Әкім Ысқақ

ЫСҚАҚ ӘКІМ ӘБДІҚАЙЫМҰЛЫ
1960 жылы 3 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында туған.
Шымкент педагогтық институтынан жалпы техникалық пәндер, еңбек және физика пәнінің мұғалімі, Алматы мемлекеттік университетінен заңгер мамандықтарын иеленген. 2008 жылы Германияның Шпайер қаласында Әкімшілік ғылымдар жөніндегі Неміс университетінде мемлекеттік қызметкерлердің курсында оқып, арнайы білім алған.
1980 жылдан өзі оқыған Абай атындағы орта мектеп мұғалімі, 1990 жылғы сәуірден Бөген аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы. 1990 жылдың шілде айынан республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі, әрі 1991 жылдың желтоқсан айынан халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің Баспасөз хатшысы. 1992 жылдың наурыз айынан Ордабасы ауданы білім бөлімінің меңгерушісі. 1995 жылы желтоқсанда баламалы негізде №60 Ордабасы сайлау округінен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1999 жылдан Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Президенттің Парламенттегі Өкілдігінің бас инспекторы, Мәжіліс Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, Сенат Аппараты Жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары.
Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде «Халықтың көші-қоны туралы» заңын жазған депутат ретінде аты тарихта қалды. Осы заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Осы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 1,5 миллионға жуық қандастарымыз атамекенге оралды. Қытайдан, Монғолиядан, Өзбекстаннан оралған жүздеген оралмандардың азаматтық, пәтер, білім алуына, жұмысқа орналасуына және т.б. жұмыстарына тікелей қамқор болды. 1999 жылы Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, арнайы ұшақ бөлгізіп, Ауғанстаннан қашқан Пәкстандағы шиеленісті жерде бастарына қауіп төнген, аш-жалаңаш қалған 700 қазақтың аман-есен Қазақстанға оралуына жәрдемдесті.
Ә.Ысқақ ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик ретінде республика жұртшылығына аты мәлім, қаламы қарымды қаламгер де. Балаларға арналған «Күн ұлымын» «Біздің Бапақ» кітаптарының авторы. Бірнеше шығармалары мектеп оқулығына енген. «Лениншіл жаста» жарияланған «Ерте есейген қыз», «Темір табыт», «Генерал Сабыр Рақымов», «Асқаровтың кадры», «Атамекен, елім бармысың?» атты өткір материалдары үшін Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды (1992ж.).
Құжаттары өзге ұлтқа телініп кеткен Ұлы Отан соғысы кезінде қаҺармандықпен қаза болған батыр қазақ Сабыр Рақымов туралы «Тұңғыш генерал», бар жоғы 35 жас өмір сүрген, ескерусіз қалған ақын Қосжан Мүсірепов туралы «Менің Қосжаным» атты зерттеу кітабын жазды. 32 жасында бақилық болған ақын Дүйсенхан Нақымовтың, айтыскер ақын Көпбай Омаровтың, созақтық ағарту саласының қайраткері Ләндә Бөкеновтің есімдерін ардақтауға атсалысты. «Қара бауыр қасқалдақ әнін жазған кім?» атты сұқбатымен талантты композитор Лесбек Амановтың есімін республика көлеміне танытты және өзге текпен жазылған авторлығын қайтарды. «Сен мәңгі тірісің, Қайрат!» деген көлемді мақаласында алғашқылардың бірі боп желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековті «Халық қаһарманы» атағына ұсыну туралы үндеуді «Лениншіл жас» газетіне жариялады.
Философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Көңіл қымбат», «Алтыным», «Адам-өмір дәптері» атты кітаптары жасөспірімдер мен жастардың сүйікті кітабына айналып келеді.
«Соңғы вальс» әні 2009 жылдың ең үздік әні деп танылды. Ал «Көк тудың желбірегені», «Көңіл қымбат», «Әдемі-ай», «Қуантқым келеді», «Күзді сүйем», «Бір адам бар» және т.б. әндері жұртшылықтың жүрегімен тыңдайтын сүйікті әуеніне айналды.Ол Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам аудандарының Құрметті азаматы. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2022 ж.), «Құрмет» орденімен (2016 ж.), «Ерен еңбегі үшін» (2007 ж.) медалімен, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа сіңірген еңбегі үшін Монғолияның жоғары дәрежелі «Шыңғысхан» медалімен марапатталған. ҚР Мәдениет қайраткері, Білім беру ісінің үздігі. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, халықаралық журналистер одағының мүшесі, Қазақстан педагогика академиясының профессоры, Түркістан облысының құрметті депутаты.
Ташкент қаласында 2020 жылы «Олтиним» деген (аударғ. Мафтуна Нажиева ) атпен басылып шығып, Қазақстандағы өзбек мектептерінде қосымша оқулық ретінде оқылуда. Бұл кітап орыс, ағылшын тілдеріне де аударылған. Атыраулық оқырманы Айгүл Бауыржан өзі оқуында «Алтыным» кітабының электрондық нұсқасын шығарды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогка университетінің 312 дәрісханасы Әкім Ысқақ есімімен аталады. Ал Шұбарсудағы «Достық» мектебінде «Әкімтану» сыныбы ашылған және шығармашылығына қатысты арнайы сабақ өтіп тұрады.
2022 жылы белгілі қаламгер Көпен Әмірбек қайраткер туралы «Алтын сандық» кітабын жазса, мұның алдында жамбылдық Алдаберді Мақашевтің «Әкім Ысқаққа хат», Лира Қоныстың «Ізгілікті іздеу теориясы» атты зерттеу жинақтары жарық көрді.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз:

Шығармашылығы мен еңбектері: