Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  125


Автор: Мыңбай Рәш

САБУХИ

Сүйінші!..
Бородино дүрбелеңінен
Дүние толқып көшкендей...
...Туды бір сәби,
үнінен
Таң жыры шалқып ескендей.
Сүйінші!
Туды бір перзент.
Кім десек екен есімін?
Маңдайы жазық, нұр келбет
Қақты кеп дүние есігін.
«Меңіреуліктен құтқарам
Мүлгіген мынау даланы;
Арайлы таңды күт, далам,
Көруге жарқын жаңаны!».
Дегендей,
Мұңды арманда
Тұрғанда әзиз Отаны.
Нухиде, таудың баурында
Дүниеге келді Фатали!
Кеудені кектің кернеген
Тұтанбай тұрған оты әлі –
Кезінде кепті дүниеге
Ахундов Мирза Фатали!
Қараңғы қапас еліне
«Азаттық» сөзі жат әлі
Шағында,
Таң боп жеріне
Атыпты Мирза Фатали!
Зерделі, білгір, дарынды
Әйгілі болып атағы,
Күрестің ұлы, таң ұлы –
Кешіпті ғұмыр Фатали.
Үстіне киген патшалық
Мундирге анау қарама!
Келешек үшін қаншалық
Тер төкті – соны сарала!
Қатыгез заман болса да,
Қаламын тербеп жұрты үшін,
Ақтарды сырын қаншама,
Жасырмай зілді күлкісін.
Бүгінгі біздің ғасырды,
Қиялдап, болжап, тіл қаттың.
Ағайын елдің асылы,
Өзіңсің – уа, қымбаттым!
Сен ұлы болсаң – огуздың,
Мен деп біл – қыпшақ ұрпағы.
Өзіңмен телмін, егізбін,
Бірге атқан азат нұр таңым!
* * *
Жарлылардың жан-жүрегін, жаралап
Жазықсызды жәбірлеп һәм қаралап:
Адамдарды жікке бөліп, алалап,
Өтті жылдар...
оған куә – Қарабах.
Низамидің Ләйләсі мен Шырынын,
Физулидің естідің сен сыр үнін!
Зіл күлкісін, семсер тілін Закирдің
Естігеннен жанарыңда жатыр мұң!
Суайт молла: «Бар деп сиқыр сусыным»,
Аңқау елге тықпалап жүр тұмсығын.
Химиягер «қаракетке»кіріссе,
Жез, мысыңды айналдырмақ күміске.
«Қарбызбенен емдеймін, деп, безгекті» –
Балгерсымақ ауруларды меңдетті.
Сараңдығы Шығайбайға барабар,
Байлық үшін дір-дір Хаджи Қаралар.
О, Сабухи, зердесі зор ғұлама,
Әзиз ойың паш етілмей тұра ма?
Шашыңның да әрбір талы ағарған
Шырғалаңды шақтарың көп, мол арман.
Салмақты, сом, терең ойлы жүзіңнен,
Сезгендеймін салқын ғасыр ізін мен.
О, Сабухи, асыл мұрат сардары,
Қазақ ақын саған жырын арнады.
Сен аңсаған, сенің күткен таң нұрың –
Менің таңым, менің дағы тағдырым!
Балғын балалық
– Бау-бақтағы құс қиқуын қызықтап,
Жапырақтарды сабағынан үзіп қап,
Бала күнім көбелекті қуыппын,
Өзім-дағы көбелекке жуықпын.
Карабахтың етегіне салынған
Туған шаһар тал мен гүлге малынған.
Бау-бақшасы толы жүзім, жаңғаққа
Ұласады сағым қуған аулаққа!
Жұпыны бір бар-ды тоқал тамымыз,
Екі бөлме болатұғын барымыз.
Келген пенде еңкейіп тек енеді,
Үйіміз тар, пейіліміз кең еді.
Еміс-еміс ойға аламын кейін мен,
Есейгенде күңгірт тартқан зейінмен.
Патша мен шах қақ бөліпті елімді,
Екі бөліп кең көсілген жерімді.
Аракстің біздікі бір жағасы,
Бір жағасы – бопты әкемнің панасы.
Азербайжан!
Арайланған өз елім,
Қосылып бір айта алмаған ғазелін.
Дүниеге мен келгенде күлімдеп,
Әкем байғұс айта алмаған: «Ұлым» деп,
Қаза болған жан әкемнің түр-түсін,
Білген емен, көрген емен күлкісін.
Тавриз, Гяндже, жоталы тау Карабах,
Құт мекенім! Ғұмыр кештім аралап.
Мен жетімдік көрмесін деп анашым
Маған әке етіпті Ахунд ағасын...
Қалың елім қараңғылық жайлаған,
Өтті күндер дін сарынын сайлаған.
«Алла жолын бұзбайық» дер үлкендер,
Ал молланың көмекейі бүлкілдер.
Той емес-ау, табыс іздер молдекең,
Бара қалса, мол түсімі қолда екен.
* * *
«Балам, жүр, – деп, – шариғаттың жолымен», –
Ахунд қанша қақпайласын қолымен;
Дін жолынан сезбей Мирза жақсылық,
Көре алмады көне оқудан жақсы үміт.
Түнде шалғай жұлдыздарды жұмбақтап,
Ұмтылды Айға, жүрді жалғыз сырғақтап.
Жуандардың байлық толы маңайын,
Саудагердің сәнді керуен сарайын;
Өз көзімен көрді Мирза талайын –
Ала-құла тұратынын ағайын.
“Аракс” еш жаңылмайды ағыстан,
Қырғиқабақ атысқан ел, шабысқан.
Кім махрум айтатұғын дауыстан?
Ал кімдердің бұ заманда бағы ұшқан?
«Ахунд ата, көнбеді, деп, ырқыма,
Мен ұлыңды меңіреу етпе, қор қылма!
Менің жолым бөлек, сірә, жүретін, –
Дер Фатали, – жетсе егер құдіретім!
Жаны ашымас елге бек те, шах Аббас!
Жаны ашымас, мейлің сүрін – қата бас.
Хандар, шахтар сарайға тек сүйінер,
Шыбын ғұрлы көрмей жұртқа шүйілер.
Байлар – пасық, құлқынының құлдары,
Ер намысын жыртар қайда ұлдары?!
О, құдырет! Қайда шындық? Адалдық?
Неге өріс алып кеткен надандық? –
...Осынау ойлар Фаталиді мазалар,
Жауыздық көп, қолдан келсе, жазалар.
Ахундтың ақырғы сөзі
– Сөнетінін қарашығы көзіңнің,
Семетін бір болатынын кезіңнің.
Мен өз басым қаршадайдан сезіндім,
Бері келші, мен жанымнан безіндім.
Бауырға сап қаршадайдан сені мен,
Әке орнына әкең болып келіп ем.
Ақырғы рет сүйгізші бір бетіңнен,
Өнер қуып сен шалғайға кетіп ең!..
Деңдеп дерті, меңдеп бойы арыған,
Фаталидің өзін әрең таныған;
Қарт Ахундтың қолы дір-дір етеді,
Дауысы да құлаққа әрең жетеді:
– Қалды өмірім дейсің қанша сағаттық...
Айтқан кезім болса саған ағаттық.
«Кештім!» деші. Қалсын жаным дауалап,
Жөтеледі... тыныс жетпей барады-ақ...
– Иә, балам, адаспадың жолыңнан,
Оқығансың. Бәрі келер қолыңнан.
Шенің өсіп алтын пагон тағыпсың,
Патшаға да жұмысыңмен жағыпсың.
Саған қояр кінәм де жоқ менің еш,
«Молла жолын қу» дегенге мені кеш!
Сан молланың қулықтарын байқадым,
Талай-талай өкініп бас шайқадым.
Жөн, Фатали, мұратыңнан тайынба,
Қиындыққа қайыспа еш, мойыма.
Берер батам – жолың болғай қайдада,
Оқуыңды асыра бер пайдаға!
«Әумин!» деді Ахунд созып аяттай,
Үзіп-үзіп сөзін әрең аяқтай.
Фаталидан болды жауап тосқандай,
Атасына қарап тұрды жасқанбай:
– Кештім, ата, болса кінәң кешетін,
Бәрі тағдыр ісі екен ғой шешетін!
Жоқ-ау кінәң
Түспей тұр ғой есіме,
Оған ата қиналасыз несіне!
Қайта өзің алмады деп тілімді,
Жазғырдың ба екенсің мен ұлыңды?
Еш пендеге бермес опа уайым,
Өкпем жоқ еш өзіңізге ылайым.
Бәлкім, әлі-ақ сауығып та қаларсың,
Тифлиске менімен бірге барарсың?
Ахунд басын шайқайды «жоқ!» дегендей,
Келеді деп ажал әлі-ақ бөгелмей.
Ақырғы рет көрдім атам жанарын,
Мұздай екен – қолын ұстап қарадым.
Күн ұяға батарында сәл ғана
Сәуле бар ғой! – соны қалдым аңғара.
Риза боп қалды-ау деймін ішінен,
Жатыр Ахунд бәрін болжап түсінген.
Ахунд атам сол жатқаннан тұрмады –
Ол байлаулы болды ажалдың құрбаны.
Жақсыдан шарапат
– Жұмыр жер мен кең аспан... бар тіршілік,
Өсімдіктер өскен Күнге құлшынып.
Еңбектеген жас нәресте, қария,
Асқар асу, не ғажайып дария –
Бар-баршасы әмірі ғой Алланың,
Құдай жолы болсын ойың, арманың.
Адалдықтан болса егер үмітің,
Бес намазды бұзбай ұста, жігітім.
Суғарылмай сауат ашу сызымен,
Шариғаттың жүретін бол ізімен!
Осы – саған берер біздің батамыз,
Ал өзіміз бір Алла деп жатамыз!..
– «Болмайды!» деп салсам, бұлар өкпелер,
Ашуларын қайрап алып төпелер.
Үндемейді, аулақ үйдей пәледен,
Түк шықпайды, мейлі қанша дәмелен.
Сенбейді олар жерді – жұмыр дегенге,
Тәңір бар деп есептейді төбеңде.
Құдай ісі – наурыз айы келгенде,
Қозы толса маңырасып көгенге.
Олар үшін: кедейлік пен байлық та
Құдай ісі – көңіл кенет шайлықса.
Дүниеге келе қалған сәби де,
Құдай ісі – өлсе біреу, бәрі де!
Нухидегі орыс-татар мектебі,
Жас Фатали сонда оқып көктеді.
Бар бұйрықты күтетұғын Алладан,
Дәріс алды ол Гусейн молладан.
...Он алтыға толған еді Фатали,
Жұртқа мәлім емес әлі атағы.
Өзеннің қос жағасындай жарысқан
Дін мен шындық кезі бар ма табысқан?
Не діндарлық жүрегіне ұялап,
Не ғылымның қиын жолын қиялап;
Қауашағын ашқан гүлдей жайнамақ,
Екі бағыт арасында ойға қап.
«О, Низами – асқан дарын емес пе,
Бұл шайырлар жандар шығар ерекше!..».
Өзі-дағы жыр жазуға талпынған,
Шайырларды көрсем-ау деп шарқ ұрған.
Бір күні кеш Мирза Шафи ақыннан
Өлең естіп, көргені бар жақыннан.
– Тыңда, – деді ол, – ғазелімді, балақан,
Қауырсыны қатаймаған балапан!
Тыңда жырды, уа, Фатали, балақан,
Дін жолында жая бермей алақан!
Иесі сен, білсең мынау заманның,
Әуенін ұқ мен шырқайтын жаңа әннің!
Шариғатқа шырмалып бос күйінбе,
Дүниеқоңыз болма, жоққа сүйінбе!
Айырмасы қайда ақ пен қараның,
Дауға түссең, бар ма қару-жарағың?
Жан екенсің өрістейтін талабың,
Маған ұнап қалды сенің жанарың!
Түнек бола көрме көпке түнерген,
Кемел ойлы кең дала бол гүл өрген.
Атқан таңдай ашық екен келбетің,
Сауат ашып, серпіл, болмай сен жетім.
Міне қолым, дәріс алсаң, мен дайын,
Аянбаспын, шәкірт болсаң сен дәйім.
Өз еліңе атқан шаттық таң болғай,
Сана нұрын себелеген жан болғай!..
– Рахмет, шайыр аға, сөзіңе,
Сенсеңіз, мен ғашық болдым өзіңе!
Міне менің достық қолым, жүрегім,
Баста, ұстаз, шәкіртің боп жүрейін!
Орыс тілі, әдебиет... құшағын
Айқара ашты, қажетімше құшамын.
Мен ғаламат бір сұңқарға ұсадым,
Қанат қағып, шарлап шалғай ұшамын!
...Суыртпақтай суырады ең маңызын,
Оқиды ол «Игорь полкы аңызын».
Ақыл – қайық. Талап – ескек еседі,
Білім – шалқар. Толқындарын кешеді.
Арадайын шәрбәт шырын іздеген,
Аймағы жоқ ол аралап сүзбеген.
Ақтарылар Аристотель, Сократ,
Мольер, Байрон... білігі мол атырап.
Тарихтың да қойнауларын бойлайды,
Толғанады,
Топшылайды, ойлайды!..
...Сұп-сұр болып келген кітапханадан,
Білім қуған, тынымы жоқ баладан
Көзін алмай Нанэ ханым-анасы,
Тебірене жайын білер жан ашып:
– О, құлыным, тағы Тавриз бардың ба?
Білесің бе, не күтіп тұр, алдыңда?
Мезгілінде тағамыңды ішпейсің,
Тағам ішпей, қайдан келер күш дейсің?
– Кешір, мама, тағам да ішем, оқимын,
Дүние сырын көкірегіме тоқиын...
...Ертең тағы сыр шертеді шежіре,
Ден қояды Рашид ад дин сөзіне.
Ақтарылар көне тарих сырлары,
Шығыстағы жеті жұлдыз жырлары.
Көз тұндырар Абдул Хайю ертегі,
Таңғажайып ертегінің жерлері.
Беу, шығыстың жойқын жеті шырағы,
Сарқылмайтын каусар газел бұлағы.
Өздеріңде – жер жаһанның құнары.
Өздеріңде – ғашықтардың құмары.
Баку ханы, Нухи ханы, Дербент...– деп
Өз бесігін әркім өзі тербеткен.
Көне Гяндже! Қарт бабадай әжімді,
Не көрсең де білмедің-ау кажуды.
Төнді саған түріктер де азулы,
Араб, парсы шапқыны да жазулы.
Кетті жаулар келген ізбен таптаған,
Гяндже! Сенен неге тұрақ таппаған?
Неге олардың ішкен асы батпаған?
Низамидің естіп жырын тоқтаған...
«Тау елінің жортпа, – дескен, – тұсында»
Рүстем мен Ескендірдің сұсы ма?
Гяндже! Гяндже! Алтынменен аптаған,
Шайырлардың жырын жаттап, сақтаған.
Қожа Хафиз, Жәми, Сағди, Фирдоуси,
Ақындардың өшпес мәңгі саз даусы.
Асыл сазды алтын ойлар тозбайтын.
Тот шалмайтын, жан-жүйкеңді қозғайтын!
...Қайран ана есіл-дерті балада,
Бұл фәниде не жетеді анаға?!
Қазір тағы жанашыр сөз арнайды,
Перзентінен жанарын бір алмайды:
– Құлыным-ау, кетіп ең таң бозынан,
Бұл не оқу ұзақты күн созылған?
Бүйте берсең, сен өзіңді жоясың,
Көп оқуды қашан ғана қоясың? –
Қайран ана! Көзін жаспен бұлайды,
Ұлын аяп, кәдімгідей жылайды.
– Ана, бұған налыма деп жалынам,
Тердім жеміс терең ойлар бағынан!
Қуат барда, құштар барда оқиын,
Даналардан шыққан сырды тоқиын!
– Шариғатшыл адамдардың қолы кең,
Тым құрмаса жүрмедің дін жолымен.
Кім біледі не боларын, балам-ай! –
Басын сипар перзентінің ана жай.
Фаталидің көзінен ой ұшқындар,
Бір ғажайып жарқыраған ұшқын бар.
Толғандырар көптің зары, мүшкіл хал,
Фаталидің көзінен от ұшқындар.
Шығыс дастаны
– Құласа да шатасып шах,
Салған беттен сенер едім...
Өлді Пушкин, таудай құлап,
О, сұм хабар, неге келдің?
Қайдағы бір қаңғыбастың
Дарып оғы-қорғасыны,
Тітіретті-ау аспан астын,
Мұңға бөлеп мың ғасырды!
Кап! Сәл ерте сезгенімде
Тұтанып ел ызбарынан,
Маған қарсы кез келгенде
Кавказдың шың-құздарынан.
Ұшырар ем қаңбақтай ғып
Бол деп, найсап, құзғын жемі!
Шаққан шірік жаңғақтай ғып,
Лақтырмас па ем, бәлем, сені!
Қан жалатып, тұмсыққа ұрып,
Тентек Терек ағысына,
Аунатар ма ем тұншықтырып,
Оқ жұмсады-ау намысыма! –
Деп күйініп Мирза сонда,
Күндіз-түні толғанды кеп.
Батқан күйі қайғы-мұңға,
Шерлі қалам қолға алды кеп.
Көп жоқтады, жол таппады,
Терең ойға кетті бойлап.
«Жырлау керек!» деп тоқтады,
Тебірене ойлап-ойлап...
Бірінші түн
Ақын өлді!
Россия қаралы!
Ауыр қаза, кетті шарлап хабары.
Жырға ынтызар халық жаны жаралы,
Жабырқаулы адал жандар қабағы.
Ақын өлді өсек-аяң, егестен,
Ақын өлді адалдықпен тел өскен.
Мерт болды ақын, намысының құрбаны,
Ақтарылмай қалды қанша сырлары?
Ақын жанын душар еткен егеске, –
Жат пиғылды келімсектер емес пе?
Россия, шықтың нендей «белеске!»
Шетелдікке есік аштың емес пе...
«Оревуар!» – болды қолын сермейтін,
Қайда жолың болшаққа өрлейтін?!
Сол арамдар ақыныңа оқ жұмсап,
Креслодан керіледі жұп-жұмсақ.
Пушкинді іздеп Россия қайғырды
Поэзия қанатынан айрылды!
Ал шынында бұл өлімге себепші –
Өздері ғой! Бөтен ешкім емес-ті!
Екінші түн
Лермонтовтың оқып «Ақын қазасын»,
Фатали да жазды Шығыс азасын!
Қайғы шегіп орны толмас қазаға,
Кек қайнатып, кетті қашып маза да.
Жазды ол тұңғыш шерлі «Шығыс дастанын”
Күңірентіп бүкіл Кавказ аспанын!
Жасырмады қайғысы мен ызасын,
Ақиқатты айтсаң, торды бұзасың!
Россия төріндегі төрені
Ол Кавказда өз елінен көреді.
Қырық – бір жақ, қыңыр – бір жақ – қайда да!
Мейлің ғой түсірсең де айнаға.
Қызу оймен тұтанады Фатали,
Не болады мешеу қалған отаны?
Жалғаны жоқ жол іздейді жерінен,
Жабырқаған, езгі көрген елінен.
Жанарынан тағы да от ұшқындар,
Қолда бары – өткір қалам, үшкір бар.
– Тал бойымда барда менің қуатым,
Уа, өзіңе серт етемін, ұлы ақын!
Адамшылық сүйгендердің құлымын,
Сабухимын, атар таңның ұлымын!
Үшінші түн
Қашады ұйқым,
Селт етіп нәр сызбадым,
Қайран жүрек, қайғы қарып мұздадың.
Ақындардың ақынынан айрылдық,
Күллі Қавказ қара киіп қайғырдық.
Қөз жасы – көл, кермек татыр тым ащы,
Бақшасарай фонтанымен ұласты.
Адам тұрмақ қайғырады қағаз да,
Құштар болып жыр сорғалар сабазға!
О, Пушкин! Бұлбұлдардың бұлбұлы!
Жолы бөлек жүйріктердің дүлдүлі!
Өршіл ойы – Россияның мақтаны,
Поэзияның құдіреті, тақ, бағы!
Тым болмаса қырықтың да қырқасын
Көрмедің-ау, ғасыры бір құрдасым.
Үңірейіп қала берді-ау орының,
Көрген түстей шабыттарға толы күн.
Мерт болдың-ау жексұрын бір жендеттен,
Үшінші түн көз жасымды селдеткен...
...Көріп келем бектер менен шахтарды,
Адамды алдап, ар-ұятын сатқанды.
...Көріп келем, әлсіздерді илеген
Залымдарды – зарлатып ел билеген.
Ой салады Париждегі дүрбелең...
Азаттықты армандаймын күнде мен!
Қызығамын таулықтардың әніне –
Жақсылықтың жақтаспын мен бәріне.
Ақсүйектің, мұжықтардың мекені –
Россия екі түрлі екенін.
Сезем!
Солай біздің-дағы еліміз,
Бай мен кедей – ара жігін көріңіз.
Керек емес бұқараға екі елің,
Азат болса – біреуі де жетеді!
...Ойға аламын Декабристер тағдырын,
Ойға аламын дүрбелеңнің барлығын!
Оятсам деп Азияны, Шығысты,
Армандаймын атар таңын ырыстың!
Армандаймын: адам біткен туыссын,
Туыссын да бір-бірімен ұғыссын!
Мешіт, шіркеу, пайғамбарға сенбеймін,
Зейін қойып, білім нәрін зерлеймін.
Сорлы елім-ау, серпілуің жөн деймін,
Шариғаттың шатпағына көнбеймін.
Низамимен қатар оқып өз елім,
Пушкиннің де жаттай білсін өлеңін.
Армандаймын туысса деп халықтар,
Оқылса деп барша тілде алыптар!
Ұлы Пушкин! Талантына бас ием,
Мұраң сенің – таусылмайтын несібем!
Шындық туын мен де арыммен көтерем!
Ойлы сөзден лапылдата от өрем!..
...Жан сөздерін ағытқанда Фатали,
Көз алдында тұрды мұңды Отаны!
Қандай ауыр ақын Пушкин қазасы,
Қандай ауыр ойлы Мирза азасы!
Лермонтовтың өлеңімен үндесіп,
«Шығыс дастан» – шындық сырын тұрды есіп
Ащы зар мен кеуде кернер кегі де,
Аян болды Россияның еліне!
Кездерінен бұршақ-бұршақ жас тамды,
Таң ұлының өнер жолы басталды!..
Алданған кім?
Күн батуға құрық бойы қалған-ды,
Көктем лебі тамылжытқан бар маңды.
Бұлбұл құстар тұрған сайрап бау-бақтан,
Самал есіп теңіз жақтан, тау жақтан.
Дидарына елтіп Сальми ханымның:
– Иесі өзің кеудемдегі жанымның! –
Зайыбына құмарта шах қарайды:
– Жанарың-ай жарқыратқан маңайды!
Кальянын шегіп алып масайрап,
Шах Аббас та танытқандай жас айбат.
Кіріп келді Мирза Садр ад-дин де,
Бар екенін сездіргендей әңгіме.
Дидары оның қуқыл тартқан секілді
Кім біледі, не жаңалық әкелді?
О, алдияр, әмірлердің әмірі,
Жар бола гөр, Алла, менің Тәңірім.
– Созбаламай айтсаңшы тез, не хабар?..
Топан суы қаптамаса, не қылар...
Мирза Садр жыпылықтап тағы да,
Тәңіріне тұрды біраз жалына:
– О жаратқан! Жар бола көр пендеңе,
Шах алдында қобалжыдым мен неге?..
– Топан суы қаптаса да жасырма,
Ойыңды ақтар, үрейімді қашырма!
– Ай мен жұлдыз... һым...
Мм... тамағыңды неге оқыс кенедің?
Жасырмай айт! Не болса да көнемін!
Шахтың көзі шарасынан шыққандай,
Ашуының найзаларын сұққандай.
– һым... Ай мен жұлдыз жылжыған бір кезінде
О, алдияр, жолықтым жат сезімге.
– Хош?! – деді шах өңі қашып табанда, –
Нендей хабар? Жорысаң да, айт, жаманға!
– О, ғаламат! Жасыра алман мен пірім,
Содан бері қашты әбден дегбірім.
Марс жылжып бара жатыр Шаянға,
Екі аптада біздің жаққа таяр да.
Бір қаһар бар тағыңды да ұшырар –
Сұм тағдырдың сорлататын сұсы бар.
Наурыздан соң тура екі апта – он бес күн!..
Ал тағдырдың дегеніне көнбес кім?
Ел наурыздың өткерген соң байрамын,
Топас тағдыр салмақ суық ойранын!
Жасын ойнап, топан қаптап, сай құрып,
Кетер ме екен қара жер қақ айрылып!..
Шах Аббасың шүберектей қуарып,
Ішті шәрбат орнына су алып.
«Алдын алу үшін төнген қатердің
Бір амалын істемеуім бекер» – деп.
Шақырды шах мәжілісті төтеннен,
Жақтастарын аруағын көтерген.
– Бұл пәледен құтылудың амалын
Айтыңдар тез! – Қадады шах жанарын.
Наурыздан соң? Он бес-ақ күн? Тез екен!
Шынында да... шұғыл шешер кез екен.
Қарт жұлдызшы, бал ашатын көнеден
Ақыл қосып кеңес берді демеген.
– Біз шындықты айттық, мұны Шах Аббас,
Ақымақтар пікірі деп атамас.
– Тақты тастап кету керек қалайда,
Күзет күшті болған абзал, абайла!
– Тақты беру керек ерші Юсифке –
Өлім жаза кесілген ит-күшікке!
Жас Шах Аббас дереу тақтан құтылды,
Ізім-ғайым көлеңкесін зытырды.
Қайда кетті? Білмейді оны еш пенде,
Тығылған ба? Теңіз асып, кешкен бе!
Шіренді Юсиф кеткен шахтың тағында,
Жарамсақтар жүр жорғалап маңында.
Жұлдыз тұрмақ, аспан құлап түссе де,
Ойына оның кірер емес ештеңе.
Жарлығының барлығы жөн, тура боп,
Екі аптадай отыр әзір бура боп.
«Тақта мүлде қалуым да мүмкін бе?»
Деп көмекей салып отыр бүлкілге.
– О, пақырлар, шабылып қал шахыңа,
Шах Аббас та ілесе алмас шаңыма!
Жарамсақтар жатты құрдай жорғалап,
Шарап тасып, самайдан тер сорғалап.
Тақ үстінде жайлау болып жағасы,
Юсиф шахтың кетті шырқап «бағасы».
Шах сарайда басы айналып шараптан,
Тіл күрмелді дей алмай: «О, жа-рат-қан!».
Қысқа күнде Юсиф қырық құбылды,
Бір өзгеріс жасамақ боп бұйырды.
Әлеуметтік енгізем деп жаңалық
Өз ойына өзі отырды қамалып.
«Ау, өзгелер бұған қалай қарайды?
О жаққа бас қатырмаймын! Жарайды!..».
Шахтікі жөн, аузы қисық болса да
Бас ауыртып керегі не соншама?
Шатасқан шах жарлыққа қол қойса да,
Неге терлеп түскендей бір моншаға?
...Сезді ме шах – бар болғаны аз күнде
Көк шыбынды көзіне үйіп казвиндер.
Жанын оның жіберерін тозаққа?
Бекер, бекер тап болды Юсиф мазаққа!
Қамын ойлау қарапайым халықтың
Кірмеді еске!..
Жұмақ пенен тамұқтың.
Шыға алмады шырмауынан намаздың,
Ғайып болды ғұмыры аз боп сабаздың.
Қауіп-қатер өтті-ау деген кезінде,
Сол баяғы шат-шадыман сезімде.
Мұрт ширатып шах Аббас та оралды,
Сақтығы оның дүйім елге таралды.
«...Алданған кім?» деп ойлайсыз, халайық,
Аспандағы, кел, жұлдызды санайық!
Ләм-мим демес, байқасаңыз, бірі де,
Мейлі, қанша қарасаң да үңіле.
Қайда әлгі жұлдыз санап жүргендер,
Сол арқылы жер тағдырын «білгендер?».
Олар-дағы үнсіз барлық кінәні,
Жұлдыздарға арта салып жүр әлі.
Шімірікпес шіркіндердің беттері,
Жұлдызда не ақысы бар көктегі?
Тәңірінің күтіп шапқат, мейірін,
Алданған мен жоғалтқан көп сенімін.
Сенімді ақтау – азаматтар мойнында,
Қарақшының қару толы қойнында.
Хандар, шахтар жарлық беріп зымиян,
Тақтарында миығынан жымиған.
Аңқау жандар айламен сол алданған,
Ал төрелер мұның бәрін малданған.
* * *
Патша мейір көрсетер деп көп сенді,
Есіңізде болар қанды жексенбі?!
Өтіріктің бір-ақ тұтам құйрығы,
Қанаушының солай жалған бұйрығы.
«Қызылдардан құтқарам деп елімді»,
Кекеңдеген Керенский елірді.
Зытты ақыры киіп әйел киімін,
Сол түсірген бетіменен иінін.
Сенім, үміт – адалдықпен ағайын,
Жалғандық қой өкіндірген талайын.
Қаталасса шах та түсер шалқадан,
Шала естіні ешкім қақпас арқадан.
Юсиф шах та дегеніне жетпеді,
Көз алдында көптің өліп кеткені.
Өрлете алмай өңмендеген «өнерін»,
Казвиндерге жұрдай етті «беделін».
Жұлдыз емес, миға салсаң, алданған –
Шатасқан шах мансап қуып қарманған!..
О, Фатали, Сізге бар бір сауалым,
Өзің берші іркілместен жауабын.
– Ғарыштағы алдана ма жұлдыздар,
Жымыңдасар кезі емес пе түнгі ызғар?
...Иә өзің тіл қатқандай боласың,
Қолға өткір қаламыңды аласың.
Қаһарманың сахнаға шығарған
Сөйлеп тұрар...
Сенің тірі шығармаң!
– Алданғандар, әрине, емес жұлдыздар,
Сөзге сенгіш жерде жүрген ұл, қыздар.
Алданғандар – емес және төрелер,
Төрелерден жайы-күйі төмендер.
Алданғандар әлі сауат ашпаған,
Соқыр сезім білім жаққа баспаған.
«Аңқау елге-арамза да молда ғой»,
Қараңғылық!
Барлық пәле сонда ғой!..
* * *
Хаджи Керим кере тастап қабағын,
Кетті жалғап сөйлер сөздің сабағын:
– Өзім куә, олаһи-ау, нансаңыз,
Тсс... ақырын, құлағыңыз салыңыз.
Білсеңдер ғой, неге бәрін шақырдым,
Тамаша бар таданатын ақылдың!
Өзім куә... Мирза Халил Халдақтан –
Тифлиске төрт күн бұрын жол тартқан!
– Онда не тұр екен? – деді Сафар бек
– Сөз тыңдашы, тайталаспай қатар кеп!
– Хачмаска жайып тастап шатырын,
Күміс жасау жолын тапқан батырың!
– Соқ өтірік! – деді сонда Сафар бек
– Құдай куә, жалған болса, айтар ма ек!
Аға заман: – Естіп мен де түсінгем,
Жасайды деп сиқыр сусын күшімен!
– Тифлистің өзі рұхсат етіпті!
Химиягер даңқы дүрлеп кетіпті!
Акул жақтың армяндары ұйысып,
Жиырма бес мың мыс ақшаны жиысып,
Кеңірдектен кенеліпті күміске,
Тапа тал түс салған дейді бөліске!
– Шіркін, біз де ен дәулетке батар ма ек,
Әттең, қалтам тесік, – дейді Сафар бек.
Егер бәрің есесімен берсеңдер,
Хаджи Рахим байдан сұрап көрсем мен!
– Айналайын Молла Салман, қарызға ал!
Мың теңгеден болайық біз қарыздар!
Қызулана қалды Хаджи Керим де:
– Ең құнарлы жер берем, – деп, – жерімнен!
– Бірер мыңын ала салшы маған да, –
Деп бүйірі қызды Аға заман да.
Қиналмаспын! Мекен-жайым садаға!
Жаңалықтан қалыс қалып бола ма!
Табан асты болды олар дүрбелең,
Маза қашып, өтті күндіз, түн деген.
Сыңғыр-сыңғыр мыс ақшаның дауысы,
Құпияға кенелгендей тау іші.
Сезіп қалып жүрмесін, деп, басқалар,
Бір-бірінен қызғанады қасқалар.
– Сана, кәні!..
Жиырма бес мың сом нақышты –
Күміс алу құпиясына қатысты.
– О, алхимик Халил молла, қайдасың?
Жасашы тез... көрейік біз пайдасын!
Ибрагим Халил отыр бәлсініп,
Ұрттап шайын, маңдайынан тер шығып.
– Пайдасына батамыз ба екі есе?
– Батасыңдар, күтер болсаң бес есе!
Қолқа салған жалғыз ғана сендер ме,
Толып жатыр ақшалылар сенделген.
Халил молла мысық мұртын шиырды:
«Оңай олжа тағы келіп бұйырды...».
– Келесі түн бетке ұсталық қиырды, –
Соның үшін тәтті шарап құйылды.
Сездірмеді ол кетер суық сапарын,
Алаяқ қу сатар солай отанын!
Химиягер қағып қойып шақшасын,
Отыр санап алдап алған ақшасын.
– Жүз елу мың! Қош бол ертең, Карадаг,
Қош аңқаулар мыс жинаған аралап!..
Алдандыңдар, ерініңді жалаңдар,
Одан өзге сендерге не амал бар!?
Япыр-ай, терезеден көлбеңдеп,
Әлденелер тұрған сынды ербеңдеп.
«Уа, Халил, қайда берер күмісің,
Шықпағаны қалай сенің дыбысың?!» –
Қалғып кетсе-ақ, құбыжықтай қамаған
Осылай деп алғандай бір жағадан.
Қалғып кетсе-ақ, тонаушыдай тонаған
Қалталылар қасқыр болып қамаған.
Топжарған
228
Жүз елу мың! – тереңіне батырып,
Қөз ілмейді, «сиқыршымыз» аһ ұрып.
Түніменен есігін кеп қаққандай,
Мыс бергендер аңдып оны жатқандай.
Химиягер көз ілместен ақ таңға,
Бір амалын құтылудың тапқандай.
Қоржынына сықай салып олжаны,
Шалғай жаққа кетуді тек болжады.
Тұрып алып ерте алаң-елеңнен,
Қыс ақшаға кеңірдектен кенелген.
Есегіне жүгін дереу артып-ап,
Персияға зытты, айылын тартып-ап!
...Ертеңіне у-шу болды Нухида,
Алаяқтың тап болғандар «хұқына».
Мысы құрып, мыс ақшадан айрылып,
Жер шұқылап қала берді қайғырып.
Хаджи Рахим тұр иығын жұлып жеп:
«Қарыздарды қайтарыңдар бүгін!» деп.
Қөксегендер кеп алам деп күмісті,
«Сиқыр судың» сырын енді білісті.
Жұлдыз емес, бұл жолы да алданған
Аңқаулар да – дәулетін қу малданған.
Хаджи Нури басын шайқап күрсінді:
– О, аңқаулар, ұмытпаңдар бұл сынды.
Жылпос молла жетегіне ердіңдер,
Алданған кім? Көзбен енді көрдіңдер!
Хан шамданып, сарайынан шашты сес:
– Дер шағында білмедік қой, енді кеш!
Алаяқты іздеп шалғай көрші елге
Бара алмаймыз, көнбесең де, көнсең де!
Желдей есер сөзуарлар сарайдан,
Осы сәтте күн де батып қарайған.
«Адамзатты сүйгендердің құлымын!»
Не істеу керек?..
Чернышевский сұрағы
Таң ұлының алдында да тұрады.
Ой-сананы серпілдіре ой айту,
Парыз бізге – бар шығысты ояту!
Ұзақ түндер көз ілмейді Фатали,
Дарын оты іштей жанып, тұтанып.
Билігі жоқ, әттең, бәрін айтарға,
Мазалайды қым-қиғаш көп ой торлап.
Көз алдында кейіпкерлер түр-түсі,
Жадында тұр сайрап ащы күлкісі.
Сахнаға шығарса ғой шетінен, –
Тап осы ойға қалам қайрап бекінген!
Арамбездер, алаяқтар, молдалар,
Баршасына болып алған «Алла жар».
«Пісміллә!» деп сипайды да жүздерін,
Жасырады қара ниет іздерін.
Мустали Шах келген сонау Ираннан,
Диуана боп, пайда іздеуді ұйғарған.
Аңқаулардың аңқайтарда ауызын
«Дәруішпін» деп құтырады жауызың.
Шарафниса, Шахрабану ханымдар:
– О, диуана, сиқырла, – деп жалынар.
Жалған дәуріш әлде не деп барылдар,
Секең қағып, суық терге малынар:
– Маған салсаң, жәрдемімен жұлдыздың
Қара аспанға қаптатам да мың құзғын.
Қарабахтың тауын тұтас төңкерем,
Шың-құзадарын шынашақпен көтерем!..
Үрейлене, өңі өзгеріп ханымдар:
– Жо, жоқ! Олай етпеңіз, – деп жалынар.
– Маған салсаң, Маррик жұлдыз күшімен
Аракстің өткен сәтте үстімен.
Мусье Жордан басын қағып түсірем,
Тас боратып, көптің көзін ісірем...
Онан сайын жыпылықтап көздері,
Ханымдардың мынау болды сөздері:
– О, Аллам-ай, дәруіш, олай етпеңіз,
Шамадан тыс ашуланып кетпеңіз!
– Шын кейісем, жұлдыздардың күшімен,
Текле – Муганлының-ақ мен үстінен
Парижіңді ойран-топар қиратам,
Бибілердің шашынан арқан ширатам.
Шын кейісем, жұлдыздардың себімен
Жын періні қаптатамын көгіңнен.
* * *
Мусье Жордан жүргеннен-ақ Кавказ кеп,
Танысып та үлгіргенді Шахбаз бек.
Арман етер Парижге бір барсам деп,
Французша тіл үйреніп алсам деп.
Қалыңдығы Гульчохра көнбейді:
– Шалғай кетпей, үйленгенің жөн! – дейді.
Мусье Жордан Парижді кеп мақтайды:
– Ол әлемнің сөз өнерін сақтайды.
Ешбір жер жоқ кітабы көп Париждей,
Париж – әсем астанасы тәрізді!
Фирдоуси мен Низамидің газелін,
Батырлардың қорғағанын өз елін –
Барлығын да Парижден сен табасың,
Оның айтып тауыса алман бағасын!
– Па, шіркін! – деп қызығады Шахбаз бек,
Қалайда мен сол Парижге барсам деп.
Карабахты келе жатқан аралап,
Мусье Жордан үні естілді: «Қара!» лап;
Бейне жерден жеті қоян тапқандай,
Мусье Жордан тамашаға батқандай.
– Өседі екен, десем, тек мен Альпіде,
Бұл жақтан да кездесті гүл, көр, міне!
* * *
Париж! Париж! Революция, дүрбелең...
Азаткерлер бостандыққа үндеген.
Европаның, Азияның тағдыры,
Толғантады атпақ ғажап таң нұры.
Халықтардың тағдырлары – жан жыры
Толғанады, тебіренеді таң ұлы!
Бар сауалға айтады ашық жауапты,
Өйткені ол заман ұлы сауатты:
– Кім алданған, жұлдыздар ма көктегі?
Менің олай деуге хақым жоқ тегі!
Өз міндетін атқара ма қол, аяқ?
Тым көбейіп бара жатыр алаяқ!
Өз парызын атқармаса басың да –
Өте қиын мынау қатал ғасырда!
Алдаушылар болмау үшін заманда
Мүлде өзге мұрат қажет әмәнда.
Болмау үшін дәруіш, Хаджи Қаралар,
Айтшы қандай қажет дейсіз шаралар?
Осы ойлармен келер күнмен тілдесем,
Қыңырлармен мен аяусыз күресем!
Осы жолда: миым, жүрек, қаламым,
Осы жолда ісім, күшім, талабым!
О, адамзат, өзіңе арнар шырын бал,
Саф көңілімнің сазын шерткен сырым бар.
Болашақтан сәуле сеуіп жымыңдар,
Жұлдызым да басқа менің, ұғыңдар.
Тас қараңғы түнектерін көненің
Түріп тастап, серпіліңдер деп едім.
Бағы кездің білте шамы сөнерін
Сезем!
Жарқын болашаққа сенемін!
Азербайжан! Перзентіңмін, ұлыңмын,
Мен халқымның құрбанымын, құлымын.
Анамдай боп күйбең қағып демеген –
Қасиетті жер көзіме ыстық не деген!
Мың Парижге берермін бе мен сені,
Жабырқасам, көтеретін еңсені –
Шыңдарың-ай, өркешіндей атаның,
Табиғаты қандай ыстық отанның!
Құтыл сен де құрсауынан матаудың,
Гүзжазира келсең нағыз атанғың.
Туысы мен ырысы мол Отаным
Тігер ертең сенем, сәнді отауын.
Өпкім келер атар таңның самалын,
Бақыт туын көтерсе бар алабым!
«Адамдықтың құлымын!» – деп жар салам,
Кемел ғасыр, келші тез мен аңсаған!
Туыс тілдер
Бір жағында Қазақстан – Қазардың,
Бір жағында – Азербайжан!.. озар күн.
Түрі, тілі ұқсас екі егіз ел,
Егіз елдің жері де ұқсас мен іздер.
Бахрам Гурдай батырым бар менің де,
Жеңген жауын – бақыт тілеп еліне.
«Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш – Баяным»,
Білем, сенің еліңе де аянын.
Қыпшақ қызы – Аппақты тек қалады
Низамидің нұрға толған жанары.
Жасыра алмай, ғашық сырын ақтарған
Ұлы жыршы жүректерде сақталған.
Қарт Қалижан Низамидей данасын
Дастан етіп, жазған «Аппақнамасын».
Сенің жауың – болып менің жауларым,
Қоныс тепкен бар ғой Қазақ ауданым.
Сол ауданда Самед Вургун туыпты,
Қалам ұстап, жырдың жолын қуыпты...
Мундир киіп, тағып зерлі пагонын,
Оймен шолып өмір сүрген заманын;
Фаталидей азат таңын армандап,
Өтті Шоқан, бар өмірін елге арнап.
Ал Ыбырай ашып тұңғыш мектепті,
Өрендердің білімдерін көктетті.
Әліппені жазып өзі алғашқы,
Сауат ашу, білім алу жалғасты.
Ен далада қағылды жез қоңырау,
Сияларға боялды алғаш омырау.
Оқу, тоқу керектігін Абай да
Ескерген ғой насихаттап талайға.
Тифлисте де зер пагонды ойлы адам,
Өз халқының болашағын ойлаған!
Шариғатты естіп молла Садықтан,
Көңлі мұздап, өзі де оқып жалыққан.
– Мейлі орын бұйырса да тамұқтан,
Мен өзімді бағыштадым халыққа...
...Ойланады, толғанады Таң ұлы,
Еліне айтар толып жатыр тағлымы...
Миллион қаржы қайда жылда жиналған?
– Сұраңыздар! – дейді, – Шахтан, Имамнан!
Шариғатта айтпа дейді өтірік,
Жалған сөзді сыпыртар кім көпіріп?
Дін жолында кінәлілер тозақта,
Күйіп отқа, түседі кіл азапқа.
Көз жүгіртіп көрсек егер құранға,
Өтірігі болар еді-ау бір арба:
Тозақтағы бақылаушы періште
Айтқаныңды шығарады теріске!
Кінәліге бермейді екен қол ұшын,
Періштеге сенесіз бе сол үшін?
Қыл көпірден өтер шақта, ышқынып,
Қырық жылан шыға келмек ысқырып.
Әр жыланның ішінде үш жүз шаян бар,
Шыбын жанды шағуға у даярлар.
Тозақ оты, дейді, түйе бойындай,
Кінаң болса, айтқан абзал мойындай.
Мүңкір-нәңкір айтқаныңа иланбай,
Бар кінәңді бетке басар қиналмай.
Топжарған
236
Сендерге – жан түршігер қиямет,
Ислам дінін пір тұтады ұя деп.
«Мың бір түнді» аударды Абдул Лятиф
Шариғаттың қағидасын құлатып...
«Дін дегеннің елге берер пайдасы
Қайда осы? Ей, замандас, ойлашы!
Оңнан солға қарай салар ирегің,
Спиральдай араб әрпі, күйрегін.
Әрең оқып, көзім тойып болғандай,
Жаңа әліппе болмас сірә қолданбай».
Елдің жарқын ертеңіне нанулы,
Ойланады, толғанады таң ұлы:
«Вольтер, Руссо, Гиппократ, Галилей,
Мольер мен Бальзактардың сәніндей.
Адамзаттың атап жазған мұратын –
Көшу керек әріпіне латын!..».
...Фаталидің жаңалығын жат санап,
Қарсы тұрды діндар қауым бастан-ақ.
Туыс елдер тарихы мен аңызын
Таратуға бұл әріптің маңызын.
Мәлім етіп, дәлел айтып, пайымдап,
Мысалдарын жеткілікті дайындап,
Жолдады хат Стамбулға... Иранға...
Хан, төреге айтпай ойын тыйған ба!..
О, Персия, қанау, азап жайлаған,
Қанша ғасыр азып тозған айналаң?!
Босқын елің басы ауғанға босады,
Россияға, Европаға қашады.
Персия, елің қашан сауат ашады?
Әскеріңнің бермес білім жасағы...
Фаталидің Шығыстағы тарихта
Жазғандығын тұңғыш жаңа «Элифба»,
Бүкіл шығыс білгірлері сөз етті,
Жаңалыққа құлақ қояр кез жетті.
– Бұл – ақылдың ісі!– деді Қазам-бек,
Қолдап, құптап мақала да жазам! – деп;
– Көрегендік! – десті Дорн, Шарль де,
Ларен Тасси... ғалымдардың бәрі де!..
«Дін атаулы болса бізге қасірет,
Содан бұл бір құтылудың басы!» деп.
Жиырма жылын бағыштады Фатали,
Діндарларға, әрине, бұл жат әлі!..
Жаңа әліппе, таңы хақ қой атары,
Көбейеді қолдаушылар қатары!
* * *
...Жорғалайды Фаталидің қаламы,
Қаһармандар: «мені жаз!» деп қарады.
Зіл күлкіге не дер екен төрелер?
Біткен іске сыншылар да көбейер.
Тифлисте дарын көзі ашылды,
Тифлисте шығарма алғаш басылды.
Тифлисте шалқып шабыт асылы,
Оқырманға шашу болып шашылды.
Дүниенің секілденіп кіндігі,
Департамент түрулі тұр түндігі.
Талай тілмен сырласады таң ұлы,
Жатар есіп саясат та, заң үні!
Таң ұлының «Тамсилаты» алғашқы,
Тегеранда тапты сырлас, мұңдасты.
«Мусье Жордан». Петербург, Берлинде...
Сахналардан көрді барып ел күнде.
«Химиягер»... Стамбул мен Иранда,
Күлкісін көп ұқсамайды жиғанға!
Жойқын жүйрік емес пе бұл тіл деген?
Тіл атаулы шекараңды білмеген.
Тіл қадірін түсінбеген төре де,
Ол – әншейін тұрған мақау бөрене.
Тіл тапқандар – бір-бірімен туыс ел,
Мін таққандар бір-бірімен суыс ел.
Тіл сыйлаған – әліппесін сыйлайды,
Жыр сыйлаған – әріптесін сыйлайды.
Орыс тілі – тіл біткеннің озығы,
Әділеттің естіледі өз үні.
Ломоносов осы тілмен сыр ашқан,
Орыс тілі бейне күндіз нұрлы аспан!
Осы тілде Пушкин жазған жырларын,
Елеңдетіп жер жаһанның құлағын.
Орыс тілі арқылы өзге тілменен
Фатали де білді сырын білмеген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу