Қазтуған жырау Сүйінішұлы

Қазтуған Сүйінішұлы (XVII ғасыр) - мырза, батыр, жырау. Халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен айтулы жорық жырауы.

Қазтуған жырау ноғайдың Едисан ордасының билеушісі Сүйініш мырзаның ұлы. Сүйініш мырзаның Қазтуғаннан басқа Азамат және Әдіжі атты тағы екі ұлы болған. Оның арғы ата-бабалары Ноғай Ордасының билеушілері еді. Әкесі Сүйініш Абдол­лаұлы Еділ бойында өмір сүрген, кейін Қобан жаққа өтіп кеткен. XVII ғасырдың екінші жарты­сын­да жазылған орыс деректерінде Сүйініш мырзаның аты жиі айтылады. Ресей мем­лекеттік архивінің көне актілер жө­ніндегі бөлімі­нің «Ноғай істері» қорында Сүйініш мырзаның және ноғай ұлы­сының 1660 жылдарға дейінгі де­рек­тері сақталған. Қазтуғанның шежіресі былайша таратылады: Едіге би - Нұраддин - Уаққас - Мұса - Ысмайыл би - Дінбай би - Тінікей - Абдолла - Сүйініш - Қазтуған. Қазтуғанның есімі алғаш рет тарих беттерінде 1673 жылы аталады. Орыс деректерінде оның есімі Тоған деп көрсетілген. Осы жылы қалмақ би­леушісі Аюке хан өзінің бірнеше тайшысымен бірге Астрахан басшы­ла­ры­ның алдына барып, орыс-қалмақ ке­­­лісіміне қол қойып, аманат са­ра­йын­дағы ноғайдың жас мырзасын бо­са­туды сұраған. Қалмақ тайшылары мұндай қадамға едисан ноғайлары­ның мырзасы Сүйініштің сұрауы бойынша барған болатын. Олар Сүйініштің патша алдын­да­­ғы абыройлы істерін еске салды. Алай­да, бұл сұрақтың жауабын Астрахан билігі емес, Мәскеудегі патшаның өзі беру керек еді. Осы кезде іске қабар­дин кінәзі К.М. Черкасский араласып, соңғы шешімді ұлық патшаның өзі ха­бар­лайтынын айтып, қалмақ делега­циясын жылы шыраймен шығарып салады. Қазтуған 1696 жылы ұзақ жылдар бойы Қалмақ хандығына тәуелді болған Едисан ұлысын бастап, Еділ бойынан Қырым хандығына тиесілі Қобанға көшіп кетеді. Қазтуғанның есімі соңғы рет 1698 жылғы деректе аталады. Онда Едисан ордасының мырзалары Тоған мен Гидемирдің Қобанның сол жағалауында орын алған жұтқа байланысты Мәскеуге Бейшім аға бастаған елшілікті жібергені жазылған.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: