Бернард Шоу

Шоу Джордж Бернард (26.7. 1856, Дублин – 2.11.1950, Эйот-Сент-Лоренс) – ағылшын жазушысы. Ирланд отбасында дүниеге келген.

Жасынан өмір тауқыметін көп тартқан Шоу 1871 ж. мектеп бітірген соң күнкөрістің қамымен хат тасушы, кассир болып әр түрлі мекемелерде жұмыс істеді. Дегенмен, жазушылыққа деген құштарлығы ерте оянып, 1876 ж. Лондондағы анасының қолына келісімен роман жазумен айналысты. Оның қаламынан алғаш туған, сол кездегі қоғамды сынау бағытындағы “Сәтсіз неке” (1880), “Артистің махаббаты” (1881) романдарын бір де бір баспа қабылдамады. Жас жазушының Америкаға жіберген әрекеттерінен де түк шықпады. 1879 ж. жазған “Шикілік” романы елу жылдан кейін ғана (1930) жарық көрді. Шоу 19 ғасырдың 80-жылдарының басында елдің саяси өміріне белсене араласып, шешендігімен көзге түсті. Дегенмен, Карл Маркстің іліміне қаншалықты бой ұрғанымен марксизмге бұрылмай, фабиандық қоғамды насихаттаушылар қатарына келіп қосылды. Осы жылдары кішігірім “Ту-дэй” журналында “Дара социалист”, “Кэшел Байронның кәсібі”, “Аур корнер” журналында “Баянсыз байланыстар”, “Артистің махаббаты” романдары жарияланды. Фабианшы Шоу бар ынтасымен жаңа қоғам құру жолында күрес жүргізсе, ал театр сыншысы ретінде жаңа драма үшін батыл шайқасты. Ол Шекспир шығармаларына Ибсен пьесаларын қарсы қойды. Оның бұл көзқарасы баспасөз бен көрермендер тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Соған қарамастан Шоу Тәуелсіз театрды белсенділікпен жақтады. Драматургтың ұзақ та жемісті жолы “Жесірдің үйі” пьесасынан басталды. Ол айналдырған сегіз жылдың ішінде бірінен-бірі өтетін драмалық топтамасы: “Жағымсыз пьесалар”, “Жағымды пьесалар”, “Пуритандықтарға арналған пьесаларын” жазды. Іле қоғамдағы жағымпаздық пен жалған көріністерді өткір сынға алған он пьесасын өмірге әкелді. “Соғыс пен адам” пьесасы алғаш Тәуелсіз театр сахнасында табыспен өтті. 1897 ж. Америка театрларының сахналарын дүрілдеткен “Сайтанның шәкірті” Шоу шығармаларындағы елеулі бетбұрыс болды. Жазушы 1- және 2-дүниежүзілік соғыстарды барынша айыптады. Драматургтің 'Pygmalion' пьесасы қазақ тіліне аударылды. Аударған Ү. Кеңесбаева.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз:

Шығармашылығы мен еңбектері: