Төле би батасы

Төле би батасы

Жастарға

– Көздеп арман асқарын,
Талпын алға, жастарым.
Қонар жерлерің ой болмасын, дөң болсын,
Етек-жеңдерің кең болсын,
Түндей түнерген жандарға,
Айтқан сөздерің ем болсын.
Ұрпақтарың көбейіп,
Елге қосылған ел болсын.
Мақсаттарыңа жеткенше
Маңдай терлерің сел болсын.
Ия, аруақ, қолдай гөр,
Ия, Құдай бере гөр.
Берсең, жаздай бер,
Жаздай берсең, жазбай бер.
Берсең, күздей бер,
Күздей берсең, үзбей бер.
Берсең, қыстай бер,
Қыстай берсең, қыспай бер.
Берсең, көктемдей бер,
Көктемдей берсең, көптен бер.
Жастарым, көктеңдер.
Кәрілердің көңілін тауып, ептеңдер.
Әумин

Қойгелді батырға

Жүрген жерің жаз болсын,
Айдыныңа қаз қонсын.
Ұйқың-күлкің аз болсын,
Мерейің мақтанып,
Елің-жұртың мәз болсын.
Жая бергей жапырақ,
Атсын таның жарқырап.
Әумин!

Атақты Аңырақай шайқасында қазақ қолының жауды тас — талқан етіп жеңуінде Қойкелді батырдың ерлігі өлшеусіз болган. Жау қашып, сұлтандар, қолбасы-батырлар, билер, жауынгерлер жиналғанда Төле бидің толғанып, Қойгелді батырға ерекше тоқталған жері:

Аталы ұлдың сөзі баян-ды,
Атасыз ұлдың сөзі шаян-ды.
Аталы ұл Қойгелдім,
Ел үшін неден аянды?!
Желкесін үзді сұм жаудың,
Дегенде қатер таянды.
Олжа әперген еріңе
Саялат, елім, саяңды!..
Қойгелдім, жай қолыңды,
Алла оңғарсын жолыңды.
Қылышпен жол caп ағыздың,
Маңдайды басқан сорымды,
Ата жолын қуған ұл
Алашқа әмсе пана бол!
Ұлдарына аға бол!
Қыздарына жаға бол!
Қойгелдім, әмсе қыран бол,
Ел-жұртыңа ұран бол! — деген екен.

Қазыбек биге

Атасызға ата бол!
Батасызға бата бол!
Арып-ашқан қаріптің,
Жел жағына жота бол!
Панасызға пана бол!
Кек сақтамас бала бол!
Дос сүйініп, қас сыйлар,
Асу бермес дана бол!
Төле би бата беріп жаяды қолын,
Қалидай нүрлы болсын оң мен солың,
Рүстем дастанындай мәшһүр болып,
Қарағым, қайда барсаң, жолың болсын!

Тоғыз жасар Жетес балаға

Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса, өзен бойын жағала.
Басына іс түссе көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол.
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
Әумин


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?