Ғабиден Құлахмет

Ғабиден Құлахмет(1955-2006) - 14 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Шолпан ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1976), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының Жоғары курсын бітірген (1989). Еңбек жолын 1976 жылы «Жалын» баспасында редактор болып бастаған. 1987 жылға дейін Қазақ КСР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, Қазақ теледидарында жауапты қызметтер атқарған. 1989 жылы Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайланды. 1990—1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамында, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың «Қазақ әдебиеті тарихы» кафедрасының ғылыми тобында жүмыс істейді. 1990— 1995 жылдары «Қазақ жастары және бизнес» бейресми орталығында Бас үйлестіруші болып қоғамдық қызмет атқарады. 1996 — 2001 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары болды.Алғашқы өлеңдері 1966 жылдан республикалық баспасөз беттерінде, топтамалары «Жыл он екі ай» (1969), «Көктем тынысы» (1975) жинақтарында жарияланған. 1979 жылы Мәскеу қаласында өткен жас ақын-жазушылардың Бүкілодақтық VII кеңесіне қатысқан. «Көзімнің қарасы» (1978), «Ақ бастау» (1980) жыр жинақтары мен «Үйірі жоқ көкжал» романы (2001), «Көл түбіне кеткен ел» (1989), «Ұрпағың үзілмесін» (1991), «Ердің сыны» (1994), «Серінің соңғы сәлемі» (1998) хикаяларының авторы.

Шығармалары орыс, поляк, моңғол, шешен, украин, белорус тілдерінде жарық көрген.

Республикалық «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екі дүркін жүлдегері.Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз:

Шығармашылығы мен еңбектері: