Зенон Элейлік

Зенон, элейлік (б.з.б. 490 — 430 ж.ш., Оңт. Италия, Элея қ.) — ежелгі грек философы. Зенон дүниенің біртұтастығы туралы Парменид (б.з.б. 540 ж.ш.) ілімін дамытып, сезімдік болмысты түсініп болмайды деп дәлелдейді. Аристотель Зеноны диалектиканың негізін салушы деп атаған, себебі ол қайшылықтарды ашумен көп шұғылданып, қарама-қарсы пікірлер мен қайшылықтар туралы айтыс көмегімен немесе оларды талдап түсіндіру арқылы ақиқатқа жете аламыз деп ойлаған. Ол ғылым тарихында өзінің әйгілі парадокстерімен (апорилері) белгілі. Зенонның парадокстерінің негізгі мәні мынада: үздіктілік, алуан түрлілік, қозғалыс сезім мүшелері қабылдайтын әлемнің көрінісі ғана, бұл көрініс айқын ақиқат емес, дүниенің шын мәнін тек ойлау арқылы түсініп білу. Зенон өзінің диалектикасында “дұрыс ой қайшылықсыз болуға тиіс” деген қағидаға сүйенеді. Үздіктілік, әр түрлілік, қозғалыс ұғымдары қайшылыққа соқтырса, онда бұл ұғымдардың негізі қате, сондықтан бұларға қарама-қарсы үздіксіздік, біртұтастық, тыныштық сияқты ұғымдардың ақиқат болғаны деп тұжырымдайды. Зенонның апорилері ежелгі дәуір философиясының дамуында маңызды кезең болды. Сонымен бірге бұл парадокстер жаңа заман философиясының, әсіресе, математиканың дамуына, оны филос. тұрғыдан негіздеуге елеулі ықпал етті.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: