Әріп Тәңірбергенов

Мұхамедғарып Тәңірбергенұлы Әріп (1856, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Үшбиік темір жол бекеті, Жыланды мекені — 21.6.1924, сонда) — ақын. Абайдың талантты шәкірттерінің бірі.

11-12 жасында ауыл медресесінде, бастауыш орыс мектебінде оқыған. 1877 жылы Семейдегі уездік училищеге оқуға түсіп, оны 1881 жылы үздік бітірген. Семейде оқыған кезінде Абаймен танысып, оны өзіне ұстаз тұтқан. 1882 — 84 жылдары Сергиополь уезінде тілмаш болып істеді. 1884 — 87 жылдары Шәуешек қаласында Ресейдің Қытайдағы елшілігінде тілмаш болып қызмет атқарды, одан кейін Қапалда, Бішкек және Алматы қалаларында почта саласында істеп, 1890 ж. өзі туып өскен Қандығатай, Еңірекей болыстарында тілмаш болды. Әріп татар, орыс тілдерін жетік білумен бірге араб, парсы, түрік, қытай тілдерін жақсы меңгерген. Шығыс және орыс классикалық әдебиетін оқып, нәр алған. Бала күнінен ақындық жолға түсіп, ақындар айтысына қатысқан. Өлеңді қолма-қол суырып салып айтуға шебер, айтыс өнерінің өрен жүйрігі болды. Оның Сәдір, Қуанышбай, Қаумет, Боранбай ақындармен, Көкбай, Әсет сияқты Абайдың талантты шәкірттерімен айтыстары белгілі.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: