Құрал Көмекұлы

Құрал Көмекұлы – ақиқат шындықты бейнелі поэзия тілімен жырлауда өлең көкжиегінен көрініп жүрген ақын. Ол 1958 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінде және жергілікті басылымдарда жарияланып жүр. Жақында оның «Бөрілерге гипотеза» атты жаңа жыр жинағы қолыма тиді. Ақынның үшінші топтамасында қоғамдағы көкейтесті мәселелер мен сезім махаббат тақырыбы поэзия тілімен суреттелген.
Әдетте, Құрал ақынның өлеңдері жүрек түкпірінен шыққан адамзат үнімен үндесіп жатады. Жалғыз ауыз сөзбен-ақ тарихта қалған ақындарды бағалайтын ол:
«Жаралғанда жалын жырлар жақұттан,
Шерім менің шөлін басқан шабыттан.
Жалғыз шумақ өлеңменен өмірдің,
Төсіндегі түймелерін ағытқам», - деп, өзі де поэзия әлемінде осы заңдылыққа бағынғысы келіп тұрады. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Президент сыйлығының иегері, ақын Сабыр Адай Құралдың жырлары туралы «Өлеңдері өзіндік өрнектерімен, Құрал ақынға тән бөлек стилімен ерекшеленеді. Өмірді өлеңмен оятқан ақын пәлсапасы да адамды ойландырмай қоймайды» дейді. Ақын туралы ақыннан артық ешкім айта алмас.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: