Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Өнер дерті)

Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Өнер дерті)


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Комплекссіз өмір сүрудің 8 ережесі

"Не жетпейді саған?" ~ деп,
"Неге көңілің алаң?" - деп,
таңданады басқалар.
"Атағың бар, ақша бар,
жаныңды ұғар жас та бар,
аялаған халқың бар
азды-көпті даңқың бар..." -
дегендерін талайды
естіп, қайғы жамаймын,
жаным ашып қараймын.
Елін сүймегендерден,
жерін сүймегендерден,
өзін туған халқының
жанын ұқпағандардан,
қанын ұқпағандардан
әндей терең мұңымды,
сүтін емген тілімді
сезіп білмегендерден
жаным жылап, сенделгем.
Көтергенмен мені өрге,
ойларыма ерем де,
жүре алмаймын желпіне,
жібермейді еркіме,
дауа жоқ бұл дертіме.


Алтын сарай үйім бар,
жұрт қызығар күйім бар.
Бала деген - бір мұра,
шеттерінен сұңғыла,
талғамы Айдан жоғары,
өкіндірген жоқ әлі.
Кейбіреуге үй қайғы,
кейбіреуге сый қайғы,
соның бәрі бар менде,
кәрі мен жас сыйлайды,
абырой ма - ол кәміл
бір түйеге сыймайды.
Тақыршақты шөлдегі
көк тіреген өңмені,
рас, шынардаймын мен,
қарыным тоқ, қайғым кем,
алшаңдаудың орнына,
ұқсап бейбақ сорлыға
өз-өзімнен жүнжимін,
таңдайыма құм құйдым.
Ертеңдерді, жерді ойлап,
адамды ойлап, елді ойлап,
жер күрсінсе, көз ілмей,
жаны ауырған өзімдей,
күнмен бірге күлмесем,
мен осылай жүрмес ем,
өнер дертін білмесем!

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Қазақтың балаға ат қою рәсімі



00


Комментарии для сайта Cackle