Қазақша өлең: Ақан Сері Қорамсаұлы‎ (Ұзатылайын деп жатқан қызға)

Қазақша өлең: Ақан Сері Қорамсаұлы‎ (Ұзатылайын деп жатқан қызға)


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
​Аяқтан өткен суықты ыстық картоп емдейді

Ешнәрсе ойламайды қыз жасында,
Атаның бұлғақтайды ортасында.
Қадірі ата - анаға ұлдан артық,
Бөтеннін тең көрмейді мырзасына.
Әлпештеп өсіреді ата - анасы,
Кей қыздың ұлдан артық дәрежесі.
Сүюге ұл мен қыздың бәрі бірдей,
Туған соң бөтен емес өз баласы.
Күйеуге берер қызды малын алып,
Бұрыннан келе жатқан ескі қалып.
Мезгілі алатұғын болғаннан соң,
Қожақтап күйеу келер күнде салып.
Ойлайды ата - анасы берейін деп,
Қызығын шырағымның көрейін деп.
Ойында ешнәрсе жоқ жүрген байғұс,
Көрісіп көргенмен жылайды кеп.
Қыздың көп уайымы мен әңгімесі,
Өзінің сол уақытта қалмайды есі.
Ата - ана, ағайын мен құрбы құрдас,
Артында қалып барад аға - інісі.
Сыланар тоты құстай қыз оң жақта
Лайық не қылса да ол уақытта.
Көрсе де қанша қызық өз елінде,
Кеткен соң әркім - ақ би ол бейбаққа.
Қуанар келініне түскен жері,
Ұзатты қадірменен туған елі.
Келіншек бүгін, ертең келеді деп,
Қатынның желігеді көңілдері.
Қыз аты қойылады ол жерде - ақ,
Қазақта болған әдет ежелден - ақ,
Ажарын келіншектің көремін деп,
Мазасын кетіреді әркімдер - ақ.
Ойбай - ау, бізге салем етпейді деп,
Желігіп көңілдері жаманырақ.
Бір жақтан бала - шаға, келіншек деп,
Күн қайда айтатұғын «әрі кет» деп.
Екенін жақсы, жаман қайдан білсін,
Ол байғұс ұялады бүгежектеп.

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Альберт Эйнштейннен өмірлік 31 сабақ



00


Комментарии для сайта Cackle