.
Сыланып сұлу бикеш таранғандай,
Сүйгені қызғанышпен қаранғандай,
Иреңдей мойындары би билейді,
Салтанат, сұлулыққа жаралғандай.
Үндері қаққан бейне қоңыраулап,
Жүзеді шыр айналып омыраулап.
Кішкентай көгілдірлер соңына ерген,
Көркімен кербезденген көзді баурап.
Жүзеді аққулар,
Тізеді аққулар.
Сүзеді төсімен толқынды.
Әткеншек тепкендей,
Салтанат шеккеңдей,
Сыланып сәнденер мың түрлі.
Ыбыр,
Жыбыр,
Күбір,
Сыбыр,
Айдында ұшан,
Қыңқыл,
Сыңқыл,
Күңкіл,
Шіңкіл,
Аспанға ұшам! –
Дегендей,
Бөгелемей,
Өзің деп,
Өртендім,
Серт бердім,
Махаббат отымен
Дерттендім.
Қаңқ!..
Мөлдірді сабалап,
Қоғаны жағалап қайтам,
Қиқулап,
Қаңқылдап,
Саңқылдап,
Әуенімді айтам.
Сыңарым,
Шынарым,
Сүйгенім,
Күйгенім,
Көңілге түйгенім,
Қайдасың?
Бармысың?
Жарың – мен,
Арың – мен.
Қанатым талғанша,
Ұша алмай қалғанша.
Біткенше демім,
Сыңарым менің,
Армысың?
Өртім,
Сертім,
Дертім – өзің.
Шаңқ!
Бойымды,
Ойымды,
Ғашықтық,
Асық қып,
Билеген сезім,
Қанатты қағып,
Жұлдыздай ағып,
Сені іздеп барам!
Өзіңсіз,
Сезімсіз,
Тіршілік атаулы,
Мен үшін харам.
Ыбыр-жыбыр,
Сыбыр-күбір,
Дабыр-дүбір,
Шалп-шалп,
Қаңқ-қаңқ,
Саңқ-саңқ,
Шаңқ!
Кеудеде – альт,
Теноры тізесінен,
Қиқулап қос домбыра шігесінен
Аққулар көл бетінде асыр салған,
Қаңқылы кетер емес бір есіңнен!..
Аққулар ұшты қанат сабаласып,
Қызу күй қаңқылына араласып.
Сәнінен айырылғанын аза тұтып,
Тұнық көл долданғандай жағаласып.
Асырып асау толқын сабасынан,
Тасқын су пайда болды жағасынан.
Айдында асыр салған аққулар жоқ,
Құлазып ұшты кімнің табасынан?..
Долданған көл азасын баса алмады,
Түнеріп көк аспан да хош алмады.
Қаһарлы Хан Тәңірден бұлт үйіріліп,
Қайдағы қара құстар шошандады.
Дәм-тұзы таусылғандай тірліктегі,
Аққулар нендей жұмбақ сыр бүккені?!
Қанаттар сабалаған көл күрсініп,
Аңыздай ақын жазған жыр бітпеді.
Арынды «Аққу» күйі басылмаған,
Дарынды жұмбағы ма жасырмаған?!
Мәңгілік мирас етіп тастап кеткен,
Сыйы ма ұлы сазгер – Ғасыр-Адам!
Жоқтау
(Элегиялық түйін)
Мәңгілік мұра қалдырған,
Жаралған жаны ән-жырдан.
Толғауы ойға шомдырған –
Өлді деп оны кім айтар?
Самалды таулар қойнауы,
Сағынған сары жайлауы.
Әндетсе жастар жайдары –
Көмді деп оны кім айтар?
Селдіреп қалған күздегі,
Секілді бейне қурай, тал.
Ақындар кімге жыр айтар?
Сиқыр саз кімге сыр айтар?
Өзінің жоғы мұңайтар,
Сезімнің жоғы мұңайтар.
Бұл сөзді Алатау айтар,
Бұл сөзді Қаратау айтар.
Бұл сөзді нұрлы Күн айтар,
Мен айтпай, ақын, кім айтар?
Даңғайыр дарын иесі,
Домбыраның құдірет киесі –
Нұрғиса жоғы мұңайтар!
* * *
Жасанды жасап ақ алмас,
Жәдігөй жалған пір жиса,
Бәрібір ешбір бола алмас –
Тілендіұлы Нұрғиса!
* * *
«Тізеге Жамбыл қондырған –
Маңдайдан мені иіскеп,
Жеті жасар шақта алып.
Ал мынау кие домбырам,
Талайдан жүрген сақталып.
Жұбанов берген домбырам,
Қуанып көрген – мол мұрам!
Дейтұғын дархан дарыным –
...Бітірген қанат жанұям,
Жан жарым Дахам – Дариғам;
Жанымдай қызым Динзұхрам!
Жылама, кетсем елім бар,
Алатаулы асқар жерім бар,
Жоқтатпас, жастар, қарияң,
Жоқтатпас мені ар, иман!».
* * *
Топырақ жерден бұйырды –
Тіріңде айтқан армандай.
Теңіз боп көз жас құйылды,
Алматы көшіп барғандай!
Жанында Жамбыл атаңның,
Жәннатта болды тұрағың.
Ұмытпас мәңгі отаның,
Сарабдал сазгер қыраным!
Нұраға!
Тірі кезіңде
Шомылдың шаттық сезімге.
Марапат қаптап жататын
Жарысып келген өзіңе.
Тағдырдың сезіп жазымын,
Құлақтан кетпей саз үнің.
«Қаһарман» атақ – кеудеңе
Елбасы тақты – Әз інің!
Таусылмас арман демесек,
Тағдырға өкпең жоқ шығар.
Несібең – мәңгі келешек,
Жоқтар сөз алда көп шығар!
Нұраға!
Орның бөлек қой.
Өлді деп сені кім айтар?
Сағыныш – ол да керек қой,
Еске алған шақта сыр айтар...
Сөнбейді сенің шырағың,
Өрлейді самғап жыр-әнің.
Сарқылмас кәусар бұлағым,
Қастерлі «Қалқанқұлағым!».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу