Эльмира Омарбекова

Эльмира Омарбекова 1970 жылы дүниеге келген. Ол - Бәйдібек ауданының Ақбастау ауылының тұрғыны. Мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірге деген құштарлығын жоғалтқан емес. Эльмира бала күннен-ақ оқуға, білуге, үйренуге өте зерек, құмар, ынталы болып өсті. Алғаш өлеңдері «Оңтүстік Қазақстан», «Алғабас», «Шаян», «Ұлан» газеттері мен «Ақ желкен», «Жалын» журналдарында жарияланған. Эльмира Омарбекованың алғашқы «Бастау» атты жыр жинағы 2003 жылы жарыққа шықты. 2009 жылы «Тасқа біткен жауқазын», «Өмірге ынтық өлеңім» атты кітаптары жарық көрді. 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына орай «Жеңіс» атты жыр жинағын шығарса, ал 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында «Еліме, Елбасыға тарту еттім» атты жинағы баспадан жарық көрді. Сонымен қатар, өлеңдері мерзімді басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады. 2009 жылы Эльмираның Алматыда «Қара жолға да қарыз болмаған қыз» атты шығармашылық кеші өтті. 2008 жылы Э. Омарбекованың өмірі туралы «Ая... Өмірге құштар қыз» атты деректі фильм түсірілді. Сондай – ақ, ақын қыз 2011 жылы Алматы қаласында мүгедектер арасында өткен «Самғау» атты республикалық байқауда жүлделі орынға ие болды. Эльмира ауылы Ақбастауда өзінің шағын тігін цехын ашқан. Онда құрақ көрпелердің түрлері, перде секілді тұрмысқа қажетті заттар тігіледі, қыздың жасауын дайындайды. Эльмира өмірде өз орнын тапқан жан. Өмірге құштар қыздың таудай талабы көпшілікті тәнті етеді.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: