Жұмекен Нәжімеденов

1935 жылдың 28 қарашасында Гурьев (Атырау) облысы, Теңіз (қазір Құрманғазы) ауданындағы Қошалақ деген жерде дүниеге келген.

Жұмекен атасы Нәжімеден Стамғазиевтің бауырында өсіп, тәрбие алған. Сөз бен тарих және туған халқының дәстүрлеріне деген ыстық сүйіспеншілік сезімді бала бойында қалыптастырған сол кісі. Немересіне өзінің атақты бабалары Қартпанбет жырау (алтыншы ата) мен оның әпкесі Қосуан (Махамбет Өтемісұлының туған шешесі) туралы сыр шертетін.

1956-59 жылдары Қазақтың мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетінде оқыған. Содан кейін 1959-74 ж.«Жазушы» баспасының редакторы, «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгеруші, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1974-78 ж, Қаз.КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің редакторы, 1978-83 ж. «Мектеп» баспасында бөлім меңгеруші болып қызмет атқарған. Жұмекен Нәжімеденовтің алғашқы «Егіс» лирикалық жинағы 1961 жылы жарық көрді. Төрт жылдан кейін «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты поэмалар жинағы шықты. Ж.Нәжімеденовтің тірі кезінде барлығы он өлеңдер жинағы мен «Ақ шағылдар» (1973ж), «Кішкентай» (1975 ж), «Атақ пен дақпырт» (1978ж) атты үш романы басылды.

Жұмекен Нәжімеденов өзінің 48 жасқа толуына алты күн қалғанда, 1983 жылдың 22 қарашасында дүниеден озды. Ақын өлімінен кейін жарық көрген он жинағына тірі кезінде жарияланбаған өлеңдері, поэмалары, повестері мен романдары, мақалалары мен аудармалары және тоғыз күй енді. Оның шығармалары көптеген тілдерге аударылып, басылды. Ақын А.Вознесенскийдің, Е.Евтушенконың, Н.Хикмет пен Ә.Файзи шығармаларын аударған.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: