Уважаемый пользователь! Приветствуем вас на разделе Вопросов и Ответов портала ZHARAR! Вопросы и Ответы — это система быстрого поиска ответа на любые интересующие вас вопросы. Примите активное участие в развитие системы: задавайте свои вопросы и отвечайте на вопросы, созданные другими пользователями.

8 наурыз мерекесіне арналған сценарий, шығарма, ашық сабақ, тәрбие сағат, өлеңдермен бөлісезідер ме?

130 просмотров
спросил 18 Авг, 17 от Асыл в категории Университет, Колледж, Школа

8 наурыз мерекесіне арналған сценарий, шығарма, ашық сабақ, тәрбие сағат, өлеңдермен бөлісезідер ме?

Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь для публикации ответа на этот вопрос.

3 Ответы

0 голосов
ответил 18 Авг, 17 от mergen

Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошынып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай...
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады. Мағжан Жұмабаев

***

Ана
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын. 
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана!
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдан иілген бесігімді... Мұқағали Мақатаев

***

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.

Қуандым ба,

Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба,

Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба,

Тек өзіңнен жасқандым.

Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,

Отанымның өзі сенен басталып.

Жауларыма жеткен жерден бітеді. Қадыр Мырза Әли

***

Мен жоқта желменен сырласпа,

жүрегім желді күн жылаған.

Жазбақ боп тумысы жыр басқа,

жаза алмай жастыққа құлағам.

Айтатын арман көп әлі де,

Сен жәйлі бұл жырым - бастама;

бастама сөзімнің бәрі де,

басылар күні ертең баспаға.

Айтамын бір сөзді қиылып:

«Жанымда сен еккен жаз қалсын.

О, Ана! Кеудемнің күйін ұк,

сол күймен жүректер маздансын!..»

Сол күймен саналар оянсын,

толқысын аппақ Ай төбемде;

омырау жаспенен боялсын,

тіл бітсін қарағай, еменге.

Мен жоқта желменен сырласпа,

мен саған желсіз де жетемін.

Жазылар көп әлі жыр басқа,

тербетер тауымның шетенін.

Мен саған желсіз де жетемін. Нұрлан Оразалин

Асыл ана! Түсімде көрем сені,

Бұрынғыдай емессің неге еңселі?

Мен білсем, саған деген сағыныштың,

Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.

Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,

Елжіреп елесіңді құштым тағы.

Хат байлап қанатына жіберер ем,

Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.

Не таптым, белден кетіп бетегелі?!

Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.

Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,

Он жылдық білімім де жетер еді.

Дүние шыр айналып шарайнадай,

Жолыма қала бердің қарай-қарай.

Қайырымсыз қалаға, мейірімді,

Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!

Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,

Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.

Ардақтап арнамасам саған өлең,

Адыра қалатындай ақындығым.

Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?

Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.

...Тарылған көшелері тас қаладан,

Тарыдай бір мейірім таппағанда,

Сені сағынып кетем, анашым! Қалқаман Сарин

***

Мен сені Тәңірден сұрадым, мама, 
Осы арудың құрсағына бітемін деп. 
Мен сен үшін талай жыладым, мама, 
Ақынның анасы боп өтеді деп. 

Мен сені жұбата алмаймын, мама, 
Арайлы бір таңың атады деп. 
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама, 
Қабырғама бар мұңы батады кеп. 

Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама, 
Сыздайды тек іште, жарам ғана. 
Мен бар мұңнан биікпін, мама, 
Мен үшін алаңдама! 

Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама? 
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп. 
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама, 
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек. 

Сен мені қазаққа сыйладың, мама, 
Ғажаптардан қағылсаң да. 
Мен сені азапқа қимадым, мама, 
Қанша жыл сағынсам да. 

Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама, 
Ішім менің – шексіз әлем. 
Бұл менің сорым әрі бағым, мама, 
Жанарымдағы өксік өлең. 

Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама, 
Нұрға да толы жүрегім ақ. 
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама, 
Әйтеуір тілегім ақ. 

Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама, 
Ал, мен – Құдайдың баласымын. 
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама, 
Көзімдегі қарашығым..! Ақберен Елгезек

0 голосов
ответил 18 Авг, 17 от mergen

Аяулы да қымбатты аналар мен аруларымыздың мерекесі 8 наурызда жоғары сынып оқушыларының мектеп оқушылары мен ұстаздарына арналған «Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты кештің сценариін ұсынамыз:

Мерекелік кештің басты мақсаты: Нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлінің айтарлықтай екендігін дәлелдеп, оларға қуаныш сыйлау. Оқушылардың оларға деген ізгі ниеттерін көрсету.

Кештің көрнекілігі: Елбасы жолдауы, Жолдаудан үзінді жазылған қағаздар, ұлағатты сөздер, суреттер, шар, шақыру билеті, үнтаспа, гүл т.б.

Кештің барысы: Қонақтарды кешке шақыру, оларды қарсы алу, тілек білдіру, өнер көрсету, құттықтау сөздер, қорытынды сөз, жалпы қорытынды жасау.

Асылбек Еңсеповтың «Детство» күйі қосылып тұрады. Сахнаның сыртынан Мұқағали Мақатаевтың «Ана» атты өлеңі оқылады.

Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

Тәңірім кеше көрсін кесірімді
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…

(Өлең аяқталып болған соң, бірден көңілді әуен қосылып оқушылар сахнаға шығып, ай секілді дөңгеленіп тұрады да орталарына екі жүргізуші келіп тұрады).
1-жүргізуші: Армысыздар, аяулы аналар, құрметті ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар! Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі.

Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!

(Екі жүргізуші сөзін аяқтай салысымен сахна төрінде тұрған оқушылар, квн ойыншылары секілді қысқа би билейді де, сахнадан шығып кетеді).  

2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті аналар мен мектебіміздің ұстаз, қыздары! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге сарқылмайтын денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Осы күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым біздердің жанымызда жүре беріңіздер.

Ана десем шешек ашып жанары,
Өмірімнің бастау алар ажары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады, - дей отырып, алғашқы мерекелік құттықтау сөзді мектеп директоры ... (апайға немесе ағайға) береміз.
Шалқып, тасып әніміз
Жадырасын жанымыз,
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.

Алдарыңызға әнші шәкірттеріңіздің орындауындағы «Ана» атты әнін қол соғып қошеметтеп қарсы алыңыздар.

оставил комментарий 18 Авг, 17 от mergen

1-жүргізуші:

Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашан ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз,-дей отырып ұл-қыздарыңыз жүрекжарды тілектерін ұсынады.

1-оқушы: Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

2-оқушы: Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар -
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.

3-оқушы: Өр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді — лайықсыздар.

4-оқушы: Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңiлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.

5-оқушы: Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер —  жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.

6-оқушы: Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз. 

2-жүргізуші: 
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деп, Абай атамыз айтқандай ... оқушымыздың орындауындағы «Анаға сәлем» әнін қабыл алыңыздар.

1-жүргізуші:
Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек.
Тұрғандай өзі, қимылсыз билеп,
Иықтан шашып, төгіліп жерге,
Күмісті шашбау, жарасып белге деп ақын ағаларымыз жырлағандай келесі кезекті мың бұралған бишілерге береміз.
1-жүргізуші: «Әйелдер адамды бесігімен баулиды... Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады» деген екен орыс жазушысы Пирагов.
2-жүргізуші: Орыс жазушысы Максим Горький: «Адамдар-әрқашан өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды»,- деген.
1-жүргізуші: Мұхаммед пайғамбар айтқан: «Жәннәт-аналардың аяғының астында» деп. Ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі дейді.
2-жүргізуші: Талай ренжітсек те, еркелігімізді көтеріп, туған анамыздай маңдайымыздан сипай білген ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Олардың еңбегі ұлан-асыр мұхитпен тең. Сабақтарды әрдайым қызықты өткізіп, ойын ойнататындарыңыз әлі де есімізде. Сол себепті бүгін біз сіздерді ойнатамыз.
Ойын: Қағазға алдын ала ерекше қылығы бар 3 ұстаздың және 3 оқушының есімі жазылады. Артынша бұл қағаздар таратылады. Ұстаздар қағазда есімі жазылған оқушыны, ал оқушылар ұстазына пародия салады. Барынша сыпайы жақсы мінездерін салуға тырысу керек.

оставил комментарий 18 Авг, 17 от mergen

1-жүргізуші:
Десек те уақытпен жарыспайды,
Қиялға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп,
Өнерін аналарға бағыштайды,-дей отырып,  сыныптастарымыздың орындауында попурри ұсынамыз.

3 ер бала шығып біреуі ұстаздарға, екіншісі аналарға, үшіншісі барша оқушы қызға арнап жазған шағын шығармаларын оқиды.  

1-жүргізуші: 
Бишілер бар бізде қыздар мен ұлдар тобы,
Мерекеге өнерімен келген бүгін.
Таң қалдырып, қанекей би билеші,
Қол соғып, демеу берсе көрермендер! - деп кезекті  ... сыныптың байсалды да байыпты бишілеріне береміз.

2-жүргізуші:
Мерекеге арналады бүгін билер.
Көтерілсін, қанекей, көңіл-күйлер.
Алдарыңызда қазіргі үнді биі,
Таң қалдырып қанекей би билеңдер, – демекші, ендігі кезекте «Үнді биі», қабыл алыңыздар!

1-жүргізуші: «Отбасы-шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі. Әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші. 
2-жүргізуші: 
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін, 
Жинадың сен маған.

Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті. Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек мейірбандықтың бәрі ана деген сөзбен астасып жатыр. Ендеше жас журналистеріміздің сұрақтарына жауап беріп көріңіздер. (Шанышқының басына қызыл алмаларды шаншып микрофон ретінде пайдаланды). Оқушылар кезек-кезек мұғалімдерге сұрақ қояды:

1. Мектептегі ең сүйікті оқушыңыз кім?

2. 8 наурыз мерекесіне қандай сыйлық алғыңыз келеді?

3. Жарыңыздың осы мерекеде сыйлаған ең алғашқы сыйлығы есіңізде ме?

4. Мектебіміздің ең-ең бұзық оқушысы кім деп ойлайсыз?

5. Өлең айтып бере аласыз ба?

6. Әріптестеріңізді құттықтап 4 жол өлең шығара аласыз ба?

7. Осы мерекеде сізді кім ең бірінші құттықтады?

8. 8 наурыз мерекесі қайдан шықты?

9. Бұл мереке біздің елімізде қай жылдан бастап атап өтіліп келе жатқанын білесіз бе?

10. Осы мерекеде анаңызға қандай сыйлық жасадыңыз?

1-жүргізуші: Өміріміздің әрбір сәтін есімізде сақтап қалу мүмкін емес. Десе де, фотоаппараттың көмегімен оны жүзеге асыруға болады. Назарларыңызға естеліктерді ұсынамыз. (Алдын ала оқушылар мен ұстаздардың өмірінен, ата-аналармен бірге түскен суреттерден слайд жасалып қояды). Проектордың көмегімен слайд көрсетіледі.  

2-жүргізуші: 
Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жапанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар алдында бас иелік! 
Мерекелік кешімізді қорытындылау сөзді апайға немесе ағайға береміз.

Ең соңында оқушылар ай секілді дөңгеленіп тұрып, алдын ала мұғалімдерге арнап шығарылған 4 жол өлеңдері жазылған ашық хатты оқып, шоқ гүл немесе сыйлықтар ұсынады.
1-жүргізуші:
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше
Осымен концертіміз аяқталды.

Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі - балада, баланың көңілі - далада» демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата-анасын сыйламайтын адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана-тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші! Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар! 8 наурыз құтты болсын!

0 голосов
ответил 18 Авг, 17 от mergen

8 наурыз аналар мерекесі қарсаңында жоғары сынып оқушыларына арналған "Анаға қарап қыз өсер" атты кештің сценариін ұсынамыз...

Мерекелік кештің басты мақсаты: Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, 6 ақпандағы Елбасымыздың Жолдауындағы ана мен балаға деген қамқорлық және қоғамдағы Ананың орны, «Ана» атымен байланысты қасиетті ұғымдар туралы пікір бөлісу. Ұстаз аналарды құрметтеуге шақыру.

Кештің көрнекілігі: Елбасы жолдауы, Жолдаудан үзінді жазылған қағаздар, ұлағатты сөздер, суреттер, шар, шақыру билеті, үнтаспа, гүл т.б.

Кештің барысы: Қонақтарды қарсы алу, кіріспе құттықтау сөз, тақырып бөлісу, пікіралысу, саралаушы топтың қорытындысы, оқушылар құттықтауы, жалпы қорытынды.

1-жүргізуші: Ар ма, ағайын! Қайырлы күн, қымбатты жиналған қауым!

2-жүргізуші: Құрметті ақ жаулықты аналар мен әжелер, кер маралдай керілген әпкелер, қарындас, құрдастар, ұстаздар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтай отырып, «Анаға қарап қыз өсер...» атты мерекелік кешке қош келдіңіздер дейміз!

1-жүргізуші: Тіпті табиғаттың өзі де бұл күні біздің тамаша әйел-аналарды даңққа бөлеп тұрғандай. Неге дәл осы күн әйелдердің халықаралық мерекесі болып белгіленді екен?

Осы сәтте экранға мына видео қойылады:

2-жүргізуші: Кейін шегініп, қалың тарихтың бір парағына көз салсақ, қасқайған Нью-Йорк қаласы мен сол алып, батыр қаланың әділеттілікті талап еткен нәзік жандыларын көреміз. 1857 жылдың 8 наурызында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері үміттерін үкілеп, ереуілге шығады. Бұл күні тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алатын жұмысшы әйелдер басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орны мен еңбекақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етеді. Нью-Йорктың жан-жағынан көтерілген әйелдердің өз үні бейнебір толқын іспетті жан-жақтан естіліп, қоғамдағы әйелдердің орнын нақтылағандай болды. Осы күннен кейін алғаш рет әйелдердің қоғамдық ұйымдары құрылып, олар өз құқықтарын қорғауды қолға алды.  

1-жүргізуші: 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференция өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі туралы ойын ортаға тастады. Оның бұл ұсынысын өз құқықтары үшін күресуге бел буған қалың әйелдер тобы іліп әкетіп, келесі жылы-ақ, яғни 1911 жылдан бастап, Австрия, Дания, Германия мен Швейцарияда 8 наурыз мейрам ретінде тойланды.

2-жүргізуші: Наурыз айының басында біздің еліміздің көп аймағында әлі де қар жатады. Қыстағыдай ызғарлы, бірақ көңілімізді көктемнің алғашқы мерекесі жылындырады. Бұл мерекенің жылдың басқа мезгілінде болуы қисынға келмейтіндей, себебі, көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды емес пе?

оставил комментарий 18 Авг, 17 от mergen

1-жүргізуші: Барлықтарыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жер-дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз! Барша туған-туыстарыңызды жылы жүрегіңіздің мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлеуден шаршамаңыздар! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!

2-жүргізуші:

Біз ғана емес,

Қадір тұтқан бабалар

Ана деген – тіршіліктің тірегі,

Мерекеңмен, қасиетті Аналар!

1-жүргізуші:

Ана – жұмақ, мен – шуақ, саябағы,

Ана – шырақ, мен – мен сұрақ санадағы.

Ана – теңіз, мен – қайық тербетілген,

Ана – бұлақ, мен – құрақ жағадағы.

2-жүргізуші: Қадірлі қауым! Бүгін сіздер "Анаға қарап қыз өсер" атты мерекелік сайысына қатысып отырсыздар. Біздің мерекелік кешіміз ана мен баланың қатысуымен, бірлесе жұмыс жасауымен өткелі отыр. Яғни, сайысқа 5 жұп (ана мен қыз) қатысады.

1-жүргізуші: Сайыс мынадай кезеңдерден тұрады:

І. Таныстыру

ІІ. Ана мен бала өнері

ІІІ. Аспаздық. Ана мен бала бірлесе отырып тағам әзірлейді

ІV. Ситуациялық сұрақтар

2- жүргізуші: Сонымен қатысушы жұптарды ортаға шақырамыз. (Жеке-жеке атап шақырады да, арнайы дайындалған орындарға отырғызады, ана мен бала ұлттық киімде, әрбірінің оң жақ кеудесінде реттік нөмірі болу керек).

(Сайыскерлеріміз дайын болғанша, "Менің анам алтын" әні орындалады)

1-жүргізуші:

Гүл көңілі қуаныштан өрілді,

Жанарыңнан жалын нұры төгілді,

Жыр ұшқындап тұр ғой әне үніңнен,

Көпшілікке таныстыршы өзіңді, - дей отырып, алғашқы қатысушыларымыздың таныстыруын тамашалайық!

(5 жұп таныстыруын көрсетеді)

2- жүргізуші:

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап

Ана дейді жас сәби де жарқылдап

Ана деген – бәйтерегі өмірдің,

Ана деген – алтын қазық, алтын бақ!

1-жүргізуші:

О, аналар осындайсың бәрің де,

Осындайсың жасың-дағы кәрің де,

Сыйынатын осы өмірде құдірет,

Сыйынар ем ана деген тәңірге...

Ендігі кезекте аналарымыз бен қатарластарымыздың өнерін тамашалуға рұқсат етіңіздер.

(5 жұп өнерлерін көрсетеді)

оставил комментарий 18 Авг, 17 от mergen

1- жүргізуші:

Ең күшті нәрсе не? – десе, 

- Әйелдің әмірі! – дер едім.

Әйелдердің барлығын

Жердегі Тәңірі! – дер едім.

Өз басым әйелді осылай деп бағалаймын. Өйткені, адамзатты жарататын - әйел, ұлтын көбейтетін - әйел, ұрпақты ұластыратын - әйел, еркекті Ер ететін - әйел. Бір сөзбен айтқанда, дүниенің тірегі -әйел. Махаббаттың асыл нұры - әйел. Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті - әйел махаббаты.

2-жүргізуші: Керемет айттың! Ананың қадірін онан сайын сезіне түсіну үшін бір әдемі жыр жолдарын тыңдап алайық:

Оқушы төмендегі өлеңді оқиды (Сахна артында төмендегі бейнебаян қойылады):

оставил комментарий 18 Авг, 17 от mergen

1-жүргізуші:

Махаббат, сені қиын жырлау бүгін,

Сен жайлы жоқ-бар деген жүр даулы ұғым.

Болды екен қанша ғұмыр саған қарыз,

Болды екен қанша ғұмыр құрбандығың?

Махаббат, сені қиын жырлау бүгін,

Сен жайлы жоқ-бар деген жүр даулы ұғым.

Болды екен қанша ғұмыр саған қарыз,

Болды екен қанша ғұмыр құрбандығың?

2- жүргізуші:

Көңілің алатаудың ақ қарындай,

Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.

Қалайша аяулы ана тына алармын,

Ән болып сағыныштан ақтарылмай.

1-жүргізуші: Адамның әдептілігімен жан дүниенің сұлулығы, ең алдымен балаға ананың ақ сүтінен, ана жүрегінің жылуынан дарыған. Бойымыздағы  ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Біз анадан өмірімізге керектінің барлығын да үйренеміз. Соның дәлелі ретінде аналарымыз бізге тағам жасауды үйретпекші. Ал олардың сүйікті балалары қолғабыс етеді. Яғни, үшінші кезеңіміз – "Аспаздыққа" да кезек жетті.

2- жүргізуші:

Ал халайық, ықыласпен демейік,

Арулардың аспаздық өнерін көрейік.

Дәмі менен көрінісіне қарап біз

Әділдікпен бағаларын білейік.

Аналар сахнада оңай жасалатын тағамдар жасайды. Осы уақытта сынып оқушылары би-билеп, ән айтады.

1- жүргізуші: Әйел затының міндеті – сырттай қарағанда от басы, ошақ қасы секілді қарапайым көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, үй ішінің шаруасы – кәсібімен айналысып, бала-шағаны бағып-қағу, өсіру, ағайын жұрттың береке-бірлігіне ұйытқы болу сияқты негізінен үйелменнің құт-берекесін арттыратын ең бір маңызды істер әйелге жүктеліп, әр шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы да осы үйдегі ақ жаулықты аналарымыз болып келеді. Ендеше, осы күйбең тіршіліктен арылып, ұлдардың дайындаған әзіліне құлақ түрсек.

«Апаймен байланыс», «Емтихан кезінде» сынды әзіл көріністер құрылады.

2-жүргізуші: 

Жас ару жас ғұмырдың талғамысың,

Қуантқан әрбір үйдің арманысың.

Дәл бүгін қанат қомдап сыналарда

Сан сұрақтан сүрінбей, самғап ұшқын, -дей отырып, ситуациялық сұрақтарымызға кезек берейік, ортаға қатысушы аналарымызды құрметпен шақырамыз.

1-сұрақ: Сіздің қызыңыз бір жігітті қатты жақсы көреді. Оны тіпті өзіңізге де мойындады. Бірақ, ол жігіт өте бұзық, отбасы өте нашар тұрады. Сіз қандай әрекет жасайтын едіңіз?

2-сұрақ: Бүгін сіздің қызыңыздың ең жақын құрбысының туған күні. Қызыңыз сыйлық үшін ақша сұрады. Ал сізде ақша да, басқа бір бағалы сыйлық та жоқ. Мұны қызыңыз түсінер емес, үйді басына көтеріп, жылап отыр. Қарыз сұрадыңыз. Ешкімнен табылмады. Сіз қандай әрекетке барасыз?

3-сұрақ: Қызыңыз дәл қазір өтпелі кезеңде. Ол тым дөрекі болып барады. Сізді ана, жарыңызды әке деп қарамайды. Ылғи да дауыс көтеріп сөйлейді, айтқандарыңызды тыңдамайды. Күннен күнге бұзылып бара жатқандығын байқадыңыз. Темекі де шегетін секілді. Ашық сөйлесіп көріп едіңіз. Нәтиже жоқ. Не істейсіз?

4-сұрақ: Сіздің қызыңыз сыныптасының ақшасын ұрлап алыпты. Мұнымен қоймай ол қызбен төбелесуге дейін барыпты. Сізді ата-аналар жиналысына шақыртып масқара етті. Қызыңызды тәрбиелеу үшін қандай әрекеттер қолданасыз?

5-сұрақ: Сіздің қызыңыз сабаққа барғысы келмейді. Ұрыстыңыз, ұрдыңыз, мұғалім көмегіне жүгіндіңіз. Бірақ, ол бәрібір де таңертең тұрмайды. Сабаққа деген еш қызығушылығы жоқ. Қандай әрекеттер жасайсыз?

Аналар сұрақтарды ашып жауап береді. Ұтқыр ойдың иесі жоғары балға ие болады.

1-жүргізуші:

Адам бар ма ана сүтін татпаған,

Алуан – алуан ауыр сынды атанған.

Адалдықты, ар-намысты сақтаған,

Мен анамның сонысына мақтанам!

2-жүргізуші: Әділ-қазыларымыздан бүгінгі сайыс қортындысын жариялауды сұраймыз. Қорытынды жарияланып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылады.

1-жүргізуші:

Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,

Жүрегіңе, жүрегімді жалғадым.

Өзің мына сыйға берген өмірде.

Ақ сүтіңді ақтап өту арманым.

Барша ана, құтты болсын мерекеңіз!

Әрқашан да ана, сізбен берекеміз!

Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,

Сонда біз кісілікке теңесеміз!

2-жүргізуші: Құрметті қонақтар, біздің "Анаға қарап қыз өсер" атты мерекелік кешімізді көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп-көп рақмет!

1-жүргізуші: Аяулы аналар! Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегіне сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын! Амандықта жүздескенше! 8 наурыз мейрамы құтты болсын!

1,012 вопросов

1,299 ответов

326 комментариев

28,540 пользователей

...