Уважаемый пользователь! Приветствуем вас на разделе Вопросов и Ответов портала ZHARAR! Вопросы и Ответы — это система быстрого поиска ответа на любые интересующие вас вопросы. Примите активное участие в развитие системы: задавайте свои вопросы и отвечайте на вопросы, созданные другими пользователями.

Рамазан айында ораза тұтқан адамдар нелерден аулақ болуы керкек?

106 просмотров
спросил 25 Июнь, 15 от Ерлан в категории Рамазан, Ораза айт
1. Рамазан айында Ораза тұтқан адамдар қандай жағдайда оразасы бұзылып кетуі мүмкін?

2. Таң сәресінен 1-немесе бірнеше минут асып қалған жағдайда недей амал жасау керкек?

3. Ораза тұтқан адамдар жуынғанда "сабын және су сабын" қолданылуға болама?

Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь для публикации ответа на этот вопрос.

4 Ответы

0 голосов
ответил 25 Июнь, 15 от ZHARAR

Оразаның уақыты

Ораза уақыты – екінші шапақтан басталып, күннің батуына дейінгі уақыт. Кейбір фақиһтер бойынша, сақтық үшін алғашқы шапақта ішіп-жеуді тоқтатқан жақсы. Кімде-кім шапақ жайында күмәнданса, сәресіні тоқтатқан абзал. Бірақ кімде-кім тоқтатпай ішіп-жеп, кейіннен уақыты шығып кеткенін білсе, оразасын қаза етуі керек. Рамазан айы – ашық аспанда жаңа туған айды көрумен немесе бұлтты күнде Шағбан айын отыз күнге толтыру арқылы білінеді. Құранда Аллаһ: «Кімде-кім ораза айында болса, ораза ұстасын» [3]. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа туған айды көрген кезде оразаларыңды тоқтатыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар», – деген[4]. Басқа бір хадисінде«Ай жиырма тоғыз күн. Жаңа туған айды көрмейінше, ораза ұстамаңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар», – дейді.

Аузы берік кісі күннің батып-батпағаны жайлы күмәнданса, аузын ашпағаны дұрыс. Ораза ұстаған адам анық уақытты білмесе, шамалаумен сәреге тұрып, шамалаумен ауыз аша алады. Шапақтың атқанын біле алмаған адам ерте бастан қам жасап, аузын ертерек бекітіп, ал күннің батқанын біле алмаған кезде, кештеу ашқан абзал. Бұл – сақтық үшін жасалған шара. Бірақ қазіргі таңда арнайы жасалған күнтізбелер бар.

Оразаның парыз болу шарттары

1.Мұсылман болу: Ораза мұсылмандарға парыз. Сондықтан жаңа мұсылман болған жандарға өткен жылдардағы ораза секілді ғибадаттарына қаза керек емес. Олардың бейне бір жаңа туған сәбидей барлық күнәсі кешіріледі: Құранда Аллаһ Тағала: (Мұхаммед) «Күпірлік еткендерге егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі. Ал егер олар қайталаса, сонда өткендегілердің де үкімі орындалады» де»[5].

2.Балиғат жасында болуы және ақыл-есі түзу болу: Бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанга дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға[6]Яғни, сана аса маңызды. Аллаһтың әмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезден оразаға күші жететін қыз бала мен ер балаға ата-анасы ораза ұстатып үйрету керек. Мақсат – балаларды оразаға баулу. Ақыл-есі кемтар не есінен танып қалған адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылға орнына келсе, қазасы өтелмейді.

3.Ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу: Науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасын қаза етеді. Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін»[7]. Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиуі ықтимал екі қабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына пидия береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

Оразаның дұрыс орындалу шарттары

1.Хайыз бен нифастан таза болу: Хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін оразаның қазасын өтейді. Бірақ бір адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ораза ұстауына кедергі емес. Бірақ мүмкіндігіне қарай, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алу – абзал.

2.Ниет: Барлық оразаға жүрекпен ниет ету – жеткілікті. Бір адам түн жарымында ертеңгі күннің ораза екенін біліп, бұл айда ораза ұстайтынын жүректен өткізсе немесе сәреге тұрса, бұл ісі ораза ұстауға ниет саналады. Бірақ тілмен айту мәндүп. Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет ету – абзал. Рамазан оразасына ниет етерде әрбір күніне жеке-жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке ғибадат. Бұл – фақиһтердің басым көпшілігінің пікірі.

0 голосов
ответил 25 Июнь, 15 от ZHARAR

 Ораза ұстағандар үшін мұстахап (ұнамды) нәрселер

Ораза ұстағандарға мына нәрселерді жасау – мұстахап, яғни ұнамды, сауапты. Бірақ міндет емес.

1.Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар»[8]. Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Аллаһ сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді»,[9] – дейді. Екінші шапақ атқанға дейін сәресіні кешіктіру де – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта»,[10] – деген.

2.Ауызды ақшам намазынан бұрын ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, ауыз ашуға асығу – мұстахап. Бұған жоғарыда айтылған хадис куә. Сонымен қатар, ауызды құрма немесе сумен ашу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай ашқан.

3.Ауыз ашарда мына дұғаны оқу – сүннет:

{أللهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَبِكَ آمَنْتُ وَعَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَعلى رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ وَصَوْمَ الْغَدِ مِنْ ِرَمَضانَ نَوَيْتُ فاغْفِرْلِي ماقَدَّمْتُ وَمااَخَّرْتُ}

Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә 'аләйкә тәуәккәлту уә 'ала ризқикә әфтарту уә саумәл-ғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту». «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».

4.Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді[11]

5.Таң уақыты кірмей жүніптіктен тазалану. Хайызы немесе нифасы тоқтаған әйел де сәресінің алдында жуыны, тазалануы: Мұндағы мақсат – оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік тұрып, жуынуға да болатынын ескерте кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қатты қадағалау керек. Әйелдің хайыз яки нифас мерзімі түнде аяқталып, оразаға ниет етсе, және де жүніп кісі жуынбай ораза ұстаса, оразасы жарамды.

6. Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаһқа қажет емес[12]. Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды»[13]. Сонымен қатар, Рамазанда «Мен оразамын» деу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін[14].

7. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанда Жебірейіл екеуі бір-біріне кезекпе-кезек Құран оқып, тыңдасатын»[15].

8. Жалпы Рамазан айының ең соңғы он күнінде иғтиқафқа кіру – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғидабат жасайтын[16].

Аузы берік кісіге мәкруһ және мәкруһ емес нәрселер

1.Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау – мәкрүһ. Бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.

2.Аузы берік кісіге сулы мисуакты қолдану – мәкрүһ.

3.Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану – мәкрүһ.

4.Бал немесе май секілді сатып алатын нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру – мәкрүһ.

5.Шайналып тәттісі кеткен ақ сағызды шайнау – мәкрүһ. Ал, жаңасын шайнауға мүлдем болмайды.

6.Аузы берік адам әлсіреп өзін сақтай алмайтындай болса, қан алдыруы – мәкрүһ. Егер көтере алса, мәкрүһ емес. Ең жақсысы, күн батқан соң қан алдыру.

7.Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну – Әбу Юсуп бойынша, мәкрүһ емес. Өйткені, мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.

8.Өзіне сене алмаған аузы берік жанның әйелін сүюі – мәкрүһ. Өзіне сенсе, мәкрүһ емес. Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) зайыбын сүйгені және әзілдегені жайлы айтылады[17].

9.Аузы берік адамның жүніп күйінде таң атыруы немесе күндіз ихтилам болуы оразаға зияны жоқ.

10.Аузы берік жанның гүл не әтір секілділерді иіскеуі, сүрме жағуы, мұртын майлауы – мәкрүһ емес.

0 голосов
ответил 25 Июнь, 15 от ZHARAR

 Оразаны бұзбайтын жағдайлар

1.Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізгенде – Аллаһ».[18] Басқа бір хадисте: «Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес»[19] – делінген. Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.

2.Бір адам таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте, намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз. Аллаһ Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар»[20], – дейді.

3.Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған[21].

4.Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.

5.Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.

6.Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені, мисуак қолдану – сүннет. Тіпті тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып жуу.

7.Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт.

8.Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.

9.Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.

10.Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсе тамаққа кетсе, ораза бұзылмайды.

11.Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді.

12.Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) оразаға кедергі жасамайды. Және оның еріксіз ішке қайта кетуі де.

13.Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан түспеу абзал.

Ораза бұзылғанда қазасы ғана өтелетін жағдайлар

1.Емдік мақсатта дәрі ішсе, ораза бұзылады. Қазасын өтеу керек.

2.Қателесіп, бір нәрсе ішіп-жеу оразаны бұзады. Яғни бір адам ораза екенін біле тұрып, қателесіп бір нәрсе ішіп-жесе, оразасы бұзылады. Мысалы, дәрет алып жатқан кезде байқаусызда тамағына су кетіп қалса, қарды аузына салып, ол да тамағынан өтсе, оразасы бұзылады. Қазасы өтеледі. Егер де ораза екенін ұмытып істесе, ораза бұзылмайды.

3.Тістерінің арасынан шыққан қан түкірікпен бірдей немесе одан көп болып тамақтан өтсе ораза бұзылады. Аз болса, бұзылмайды. Өйткені, көлемі аз қаннан сақтану қиын.

4.Ауыз толы құсық қақырық болса, Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед бойынша, оразаға ешқандай зиян тигізбейді. Жоғарыдағы мәселеге мына хадис дәлел: «Аузы берік адам құсқысы келіп, өзіне ие бола алмаса, оған қазасын өтеу міндетті емес. Өз қалауымен құсатын болса, оразасын қаза етсін»[22].

Әрі қаза, әрі кәффарат қажет еттірген жағдайлар

Бұлар екіге бөлінеді:

1.Ешқандай себепсіз азық немесе азықтың ерекшелігі бар барлық заттарды әдейі біліп жеу. Мысалы: әдейі жеу, ішу, темекі шегу. Бұлардың барлығы ішке кеткен кезде әрі қаза, әрі кәффарат керек. Бірақ азықтар ауызда езіліп, жұтылмайтын болса, дәмі де тамақтан өтпесе, ораза бұзылмайды. Сонымен қатар, біреуді ғайбаттағаны үшін қан алдырғаннан кейін немесе сүйіскеннен кейін ораза бұзылды деп ойлап, әдейі жеу де кәффаратты қажет қылады. Сол секілді аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту кәффаратты қажет еттіреді. Тұз жеу де осындай. Бұл жайлы Хазіреті Әлидің риуаят еткен мына хадисі дәлел: «Ораза кіргеннен ғана бұзылады, шыққаннан емес».

3.Аузы берік жанның зайыбымен жақындасуы. Мұның дәлелі Рамазанның күндізінде әйелімен жақындасқан бір адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) білдіреді. Пайғамбарымыз оған кәффарат үшін бір құл азат ету, оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан үзбей ораза ұстау керектігін яки оған да күші жетпесе алпыс жоқ-жітікті тойдыру қажеттілігін айтады[23]. Екі ай ораза ұстауға шамасы жеткен адам жоқ-жітіктерді тойдыру мүмкіндігін кәффарат жолына пайдалана алмайды.

оставил комментарий 25 Июнь, 15 от ZHARAR
Ораза кәффараты

Кімде-кім Рамазанда әдейі ешқандай себепсіз оразасын бұзса, оған кәффарат ретінде бір құлды немесе күңді азат етуі, егер оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан ораза ұстауы, егер бұған да күші жетпесе, алпыс жоқ-жітікті тамақтандыруы тиіс. Құранда бұл жайлы былай делінеді: «Бастаған ізгі істеріңді бұзбаңдар»[24]. Пайғамбарымыз былай дейді: «Кімде-кім Рамазанда оразасын бұзса, оған зиһар жасаған адамға тиісті (кәффарат) жүктеледі». Бірақ Рамазан оразасынан тыс оразаларға тек қана қаза керек.

Ораза ұстай алмайтындардың жағдайы.

Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру – уәжіп. Бұлар ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн  таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Құранда Аллаһ Тағала «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін»,[25] – дейді. Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: «Аят – кәрі адамдар үшін түскен. Оразаны өтеу – парыз». Дегенмен, кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Аллаһтан кешірім тілейді. «Аллаһ адамға көтере алмайтын жүкті бермейді»[26].

Сол секілді жазылмайтын науқасқа да фидияның уәжіп болғаны жайлы Ислам фақиһтері арасында ауызбірлік бар. Мұндай адамға ораза ұстау парыз емес[27]. Оған мына аят дәлел: «Аллаһ сендерге дінде қиыншылық жасаған емес»[28].

«ИСЛАМ ҒЫЛЫМХАЛЫ»
М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы.

[1] Бақара, 2/185.
[2] Бухари, Иман, 34.
[3] Бақара, 2/185.
[4] Бухари, Саум,5; Муслим, Сиям, 4.
[5] Әнфал, 8/38.
[6] Бухари, Талақ, 11. Әбу Дәәуд, Худуд, 17.
[7] Бақара, 2/184.
[8] Бухари, Саум, 20
[9] Ахмед б. Ханбәл, ІІІ, 44.
[10] Бухари, Саум. 45.
[11] Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажә, Сиям, 48.
[12] Ахмед ибн Ханбәл, VІ, 34.
[13] Ибн Мажә, Сиям, 21.
[14] Бухари, Саум, 2.
[15] Бухари, Бәдул-Уахи, 5.
[16] Муслим, И'тиқад, 8.
[17] Ибну Мажә, Сиям, 19.
[18] Муслим, Сиям, 171.
[19] Ибн Мажә, Сиям, 15.
[20] Маида, 5/6.
[21] Бухари, Тыбб, 11.
[22] Әбу Дәәуд, Саум, 33; Тирмизи, Саум, 24.
[23] әш-Шәукани, IV, 214.
[24] Мұхаммед, 47/33.
[25] Бақара, 2/184.
[26] Бақара, 2/186.3
[27] Қосымша мына сілтемеге кіріңіз: http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/oraza/oraza-jaiynda-jii-qoiylatyn-suraqtar-147/
[28] Хаж, 22/78.
0 голосов
ответил 26 Июнь, 15 от mergen

Рамазан айында кімдерге ораза ұстамауға рұқсат етіледі

1. Науқас (ауру) адам.

Аллаһ Тағала былай деді: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын» (әл-Бақара 2: 185).

Науқас адамға ораза ұстау қиын болса немесе ораза оның ауруынан тез жазылып кетуіне кедергі болса, ол оразасын тоқтатады. «Ораза ұстауды қалдыру үшін  аурудың ауырлығы қандай болуы керек?» деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі болған. Кейбір ғалымдар: «Ауру атауының барлығы оразаны қалдыруға рұқсат етеді», – деген. Осы орайда олар Аллаһ Тағаланың сөздеріне сүйенген, ал Ол аурудың ауырлығын нақтыламады әрі: «Ал біреу науқас…..болса», – деді. Алайда егер ауру қиындықтар туғызбаса әрі, мысалы, кішігірім тұмау, аллергия сияқты адамды әлсіретпесе, онда ол ораза ұстауы әрі оны тастамауға тиісті. Қз.: “Сахих фиқһу-Сунна” 2/119.

Имам әл-Қуртуби былай деген: “Ауру адамның екі жағдайы болады: біріншісі – ол ораза ұстауға шамасы келмейтін жағдай. Мұндай кезде ауызды ашып жіберу оған міндетті болады. Екінші жағдай – науқас адам қиналып және өзіне зиян тигізіп болса да ораза ұстай алады. Мұндай жағдайда ол үшін  ауызды ашу өте құпталады, әрі наданнан басқа ешкім мұндай жағдайда ораза ұстамайды!” Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 2/276.

Имам Ибн Қудама былай деген: “Егер науқас адам ауруына қарамастан ораза ұстайтын болса, ол айыпты нәрсе істеген болады, өйткені ол өзіне зиян тигізеді және Аллаһтың берген жеңілдігін тастап қояды”. Қз.: “әл-Муғни” 4/404.

Ал егер ауыр науқаспен ауырған адам өзінің ауруына қарамай ораза ұстаса, оның оразасы жарамды болады, бұл туралы барлық ғалымдар бірауызды келісімде болған.
Ибн ‘Умардан Пайғамбардың  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі:«Ақиқатында, Аллаһ Тағала Өзінің тыйымдарының бұзылуын жек көретініндей, тура сол сияқты Өзінің түсірген жеңілдіктерінің қабылданғанын да жақсы көреді». Ахмад 2/108, Ибн Хиббан 2742, әл-Қада’и 1078. Хафиз әл-Мунзири, хафиз әл-Хайсами және шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған. Қз.: “Мәжма’у-з-зауаид” 3/165, “Сахих әт-тарғиб” № 1059.

2. Сапарда жүрген адам (мусафир)

Аллаһ Тағала былай деген: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын (әл-Бақара 2: 185).

Сапардағы адамға үмметтің бірауызды келісілген пікіріне (әл-ижма`) сәйкес аузын ашуға рұқсат етіледі, әрі бұл оның ағзасының жағдайына немесе сапардың қиын, не жеңіл болуына байланысты емес. Яғни тіпті оның жолы жеңіл  және қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етілген. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 25/210.

Сапарға шыққан адам ораза ұстаса да, ұстамаса да болады. Бұған Әнастың: “Біз Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жиі сапарда болатынбыз, әрі ораза ұстаушы адам ораза ұстамаған адамды, ал ораза ұстамаған адам ораза ұстаған адамды сөкпейтін”, - деген сөздері нұсқайды. Әл-Бухари 1947.

Жолаушы үшін ораза ұстау жақсырақ па, әлде ауызды ашқан ба?

Ғалымдар сапарда нені істеген абзалырақ болатындығы жөнінде түрлі пікірлер білдірген. Бұл мәселе бойынша ең жақсы пікір «сапардағы адам өзі үшін не жеңілдеу болса, соны таңдауы керек», – деп айтқан ғалымдардың пікірі болып табылады. Бұл ғалымдар: «Егер жолаушы үшін ораза ұстаған оны кейін өтеуден жеңілдеу болса, онда оған ораза ұстау жақсырақ болады, ал егер оған жолда ораза ұстау қиынға соқса, онда ол оразасын тоқтатқаны жақсырақ болады», – деген. Осы орайда бұл ғалымдар Аллаһ Тағаланың «Аллаһ сендерге жеңілдікті қалайды әрі Ол сендер үшін ауыртпалықтарды қаламайды» (әл-Бақара 2: 185) деген сөздеріне  сүйенеді.

Хамда ибн ‘Амра бірде Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сапарда ораза ұстау туралы сұрады, әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Осыдан өзіңе не жеңілдеу болса, соны істе! Қаласаң – ауызыңды аш, қаласаң – ораза ұста!», – деп жауап берді.  Тамам “әл-Фәуаидте” 1/161. Сенімділігін шейх әл-Әлбани растаған. Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 6/889.

Сапарға шығушы үйінен шыққанға дейін оразасын аша алады ма?

Ғалымдардың басым бөлігі сапарға шығушы адам өз тұрғылықты мекенінің елді аудандарын өтіп кетпейінше ауызын ашпауы керек деп есептейді. Яғни қала маңын өткен бойдан ауызын аша берсе болады. Алайда Сүннетке негізделетін күшті пікір  бұл «сапарға шығушы адам жолға шығудан бұрын аузын аша алады» деген пікір болып табылады.  Мухаммад ибн Ка’б былай деп баяндайтын: “Бірде мен Әнас ибн Мәликке рамазан кезінде ол сапарға жиналып жатқан тұста келдім.  Ол мініс көлігін дайындады, киімін киді және тамақ алып келуді бұйырды.  Ол тамақ жеп болған соң, мен одан: «Бұл (жолға шығудан бұрын тамақ жеу) – Сүннет пе?», – деп сұрадым. Ол: «Сүннет!», – деді де, кейін көлігіне мініп алды”. Әт-Тирмизи 799, әл-Бәйһақи 4/247, әд-Дарақутни 2/187.

Кейбір ғалымдар бұл хадисті әлсіз деген әрі сол себепті оған сүйенбеген. Алайда бұл хадис сахих болып табылады. Оның сенімділігін әт-Тирмизи, Ибн әл-‘Араби, хафиз әд-Дыя әл-Мақдиси, шейх Ибн әл-Қайим, Абул-Махасин, шейх әл-Әлбани сынды имамдар растаған. Бұл хадиске сондай-ақ имам Ахмад және Исхақ ибн Рахауайх та сүйенген. Бұл хадистің сенімділігі туралы толығырақ «Тасхиһу хадис ифтару-с-саим қаблә сафариһи ба’дәл-фажр уа раду ‘алә манн да’афаһу» еңбегінен қараңыз.
Бұл хадис сондай-ақ ‘Убайд ибн Жубайрдан жеткен, ол онда өзінің Абу Басыр әл-Ғифаримен бірге рамазан айында кемеге отырып кетуге жиналғанын және Абу Басыр тамаққа жақындап: «Же!», - деп айтқанын баяндаған хадиспен нығайтылады. Бұған Убайда: “Біз әлі үйде емеспіз бе?!”, – деп сұрады. Сонда Абу Басыр: “Сен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінен бас тартып жатсың ба?!”, – деп жауап берді. Ахмад, Абу Дауд, әд-Дарими. Дерек сахих. Қз.: “Ируа әл-ғалил” 928.

Имам әш-Шәукани былай деген: “Осы екі хадисте сапарға шығушы адам жолға шығудан бұрын ауызын аша алатынына дәлел бар”. Қз.: “Нәйлюл-аутар” 4/311.
Бұл сондай-ақ сахабалардың іс-әрекеттерімен де расталады, ал олардың арасында Умар, Ибн Умар, Абу Муса және: «Егер қаласаң – жолға шығудан бұрын тамақтан, ал қаламасаң – онда ораза ұстай бер», – деп айтқан Ибн Аббас та бар. Ибн Абу Шәйба 1/152. Иснады сенімді.

Са’ид ибн әл-Мусайиб пен Хасан әл-Басриден де  олар сапарға шығушы адамдарға өз үйлерінен тамақ жеп шығуға рұқсат еткендігі туралы хабарланады. Ибн Абу Шайба 2/151, әл-Бәйһақи 4/247. Иснады сахих.

Алайда адам сапарға шығудан бұрын ауызын ашып алып, кейін сапарға шықпай қалмауы үшін абай болуы керек!

 

оставил комментарий 26 Июнь, 15 от mergen
3. Қарт адам

Ибн ‘Аббас (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: “Ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт ер мен әйелеге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ жіберілген әрбір күні үшін бір кедейден тамақтандыру бұйырылды”. Әл-Бухари 7/179, әд-Дарақутни 2/205.

Бұл сондай-ақ жазылып кетуге үміттенбейтін науқастарға да қатысты. Имам Ибн Қудама былай деген: “Жазылып кетуге үміті жоқ науқас ораза ұстамайды және әрбір (ораза ұстамаған) күні үшін бір кедейді тамақтандырады, әрі осыда ол қарт адамға тең етіледі”. Қз.: “әл-Муғни” 4/396.

Кедейді немен тамақтандыру керек?

Ибн Аббас: “Кәрі адам ораза ұстай алмаса, ол әрбір күні үшін бір кедейді бір мудд[1] тамақпен тамақтандырады”, – басқа риуатта, - “Жарты са`[2] бидаймен”, – деп айтқан. Әд-Дарақутни 1/249, имам әд-Дарақутни және әл-Әлбани сенімділігін растаған. Қз.: “Ируа әл-ғалиль” 4/18.

“Әнас қартайған және ораза ұстауға шамасы келмейтін шағында сарид дайындап, отыз кедейді шақырып, олардың барлығын тамақтандырған», – деп хабарланады. Әд-Дарақутни 2/207. Иснады сахих.

Тамақтың орнына ақша беруге болмайды!

Шейх Салих әл-Фаузан былай деген: “Кедейді осы мекенде тұтынатын тамақтың жарты са` мөлшерімен тамақтандыру қажет, ал жарты са` – бұл орташа есеппен бір жарым килограмм.  Кедейді дәл тамақпен тамақтандыру керек, әрі оған ақшалай бермеу керек, өйткені Аллаһ Тағала былай деген: «Ал кім қиындықпен ораза ұстауға шамасы келсе, өтемақысына кедейді тамақтандыруы қажет» (әл-Бақара 2: 184). Әрі Кұранның мәтіні дәл тамақтың өзіне нұсқайды”. Қз.: “әл-Фатауа әл-Фаузан” 3/140.

4. Жүкті әйел

5. Емізулі әйел

Әнастан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ сапардағыларды оразаның аурпалығынан және намаздың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразаның ауырпалығынан босатты». Әт-Тирмизи 715, Абу Дауд 2408, ән-Нәсаи 2277. Имам Абу Иса әт-Тирмизи хадисті хасан деді, ал шейх әл-Әлбани оны сахих деп атады.

Жүкті және емізулі әйелдер өзі немесе баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Алайда егер олар ораза ұстай алса, онда оларға оразаны қалдыруға тыйым салынады, өйткені Аллаһ Тағала: «… ал сендер үшін ораза ұстау жақсырақ, сендер білсеңдер еді!» (әл-Бақара 2: 183).

Имам Ибн ‘Ақиль былай деген: “Егер жүкті және емізулі әйелдер жатырындағы нәресте және баласы үшін қауіптенсе, онда олар ораза ұстамаулары керек, ал егер олар қауіптенбесе, онда оларға ораза ұстамауға тыйым салынады!” Қз.: “әл-Инсаф” 7/382.
оставил комментарий 26 Июнь, 15 от mergen
6. Ақылдан азған адам

7. Жас бала

‘Аишадан, ‘Алиден, Саубаннан және басқа да сахабалардан (Аллаһ оларға разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «(Жаман істерді жазатын періштенің) қаламы үшеуден көтерілген (жазбайды): баладан, ол кәмелетке толғанша; ұйқыдағы адамнан, ол ұйқысынан оянғанша; және ақылдан азғаннан, ол ақыл-есін жинағанша». Ахмад 1/104, Абу Дауд 4398 және 4402, ән-Нәсаи 3432, Ибн Мәжаһ 2041, әд-Дарими 2296, Ибн әл-Жәруд, әл-Бәйһақи 6/57, әл-Бәззар 1540. Бұл хадистің сахихтығын Ахмад, әл-Бухари, Ибн Хузайма, Ибн әл-Жәруд, Ибн Хиббан, Ибн әл-Мунзир, әл-Хаким, әз-Зәһаби, Ибн Хазм, Абу Бакр ибн әл-Араби, Ибн Тәймийя, Ахмад Шакир, әл-Әлбани сынды имамдар растаған.

Шейх Ибн ‘Усаймин былай деген: “Ақылдан азған адамдар өздерінің іс-әрекеттері үшін жауапкершілік тартпайды, бірақ егер адам белгілі бір уақыттарда ақылдан азса, ал басқа уақыттарда ақыл-есі дұрыс болса, онда ол ақыл-есі  сау кезде ораза ұстауы керек, әрі ақылдан азған кезде ол бұдан босатылады. Егер ол ораза кезінде ақылын жоғалтатын болса, бұл оның оразасын бұзбайды, бұл біреудің ауруға немесе басқа бір себептерге байланысты ақыл-есін жоғалтатыны сияқты, өйткені ол ақыл-есі сау кезінде ораза ұстау ниетіне ие болатын”. Қз.: “Мәжалису шаһри рамадан” 28. Тура осы қояншық ауыруымен ауыратын адамдарға (эпилептиктерге) де қатысты.

8. Денсаулығы үшін қауіптенетін адам

Егер адамды қатты шөл немесе қатты аштық қысса әрі ол өліп қалатынынан немесе денсаулығымен бір салмақты нәрсе орын алуынан қауіптенсе, онда ол оразасын тоқтатып, оны кейінірек өтесе болады, өйткені өз өміріңді сақтау  – парыз. Қз.: “Әл-Мухаллә” 6/228, “Қауанинуль-фиқһия” 82.

Аллаһ Тағала былай деген: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер, Аллаһ сендерге мейірімді ғой» (ән-Ниса 4: 29).

Бірақ шыдауға болатын мазасыздықтан, немесе шаршау сезінгендіктен, немесе ауруды қиялдаудан оразаны тоқтатуға бомайды. Денені шаршататын жұмыстарда істейтін адамдарға оразасын тоқтатуға рұқсат етілмейді әрі олар түнде келесі күні де ораза ұстауға ниет етулері керек. Егер олар жұмысын тоқтата алмаса әрі өндіріс үстінде олармен орын алуы мүмкін болған қандай да бір зақымданудан қауіптенсе, немесе оларды оразаны тоқтатуға мәжбүрлейтін қандай да бір ерекше қиындықтарға тап болса, онда олар оразасын тоқтатып, оны кейіннен толықтыра алады.

Көп дене күшін талап ететін пештерде және металл ерітуде жұмыс істейтін адамдар түнде жұмыс істеу үшін жұмыс кестесін өзгертуге немесе рамазан айында демалыс алуға тырысуы қажет. Әрбір мұсылман өзінің діни және дүниелік міндеттерін бірге алып жүре алатындай жұмыс іздеуге тиіс, ал Аллаһ Тағала былай деген: «Кім Аллаһтан қорықса, Ол оған бір шығар жол пайда қылады және ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаһқа тәуекел етсе, сонда Ол оған жетіп асады» (әт-Тәлақ 65: 2-3). Қз.: “Фатауа әл-Ләжна әд-даима” 10/233.
оставил комментарий 26 Июнь, 15 от mergen
9. Аллаһтың жолында шайқасушы мужаһид, егер ораза оны әлсіретсе және оған шайқасуға кедергі жасаса

Дұшпандармен шайқасып жатқандарға  немесе олардың қоршауындағыларға, егер ораза оларды шайқаса алмайтындай етіп әлсіретсе, өз оразаларын үзуге рұқсат етіледі, тіпті олар сапарда болмаса да. Егер оларға шайқасуға дейін оразаны бұзу қажет болса, олар мұны істей алады. Бұған Абу Са’идтан жеткен, онда Меккеге жорық кезінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің сахабаларына: «Таңертең сендер дұшпандарыңмен кездесулеріңе тура келеді, ал оразаны тоқтату сендерді күштірек етеді, сондықтан да ораза ұстамаңдар», – деп айтқан хадис дәлел болады. Муслим 1120.

Бұл хадистен Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаны тоқтатудың себептері ретінде сапарда немесе жорықта болуды емес, дұшпандармен соғысу үшін күшті сақтап қалуды атағаны айқын болады.  Бұл туралы хафиз әл-Мунзири, әл-Мунауи, Шамсуль-Хақ ‘Азым Абади және басқалар айтқан.
Жиһадта қатысу үшін, агрессияны тойтару және мұсылман жерлерін  қорғау үшін  күш-қуатты сақтап қалу оразаны үзу үшін орынды себеп болады, әрі бұл туралы Ахмад, Ибн Тәймийя, Ибн әл-Қайим, Ибн Муфлих сынды имамдар т.б. айтқан. Қз.: «әл-Фуру’» 3/28.

10. Етеккірі келген әйел

11. Босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйел

Етеккірі келген немесе босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйелдер, жоғарыда аталған санаттағы адамдардан ерекше, жай ораза ұстамаса да болады емес, оларға мұндай жағдайда ораза ұстауға тыйым салынады, бұл туралы ғалымдар бірауызды келісімде болған.   Қз.: «әл-Мәжму’» 6/259.

«Етеккірі келген әйелдер ораза ұстамаулары» керек дегенге әйелдердің «Дініміздің кемшілігі неде?» деп қойған сұрағына Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):  «Етеккірі басталған әйел намаз оқуын және ораза ұстауын доғармайды ма?», - деп жауап бергені туралы айтылатын хадис дәлел болады.  Әл-Бухари 304, Муслим 2/132.

Сондай-ақ «Босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйел де ораза ұстамайды» дегенге Умм Сәләмадан жеткен, онда ол: «Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде босанғаннан кейінгі қаны келген әйелдер қырық күнге дейін намаздан тыйылатын”, – деген хадис дәлел болады. Ахмад 6/203, Абу Дауд 1/311, әл-Бағауи 2/136, хадис хасан.

Әрине, егер оларға намаз оқуға тыйым салынған болса, онда ораза ұстауға да тыйым салынған еді. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары мен олардың ізбасарлары (табиғиндер) «Әйелдер босанғаннан кейін қырық күн бойы намаз оқымаулары және ораза ұстамаулары керек, тек егер олар (босанғаннан кейін келетін қаннан) ертерек тазармаса» дегенге бірауызды келісімде болған. Қз.: “Нәйлюль-әутар” 1/274.

Егер жүкті әйел ұрығының басы немесе қолы сияқты дене мүшелері қалыптасу кезінде түсік тастаса, онда бұл жағдай босанғаннан кейінгі қан келу ретінде қарастырылады да, мұндай әйел ораза ұстамайды.  Егер түсік тастау жүктіліктің ертерек кезеңінде (сексен күнге дейін) орын алса, онда әйел кісі истихада (яғни ауруға байланысты қан келу) жағдайында болып саналады да, ол оразасын қалдырмай ұстайды. Қз.: “Фатауа әл-Ләжна әд-даима” 10/224.

Жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын адамдардың барлығы ораза ұстаулары парыз!

Орынды себеппен ораза ұстамайтын адам елге көрсетіп ішіп-жей алады ма?

Имам әл-Мәрдауи былай деп жазған: “Қады: «Рамазанның жарық кезінде ашық (елге көрсетіп) тамақтану айыпталады, тіпті бұған себеп болса да», – деп айтты. «Әл-Фуру’та»: «Ашық түрде тамақтану қалай болған жағдайдай да тыйым салынған», – деп айтылған. Ибн ‘Ақилге «Сапардағы, (немесе) ауру адамға, немесе етеккірі келіп жатқан әйелге олар ашық (елге көрсеткен түрде) тамақтануға тыйым салуға болады ма?» деген сұрақ қойылғанда, ол: «Егер ораза ұстамаудың себебі ізі байқалмайтын ауру, немесе сапарда екендігі белгісіз болған сапар сияқты жасырын болса, онда ашық түрде тамақтануға тыйым салу керек!», – деп жауап берген”   Қз.: “әл-Инсаф” 7/348.

Рамазан айында себепсіз ораза ұстамайтын адамды күндіз тамақтандыруға болады ма?

Ғалымдар ораза ұстауға міндетті және ораза ұстамау үшін шариғи себепке ие емес адамдарды күндіз тамақтандыруға тыйым салған. Аллаһ Тағала былай деген: «Бір-біріңе ізгілік пен тақуалықта көмектесіңдер де, күнә мен дұшпандықта бір-біріңе көмектеспеңдер» (әл-Мәида 5: 2).

Имам әр-Рамли ғалымдар (рамазанның күндізінде тіпті) кәпірге тамақ сатуға, егер адам кәпірдің  сол тамақты рамазанның күндізінде жейтінін білсе немесе жорамалдаса, тыйым салынғандығын жеткізген, әрі  әр-Рамли былай дейтін: «Бұл тыйымның себебі осы іс-әрекеттің күнә жасауға болысу болып табылатынында және ең дұрыс пікір бойынша шариғи міндеттемелер кәпірлерге де қатысты». Қз.: “Нихаятуль-мухтаж” 5/274, “Маусу’атуль-фиқһия” 9/212.

Сөйтіп, адам күнәға болысушы болмау үшін,  рамазан айының жарық кезінде ораза ұстауға міндетті адамдарды тамақтандыруына болмайды. Бұған аурулар, сапардағы адамдар және ораза ұстау парызы мойындарынан түскен адамдар жатпайды. Бұл мәселедегі жалпы үкім осындай.

Алайда бұл мәселеде даналық таныту және (шариғи) пайда мен зиянды ескеру қажет. Мысалы, егер білместікпен және надандығымен ораза ұстамайтын әке ораза ұстайтын қызына өзіне тамақ дайындап беруді бұйырса, ал ол осыдан бас тартса, бұл ол үшін бұдан да сорақы жамандыққа алып келуі, мысалы, әкесі оған орамал тағуына және намаз оқуына тыйым салуы және оған игі нәрселер істеуге богет жасауы мүмкін т.с.с. Сондықтан да пайда мен зиян мәселелерін ескеру қажет, әрі әрбір жағдайға жекеше тәсіл қолдану қажет!

Қандай да бір себеппен ораза ұстамаған адам, сол себеп жойылған жағдайда күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға тиісті ме?

Егер ауру адам жазылып кетсе немесе сапардағы адам үйіне оралса, немесе етеккірі яки босанғаннан кейінгі қаны келген әйел қанынан тазарса, әрі осының барлығы күндізгі уақытта орын алған болса, олар күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға тиісті ме, әлде жоқ па?  Бұл мәселе бойынша ғалымдардың арасында келіспеушіліктер бар. Ғалымдардың бір тобы: «Олар ораза ұстауға міндетті, өйткені оларға ораза ұстамауға рұқсат беретін себеп күшін жойды», – деп санаған. Ал басқа ғалымдар: «Олар күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға міндетті емес, өйткені мұндай ораза олар үшін бәрібір (күн ретінде) есептелмейді», – деген.

Шейх Ибн Усаймин былай деп айтатын: “Егер сапардағы адам өз қаласына күндіз күні ораза ұстамаған күйінде оралса, немесе әйел кісінің күндіз етеккірі тыйылса, онда олар күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға міндетті емес. Олар ішіп-жей беруіне болады, өйткені олардың тыйылуы ешқандай рөл ойнамайды, себебі олар бәрібір осы күнді қайта толықтыруға тиісті, әрі ол олар үшін саналмайды. Әрі осы пікір дұрыс болып табылады. Бұл имам Мәлик пен әш-Шәфи`идің және имам Ахмадтың пікірлерінің бірі.  Ал Ибн Мас’удтан: «Кім күннің бірінші бөлігінде тамақ жеген болса, қалған бөлігінде де тамақтана берсін», – деп айтқаны жеткізіледі. Әл-Бәйһақи”. Қз.: “Фатауа Ибн Усаймин” 19-том, № 58, 59 сұрақтар.

Сөйтіп, күннің қалған бөлігінде ораза ұстаудың міндетті екендігіне ешқандай дәлел жоқ, өйткені аталған адамдардың ораза ұстамауларына шариғи себептер бар. Аллаһ Тағала Өз дінін кемелдікке жеткізіп, толық етіп аяқтағаны белгілі, әрі Ол орынды себеппен ораза ұстамаған адамды күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға міндеттегені белгілі емес.

Имам ән-Нәуауи былай деген: “Егер сапардағы адам күн ортасында ораза ұстамаған күйінде үйіне оралса әрі әйелін (сол күні) күндіз етекірінен тазарған немесе ауруынан жазылған күйінде тапса, онда ол онымен жыныстық қатынасқа түсуіне болады әрі оларға, біздің пікірімізге сәйкес, (осы үшін) өтем жасау жүктелмейді!” Қз.: «әл-Мәжму’» 6/174.

 

[1] Бір мудд – орташа адамның қос алақанына сиятын көлем (қз.: “Маусу’атуль-фиқһия” 3/163).

[2] Бір са` төрт муддқа тең (қз.: “Маусу’атуль-фиқһия” 3/163).

 

Дайындаған www.ToIslam.kz сайтының редакциясы;

Орыс тілінен қазақ тіліне аударған www.uraza.kz сайтының редакциясы;

Аударма мәтінін редакциялаған www.abuhanifa.kz сайтының редакциясы.

900 вопросов

1,109 ответов

288 комментариев

28,051 пользователей

...